Халық театрларының фестивальі өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ғұлама, ойшыл, ақын ағартушы, аудармашы, ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, Ұлы тұлғамызды сахна арқылы халыққа мақтанышпен жеткізу, ұлттық құндылықтарымызды паш ету, «Халықтық» (үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының шеберлігі шыңдалып, көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау мақсатында 2020 жылдың 21-29 қыркүйек аралығында «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының облыстық фестивалі өтті.

Аталған шараға 12 (он екі) халық театры қатысты. Олар: «Дарын» халық театры (Жамбыл ауданы), «Меркі» халық театры (Меркі ауданы), «Б.Битанов» атындағы халық театры (Т.Рысқұлов ауданы), «Қордай» халық театры (Қордай ауданы), «Шу», «Шу қаған» халық театрлары (Шу ауданы), «Мойынқұм» халық театры (Мойынқұм ауданы), «Мыңбұлақ» халық театры (Жуалы ауданы), «Талас» халық театры (Талас ауданы), «Сарысу» халық театры (Сарысу ауданы), «Шахан» халық театры (Байзақ ауданы), «Дулати жастары» халық театры (Тараз қаласы).

«Format E» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ауесбаев Ерлан – қазылар алқасының төрағасы, Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Садырбаев Гани – қазылар алқасының мүшесі, Облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі – Абдуллаев Нурали фестивальге қатысушы өнерпаздардың қойылымын бағалау, сараптау үшін қазылар алқасы құрамына бекітілді. Фестиваль барысында «Шу» халық театры (Шу ауданы) мәдениет үйі фойесінде «Абай ауылы» жанды көрмесін ұйымдастырды. «Шу қаған» халық театры (Шу қаласы) мәдениет үйінің фойесінде спектакль тақырыбына сай жасақталған фотокөрме ұсынды.

Халық театрлары ұжымы аталған фестивальге шығармашылық тұрғыдан дайындық жұмыстары жүргізгені байқалады. Халық арасынан өнерпаздар тауып, оларды сахнаға бейімдеулері көңіл қуантарлықтай. Бірақ, кемшіліксіз дүние болмайтыны белгілі. Атап айтқанда, спектакльге роль орындаушылар концерттік костюмдерді пайдаланған. Бұл театр қағидасына қайшы. Сахнада кейіпкердің мінезін айқындауға, актердың образын ашуға гриммнің де рөлі маңызды. Бұл ретте де көркемөнерпаздар ұжымы ақсап тұр.

Өңірдің мәдениет саласының дамуына жанашырлық танытып, көркемөнерпаздардың шығармашылығына қолдау көрсетіп жүрген атқа мінер азаматтардың бар екендігін айта кеткен жөн. Спектакль барысында ұжым үшін жанкүйер болып отырған басшылардың барлығы көңіл қуантады. Бірақ, «Дулати жастары» студенттік халық театрының қойылымына қалалық мәдениет үйінің ешбір маманы қатыспағаны түсініксіз болды. Театрдың  моральді тұрғыдан да қолдау көрмегені байқалып тұрды. Оған қарамастан студенттік театр жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Дегенмен, фестиваль мәресіне жетіп, алға қойған мақсат орындалды. Нәтижесінде фестивальдің қазылар алқасы құрамы үш халық театрын халық театрларының республикалық фестивалінде облыстың намысын қорғауға лайықты деп шешім қабылдады. Олардың екеуі фестивальде өнер көрсетсе, қалған біреуі фестивальден тыс қатысады. Ал, фестивальге жолдама алмаған халық театрларының өнерпаздары халық театрларының республикалық фестивалінің салтанатты ашылуы мен жабылуында өнер көрсетеді деп ұйғарылды.

Аталмыш фестивальге бастан-аяқ тұрақты түрде қазылық еткен «Format E» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Ауесбаев жалпы фестивальдің жақсы деңгейде өткендігін айтады. Өзге өңірлерде де түрлі мастер класстарм мен семинарлар өткізіп жүрген Ерлан Сатыбалдыұлы «Халық театрлары халыққа рухани тәрбие беретін бірден-бір ұжым. Қаладан шалғайда жатқан аудандық мәдеиет үйлерінің жанынан құрылған халық театрлары осындай фестиальдер арқылы бір-бірімен тәжірибе алмасып, репертуарлары жаңа қойылыммен толығады. Бұл театр сүйер ауыл тұрғындары үшін де қажетті мәдени демалыстың бір түрі. Сондықтан алдағы уақытта да осындай игі іс-шаралар жалғасын табады деп сенемін. Әр театрдың деңгейі әр-түрлі. Олардың жұмыстарын әділ бағалап, мейлінше дұрыс шешім шығардық деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға рақмет» дейді .

Ал, күні кеше ғана Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында  мәдениет қызметкерлерінің жиыны өтті.

 Басқосуда «Театр – өмір айнасы» халық театрларының облыстық фестивалінің қортындысы салтанатты түрде жарияланды. 12 халық театры қатысқан шара нәтидесінде, қазылар алқасының шешімімен халық театрларының республикалық фестиваліне «Дулати жастары» студенттік халық театры (Тараз қаласы) фестивальден тыс қатысатын болды. Ал «Мыңбұлақ» халық театры (Жуалы ауданы) мен «Сарысу» халық театры (Сарысу ауданы) Республикалық фестивальге қатысуға  жолдама алды.

 Аталмыш халық театрларының республикаға жолдамаларын Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ілесбек Сәрсембекұлы тапсырды.

 Сондай-ақ, шараға аудандық мәдениет үйлерінің директорлары мен Халық театрларының режиссерлері қатысты.

 Облыстық халық шығармашылығы орталығының дирекотры Ғани Садырбаев күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі «Ауылым — алтын бесігім»  жобасын дайындау,  семинарлар мен мекеме тарапынан ұйымдастырылған әдістемелік жұмыстардың тиімділігін пайдалану мәселелерін ортаға салып, аудандық мәдениет үйі директорларының пікір-сұрақтарын тыңдады.

 Айта кету керек басқосу соңында Халық театрларының Төрағасы сайланып, аталмыш жұмысты бұдан ары қарай Байзақ ауданы «Шахан» халық театрының режиссері Бақытжан Байкүшіков жүргізетін болды. Алдағы уақытта «Театр – өмір айнасы» фестивальінің республикалық кезеңін өткізу жоспарлануда. Іріктеуден өткен Жамбылдық халық театрларына сәттілік серік болсын деп тілек білдіреміз.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *