Әріптесіміз – І орын иегері!

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының» ұйымдастыруымен «Шынның жүзі – Шераға» атты облыстық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылған болатын.
Ұлт руханиятының абызы, шындықтың шырақшысы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы Шерхан Мұртаза мұрасын дәріптеу, ұлттық поэзиямызды насихаттау, ата дәстүр рухын ұлықтау мен жастардың шығармашылығын шыңдауға арналған жыр аламанына 15-30 жас аралығындағы 29 ақын қатысқан. Қатысушылар Шерхан Мұртазаға арнауы мен Жамбыл облысының тарихи-табиғи келбетін жырға қосып, өз өлеңдерін жолдаған. Мүшәйраның қорытындысын белгілі ақындар мен қаламгерлерден құралған қазылар алқасы шығарды. Жүлделі орынға ие болған ақындардың ішінде талантты жас ақын, әріптесіміз Елдар Боранбек те бар.
Е. Боранбекті облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов І дәрежелі дипломмен марапаттап, бағалы сыйлығын табыстады.
Біз әріптесімізді жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз!
Төменде Елдар Боранбектің ақындар додасында жүлдеге ие болған өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

БІР КЕМ ДҮНИЕ

Жыл құстары жиналатын сәт келді,
Шүкір, құдай!
қазаққа үлкен бақ берді.
Өмірінің күзі келіп аттанған,
Өр тұлғаны сағынамыз көктемгі.

Алатау мен Қаратаудың арасы,
Демін тартып, түнеріп тұр қарашы.
Құт мекенге қайта айналып келмеген,
Қара күзде кеткен сол бір баласы.

Екі алып тау түйіскен жер Жуалы,
Қырандарды құзға ұшырған қырағы.
Қаңтар мінез Барсханын қарттарым,
Құранына қосып отыр дуалы.

Құрметтеді бар қазақтың баласы,
Алдаспаны ақиқаттың, панасы.
Ұлт мүлдесін жаннан биік қойған ұл
Мұртазаның Шерхан атты баласы.
Тұсау салған тағдыр ерте текті ұлдың,
Тіршілікте тарқамай жан жарасы.
Бірі — елі, ал бірін — жер санаған,
Қос көзінің ағыменен қарасы.

Мұратты ердің аманатын сақтаған,
Тағдыры ауыр болсын арын сатпаған.
Асыл туған Айша ананың тұңғышы,
Алаш үшін ақиқатты жақтаған.

Мысын оның баса алмады кей мықтың,
Мінберде де мінін айтқан биліктің.
Кесіп түсер қанжар тілді, шыншыл жан,
Шер ағамыз үлгісі еді шындықтың.

Тоқтатпайды ағысын бұл кең дүние,
Шығармасын шын оқи білсең — кие.
Кең әлемнің кемдігін біліп кеткен.
Шерағасыз әдебиет — бір кем дүние…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *