Жаны –жұмсақ, көңілі –көктем еді…

Журналист Әскербек Құйқабаев ежелден бірге өскен сыралғы достан айырылғанымызға қырық күн болып қалды.Екеуміздің таныстығымыз  өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасынан басталды. Аудан орталығындағы Ақкөл орта мектебінде қатар оқыдық.Оның жазу-сызуға деген ынтасы  сол кезден байқалатын.Балалық құштарлық оны кейін аудандық газет табалдырығынан аттатты.Алғаш корректор болып орналасты. Оның туған жері бұрынғы «Қызыларық» пен «Қызылжар».Аптаның аяғында ауылына бір барып қайтпаса көңілі көншімейді.Сол жақтан оралған сайын өз жерлестері жайлы материал ала келеді. Редакциядағы жігіттер:«Әскербек өз ауылдастарын түгел жазып бітті,ол өңірге біз бармасақ та болады» деп, әзілдейтін.

    Газеттің әр саны шыққан сайын көз майын тауысып,қатесін шығарған, редакция мен баспахана арасын жол қылған жігіт төрт жылдан кейін тілшілік қызметке көтерілді.Бұдан былай жас қызметкердің тақырып аясы кеңіді.Газет бетін шағын хабарлармен толтырып тастады.Арасында мәдениет саласы жайлы көлемді мақалалары жарық көрді.Ұмытпасам,1968 жылы аудандық шикізат дайындау мекемесінде еңбек ететін талантты домбырашы Мейраш (ұмытпасам тегі Сәрсенбаев) есімді товаровед жігіттің күйшілік өнері жайлы тұщымды мақала жазғаны есімде.

    Сол тұста редакцияда Тұрар Кенжетаев(жауапты хатшы), Әбдірахман Әбдірәсілов(бөлім меңгерушісі), Күләш Ахметова (тілші)Үлгібай Райымов (фототілші),Әрінбек Қожабаев(тілші),Серік Байшуақов(тілші) деген жігіттер

еңбек етті.Қазір қарап отырсам олар 21-27 аралығындағы өрімдей жас екен.

   Жыл артынан жыл аунап өтіп жатты,жас қызметкерлер келіп-кетіп, үнемі ауысып отырды.Солардың ішінде редакцияда қызмет дәрежесі бір саты да көтерілмеген,орнынан тапжылмаған  жалғыз –Ә.Құйқабаев.Мен білгелі қызметі орны ешқашан өзгерген жоқ.Түрі-түсі де сол қалпы.Еңкіштеу келген денесіне шыр бітпей,етін сылып алғандай  сылыңғыр қалпынан ауған емес.Шашын кейінгі кезде сәл ақ шалғаны болмаса шіркіннің түрі мүлде өзгермеді.Комбайнның көмейі  сияқты материалды жұтып қоятын газеттің тіршілігінен қолы еш босамады. Шаршамай-шалдықпай қырық жылдан астам уақыт Талас ауданы өмірінің шежіресін жазуға атсалысты.

   Сол мерзімде қолына қалам ұстаған базбір әріптестері секілді  кәсібін бас пайдасына жарпады.Ешкімді «қырып-жоямын»деп басына әңгір-таяқ орнатпады. «Бір күні қолыма түсірермін» арам ниет,жатып атар пиғылдан аулақ болды.Әрине,ауданда сын тезіне алатын өткір мәселелер жеткілікті.  Алайда,біздің кейіпкердің ішкі жан-дүниесі, адамгершілік тәрбиесі,бітім-болмысы   ондай қадам жасауға жібермеді.Сын-сықақ жанрына шебер журналистің фельетонды жандыртып,тілшілер тілімен айтқанда «қанын сорғалатып «жазуға шамасы жетіп-артылатын.Бірақ, Әсекең  оқыс қадамға бармады. Күнде жолығысып, араласып жүрген жанды жұрт алдында  қаралай алмады. Сондықтан да «бәлеқор журналист» қатарына қосылмады.Жарлы болса да -арлы болды. «Ақкөңілдің аты арып тоны тозбайды» деген қағиданы бекем ұстап,ешкімді ренжітпей,көңілін қалдырмай  өмір кешті.

   Қашан да аудан орталығында пәтер мәселесі өте өткір.Оны  біздің кейіпкеріміз де  басынан өткерді.Мекеме көп,өзінің баспана  мәселесін шешуге кезекке тұрушылар  саны жетіп артылады.Әскербек  жұбайы Рысалдының аудандық партия комитетінде машинистка болып істеуінің арқасында екі бөлмелік пәтерге ертерек қолы жетті.Жылдар өтіп жатты. Отбасындағы бала саны өсті.Олар есейе бастады.Осылай жүргенде ауатком төрағасының  орынбасары шақырып,коммуналдық шаруашылық мекемесі есебіндегі төрт бөлмелік жеке үйді бергелі отырғанын айтады.Оны ести сала көңілдері алабұртып қуанған ерлі-зайыптылар салып ұрып сыртынан болса да әлгі үйді көріп қайтуға барады. «Үй өзімдікі демегін,үй сыртында кісі бар»демекші олардың барғанын байқаған үміткерлердің бірі ауатком төрағасының көңілін тауып,пәтердің ордері мен кілтіне ие болады.Ақкөңіл

отбасы осылайша,қолдарына тиіп тұрған олжадан айырылып қалады. «Ашықауыздығы»үшін пәтер бермек болған басшыдан қатты сөз естіп,алып-ұшқан жүректері су сепкендей басылып қалады.Әлгі кісінің алдына қайта баруға беті жоқ,ұяттан өлердей болып жүреді.

    Шыдамды жан ақыры мақсатына жетті.Біраз жылдан кейін газет тілшісінің отбасы Ақкөл ауылындағы хан сарайындай күмбірлеген қос қабатты котедж үйдің бір бөлігіне ие болды.Құдайдан не тілемеген мешітханасын ер көңілді, ел басқарған  Т.Қартабаев сынды азаматтың арқасында алғаны жайлы үнемі ризашылықпен айтып жүрді.Ол осы пәтерде отыз жылдан астам өмір сүріп, ақтық сапарға сол үйден аттанды.

   Әсекеңнің жан адамның көңілін қалдырмайтын қасиетінен бір мысал. Тоқсаныншы жылдардың басында бір шаруашылықтың басшысы зейнет жасына жетті.Редактор жігіттерді шақырып алып: «Талас ауданына  еңбегі сіңген кісі.Талай жауапты қызметтің тізгінін ұстағанын білесіңдер! Қане, мерекелік мақаланы қайсысың жазасыңдар?»,-деп бәрінің бетіне кезек-кезек қарап шықты.Шенді жайлы «мақала жаз» десе орнынан  атып тұратындар бұл жолы үнсіз.Қабақтары салыңқы,тоң-торыс.Қысқасы,ол кісі жайлы қалам тартуға ешкімнің құлқы жоқ.Бұрынғы ауданда жүргенде тілшілерге көрсеткен тәккәпарлығын былай қойғанда,кейін шарушылық басқарғанда іс-сапармен барған журналистерді дұрыс қабылдамай әбден көңілдерін қалдырғанын қалай ұмытсын. Кабинет іші тым-тырыс, жым-жырт, редакторға тура қарамай,көздерін тайсақтата береді.Қай-қайсысының  да  көңіл түкпірінде ұзақ жылдардан бері жиналған  батпандай өкпе-реніш тоңы жібір емес.

    Осы кезде тыныштықты Әскербек бұзды.Әдеттегі ақкөңілдігіне салып:

  -Бәлен жыл ол кісімен райкомның пәтерінде қоңсы отырып едім. Жарайды, жазайын!-деді. Мен білсем,өзінен дәрежесі төмен адамға ешқашан жылы қабақ танытпайтын әлгі кісі қолынан келіп,қонышынан басып  тұрғанда қоңсы отырған журналистке бәлендей қамқорлық жасаған жоқ-ау?!.Еш болмаса іш жылитын пікір айта қоюы екіталай.Кездейсоқ кезіккен сайын өзгенің  саған биіктен қомсына, менсінбей қарағанын сезінудің өзі  бір ақырет?! Алайда, жаны жұмсақ Әсекең соның бәрін лезде ұмытты.Сол сәтте өзіне титімдей көмегі, зәредей пайдасы тимеген адамға кек сақтамастан «көрші ақысы» ретіндегі парызын бірінші кезекке қойды.Шынайы кісілік келбет,биік адамгершілік парасат деген осы шығар?!

        Қашанда көзіңнен мейірім шуағы төгіліп тұратын,жүрегі бұлақ суындай  тап-таза,титтей арамдығы жоқ,күнәсіз  жас баладай аңқылдаған ақ көңіл, көнтерлі,қиындыққа көнбіс,жібектей жұмсақ, биязы мінезді  қайран достың орны бүгінде үңірейіп бос қалды.

Жаны жаздай шуақ шашқан,көңілі көктем қайран дос хош бол!

Досың  Қамбар-Бек.

Тараз қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *