Көңіл терезесі

Айқыш-ұйқыш түрлі сөздермен баттасқан көп қабатты үй. Кірер ауызы шашылған су тегін жарнама газеттерден аяқ алып жүргісіз. Риза күн сайын шаң-тозаңы басына шыққан бетон баспалдақтармен көтеріліп келе жатып өкіне бас шайқайды. “Мектепке оқулық жетпей жатқанда қор болған қайран қағаздар-ай! Қаншама орман кесіліп, осы қағаздарға жұмсалды екен, ә?”-деп. Кейде: ”Осы жерді тазаладық деп біреулер айлық алып отыр-ау, кімге, не үшін төлеп жүрміз?”-деп өзіне өзі ренжи сұрақ қояды. Жауабы жоқ сұрақтар. Бүгін неге екенін кім білген, көзге көрінбейтін әлдекімдерге ерегеспей-ақ, осы ортақ дәлізді өзім-ақ жуып тастасам қолыма жұғып қалмас деп ұйғарды.
Сонау бір жылдары Ризаның жан-жүрегін билеген бір әдемі әуен болатын. Жаңа күн бір жақсылық, бір бақыт әкелетіндей әр таңды қуана қарсы алушы еді. Келер күнге үлкен үмітпен қарап жүрген кезі еді ғой, шіркін!.. Одан қашан, қай жерде, қалай көз жазып қалғаны мүлде есінде жоқ. Сол әуеннің әлдиімен жүріп, шаршағанын да, қарны ашқанын да сезбестен, қолға алған ісін бітіргенше тыным таппайтын… Не істесе де, тап-тұйнақтай етіп, көрген жанның көзі қуанып, көңілі тоятындай қылатын. Жатақханадағы жалғыз бөлмесінің өзін сан құбылтып, абажадай терезесін айнадай ғып жуып, қос керуетті біресе қосып, біресе ажыратып, киім салатын жалғыз шкафты бірде оңға, бірде солға жылжытып, түрлендіре беруден жалықпайтын…
Көптен бері көз жазып қалған әдемі әуен бүгін енді ғайыптан пайда болып, тілінің ұшына орала бергені. Сенбі күні әдетте кештеу тұратын. Бүгін көңілін әлдилеген әуен құлақ түбінен кетпей қойғасын, құлқын сәріден оянды. Бала-шағасы тәтті ұйқы құшағында жатқан. Ешкімге білдірмей, ақырын ғана шелек-сыпырғышын көтеріп, ескілеу киімі мен резеңке қолғабын киіп дәлізге шықты. Әуелгі ойы тек бірінші қабаттың еденін сыпыру еді. Қызды-қыздымен, балконда көптен бері қатып-семіп тұрған орта шелек әкті ыстық сумен жібітіп алып, дәліз қабырғаларын әктеді.
Кір жуатын ұнтақ қосып, шаң басқан терезені шөткемен ысқылаған. Әп-сәтте айнадай жарқырап шыға келді. Мөлдірей жарқыраған терезе әйнегінен далаға үңілді. Көшенің қарсы бетіндегі иероглиф таңбалы мейрамхана енді ғана дамыл тауыпты. Ауызынан от шашқан айдаҺар суреті сөнген. Түнімен жарқ-жұрқ етіп, көздің жауын ала, алыстан арбап, еріксіз еліктіріп тұрушы еді. Гүрсілдеген ауыр әуен төңіректің мазасын май ішкендей қылатын. Таңға жуық талмаусырай құлапты тажал. “Айдаһардың” құрсағынан шыққан, екеу ешкімді байқар емес. Сезімге балқыған. Жартылай жалаңаш, құмырсқа бел, бота тірсек бойжеткен, қымбат көлігінің құны бір ауылды бірнеше жыл асырауға жететін егде еркектің мойнына асылып тұр. Бақытты!..
Риза өзінің “Бақытты” деген сөзіне кекесінмен мырс етті. Бақыт – таңғы шықтай мөлтілдеген мөп-мөлдір, тап-таза болуға тиіс еді-ау… Киелі ұғымнан түк қалмағаны ма, шынымен? Бір сарынды өмірдің біркелкі күйбең тірлігі. Күн сайын қайталанады да тұрады. Көңіл терезесі кірлегелі қашан?!. Күнде таңертең, алқын-жұлқын аялдамаға жүгіреді. Шала-шарпы оразасын аша
салып. Күн-көрісін айырып отырған жұмысынан кешігуге болмайды. Екі қолға бір күрек табылмай, біраздан бері діңкелеп жүрген бір танысы: “Жұмысы бар адамдардың бәрі бақытты!”-дейтін. Иә, оның сол тұжырымына салса, айлығы шайлығына жетер-жетпес бұл да бақытты жандардың бірі болғаны ғой сонда…
Күн сайын адамы ауызы-мұрнына шыққан тап-тар көлікке таласып-тармасып міну де кез-келгенге бұйырмайтын – бақыт. Жол пұлын жеңілдікпен төлейтін зейнеткерлер мен оқушы балаларға адам екен-ау деп мойын бұрмай, кейбіреуі зымырап өтіп кетеді. Далақтап далада қалғандардың пайымдауынша, өкпесі қысылып, тері шұбырып, еңсесін жаза алмай еңкейіп тұрса да, тапал көлікке табан іліктіргендер бақытты.
Оқта-текте ойдым-ойдым, қотыраш-қотыраш, жамау-жасқау асфальт жолмен оңды-солды шайқала, оқыс бұрылғанда талайлардың мойын омыртқасы үзіле жаздайды. Түрлі жарақат алып жатқандар да аз емес. Ойбайлағандарына ешкім пысқырып қарамайды. Ұнамаса, таксиге мінсін!..Айғай-шу, ұрыс-керіс…Кешкісін сол көрініс тағы қайталанады. Көше тығынына кептелмей, дер уақытында үйге он екі мүшесі дін аман жету де –бақыт емей не?! Қысы-жазы, жыл сайын қайталана беретін бір ыңғай, толып жатқан түрлі-түрлі “бақыттар”.
Соның бәрі темірдей жүйкесін жүн қылған Риза көзіне құйылған ащы терді жеңімен сүртіп қойып, бар өшін шаң басқан еденнен алғысы келгендей, суы сорғалаған шүберегімен баспалдақтарды өршелене ысқыласын кеп.
Бағана таңмен таласа кірісіп еді. Күн арқан бойы көтеріліп қалған екен. Со-он-а-ау бір жылдары алтын табақшадай жарқырап, жан-жағына шуағын себелей, күлімдеп шығатын Күн жарықтық та күңгірт тартқан ба, қалай? Баяғыда, бұның бала кезінде жапырақтың түсі жап-жасыл сияқты еді!? Есік алдындағы ағаштарды да қалың тозаң басыпты. Жабырқау жапырақтар сыбдырлауға дәрменсіз. Жел сәл қаттырақ жұлқыса, қалбалақтай құлайтындай. Табан астында тапталудан асқан қорқыныш жоқ.
Шықпа жаным, шықпамен тұрған жапырақ – тірлікте не мән бар?!.Бір кездері өрден еңіске құлдыраңдай ағып жататын, сап-салқын, тап-таза арықтардың көмейі қоқысқа толы. Не жоқ дейсің; сусынның бос ыдыстары, жаман қағаздар, ескі-құсқы киім-кешек, темір-терсек, ит-мысықтардың өлексесі…Тіпті тепсе темір үзетін зіңгіттей мас жігіт те соның жиегінде ұзыннан түсіп сұлап жатыр.
Бір алапат құйын келіп, осы қоқыстың бәрін сыпырып-сиырып, көз көрмес, құлақ естімес алыс бір жаққа алып кетсе, қандай тамаша болар еді? Бұл – Ризаның ойы. Қара түтін мен тымырсық ауа тынысын тарылтқан алып шаһар еркін бір тыныстар еді-ау онда! Жоқ. Жасқаншақ самалының өзі бұтақ тербетуге қауқарсыз бұл қалада табиғаттың тосын құбылысын күту бос қиял. Бәлкім, ғайыптан тайып ең үлкен басшы пәрмені мың батпан жарлық шығарса ше?!. Ел-жұрттың бәрін басқа тірліктің бәрін қойып, өздері тұратын жерді айнадай жарқыратуға мәжбүрлесе. Қайдам?!. Кім күштеп, зорлауға көне қояр дейсің қазір?!. Өз ойына өзі мырс етіп күліп жіберді. “Езілген таптың Күн көсемінің” өзі бөрене көтеріп, сенбілікке шығып, тегіннен-тегін талай жұмыстар атқарған кеңестік кезең тарих қоқысы боп қалған жоқ па?!. Қазір сана өзгерді. Емшектегі сәбидің өзін есеппен емізетін заман.
“Басқада нем бар-ей, ең болмаса өзімнің бала-шағам кіріп шығатын ортақ дәліз таза тұрса болды емес пе?” деп ойлады Риза, өзі қолға алған іске көңілі толып. Сол мезетте қарама-қарсы көршісі сыртқы есігін аша беріп, қалт тұрып қалды. Табалдырығынан аттап шығар-шықпастан, таңғажайып бір тамашаға тап болғандай. Айнадай жарқыраған тазалық таңғалмасқа қоймас та еді. Көбінесе көңілсіз ойлар еңсесін езіп, күлуге мұршасы келмей жүретін. Өңіне шуақ жүгірді. Ризаның бойынан ескен бір жылы леп қатқыл қабағындағы мұзды ерітті ме… Сүйсінісі мол үнмен:
– Әрі-бері өткен сайын үнемі осылай етсем-ау деген ой менің де басымда жүретін. Тәуекел деп бастап кетіпсіз. Қандай тамаша!-деді. Сосын пәтерінен түрлі-түсті бояуларды асығыс-үсігіс алып шықты. Сыры кетіп, өңі солғын тартқан терезе жақтауларын бүгін ғана көргендей апыл-ғұпыл жаға бастады.
Таңның атысы күннің батысы есік алдында отырып, кірген-шыққан бала-шағаға ескерту айтумен ауыздары тозатын төрт-бес кемпір таңғалғаннан тілдерін жұтып қойды. Ерікеннен келген-кеткенді сөз қылып, ара-тұра шекілдеуік шаққаннан басқа шаруалары жоқ еді. Біраздан соң, олар да өз-өздеріне келді. Дереу қолдарына сыпырғыш алып, үй маңын сыпыруға кірісті. Үздік-создық ұйқыдан тұрған көршілер біртіндеп есік алдына шыға бастады. Бәрі де аң-таң. Артынша тез ес жиып, қоқыстарды өртеп, тал-теректердің түбін әктеуге қалай кірісіп кеткендерін өздері де білген жоқ.
Құдайдың құтты күні жастар аулада топталып тұратын. ертеден қара кешке дейін, музыкаларын бақыртып қойып, дарақы күліп, күндерін жұбататын. Күн сайын. Бүгін қызу қарбаласқа түскен үлкендерге олар әуелі оқшырая қарады. Сосын ешкім ештеңе демесе де, сыртқы есіктің сынық топсасын жабыла жөндеп, есік алдындағы ұзын ағаш орындықтың о жер, бұ жерін шегелеуге кірісті… Кезінде өздері теуіп қиратқан-ды. Бәрінің де көңіл-күйлері көтеріңкі. Әшейінде жастарды жерден алып, жерге салып сөгіп жататын кемпір-шалдардың ауыздарынан “айналайыннан” бөтен сөз шыққан жоқ. “Үлкенде иман болмай, кішіде иба болмайтыны” рас екен-ау!..Қарадан қарап шекелері құрысып, кемпір-шалдармен өштесіп жүретін жеткіншектер де жібектей.
Үнемі арзан шарап ішіп, қызулау жүретін, сұйықтау ұзын шашы желкесін жапқан музыкант жігіттің әйелі көптен қағып-сілкінбеген төсеніштерді сыртқа алып шығып, жоқ жерден әбігерге түсті. Көрпе-төсектері мен қыстық киімдерін балконға жайды. Музыканттың өзі көптен жиналып қалған бос шөлмектерді салдыр-гүлдір алып шықты. Көп кешікпей дүкеннен айран, сүт көтеріп, аман-сау оралды. Сасық шарап емес, ағарған әкелгенін байғұс әйелі жақсы ырымға жорыды. Үйдегі ұзақ жылғы ырың-жырың, ұрыс-керістен әбден зәрезап болған бала-шағасының да жайбарақат мамыражай тірлікке жандары жадырап, шаң-тозаңға батқан шағын шаңырақтың есік-төрін жарқыратып жуа бастады.
Тұрғындары бірі кіріп, бірі шығып жатқан құмырысқа илеуіндей сол үй күн байығанша бір мігір тапқан жоқ. Талай-талай сынған әйнектер ауыстырылды. Қираған, сынған есік-терезелер, орындықтар жөнделді. Үйдің іші-сырты аршыған жұмыртқадай болды. Қанша жыл бір есіктен кіріп шығып, бір шаңырақ астында тұрып жатқанымен, бір-бірлерін білмейтін жандар ортақ іс барысында бір-бірімен бұрыннан танитын адамдай шүйіркелесе тілдесіп, тіпті әзілдей күлісіп жатты.
Жалғызбасты кемпір-шалдар бұрын үйелмелі-сүйелмелі сәбилері бар жас отау иелерін аса жақтырмайтын. “Балалары төбемізден жүгіріп тыныштық бермейді”,-деп. Күні бойы бірге жұмыс істеп, аула тазаласып, аз-кем тілдескеннен кейін, аяқ астынан мейірімдері түсіп, оларға өз балаларының кішкене кезінде киген киімдері мен ойыншықтарын сыйлады. Сандық түбінде жинаулы жатқанша кисін, ойнасын. Өз перзенттері өсіп, жан-жаққа кеткелі қашан?!. Бөбектердің қуаныштан бал-бұл жанған жүзін көріп, бәрі баладан бетер мәз. Бақыт дегеннің өзі біреуге қуаныш сыйлау екен ғой!.. Алғаш рет ата-аналық сезімдерін оятқан өз балаларының қызық қылықтары мен бал-тілдерін еске алып, бір мәз болсын..
Күн сайын көше жақ беттегі кәрі еменнің көлеңкесінде қарт майдангер отыратын. Он жетісінде қан майданға қатысып, аяғына айырбастаған сары ала темірлерін сатудан дәмелі еді. Саудыраған орден-медальдар саудасын кейін қоя тұрып, көптен қолданбағасын тот шала бастаған үлкен қайшысын қолға алды. Селкеу шыққан ағаш бұтақтарын шырт-шырт күзей бастады. Сақал-мұрт бастырғандай.
Осы маңда тұратын, төрінен көрі жуық, саусақпен санарлықтай майдангерлерге күніне бір мезгіл ыстық тамақ беруді айдаһар бейнелі мейрамхананың иесі өз мойнына алғанын мәлімдеді. Кәрі қойдың жасындай ғұмыры қалған, азды қанағат тұтатын жандарда ес жоқ. Аз ғана зейнетақылары пәтер ақыдан артылмайды. Шын көңілден айтар алғысы мен берер батасынан басқа қариялардың қолында несі бар?
Беделді телеарнаның танымал тележурналисі дәл осы үйде тұратын. Күллі қаланы аласұра шарлап, ел-жұртты естен тандыратындай, жантүршігерлік өткір сюжетке арқау ететін қанқұйлы қылмысты оқиғаларды үнемі іздеп жүретін. Ол осынау тосын көріністі көгілдір экраннан күллі республикаға мақтана көрсетті. Оқшау үйдің қарбаласы мен қуанышы қатар тұрған басқа үйдегілерге де қозғау салды. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарамай ма?!. Көңіл қуантар жағымды жаңалық күллі қалаға, қала түгілі кең байтақ елдің түкпір-түкпіріне тарап жатты…
***
«Шіркін, шынымен-ақ, бәрі де дәл осылай болса ғой! Көңіл терезесі тазарған қаншама жан өмірге тың құштарлықпен қарап, ерекше серпіліспен, ертеңгі күннің есігін ашар еді-ау!»- деді өз қиялына өзі балқыған Риза қолындағы суы сорғалаған шүберегін сығып тұрып…
Алайда бұны таптап өтердей боп, талтаңдай басып, тас тепкіштермен төмен түсіп келе жатқан тележурналист ештеңені аңғарар емес. Телефон ішіне кіріп кетердей. Сірә, анасынан туғанда телефонын уысына ұстап шықты ма, кім білсін?!.
Қыздармен қыдырып, би билейтін жасында екі аяғынан айырылған – Ауған соғысының мүгедегі қос балдағы сықырлап түсіп келе жатыр екен. Ол өтіп кетсін деп, шелегін бір шетке ысырып, жерден басын көтерген келіншек “Бәрібір бұл жігіттің салған суретін саудалап жатқан ешкім жоқ. Қара түнде жарылып жатқан миналар мен әр жерде шашылып жатқан қол-аяқтарды кім үйіне іліп қоюға құштар дейсің?!”-деп ойлап үлгерді. Ал, ол болса, Ризаның шалт қимылына сүйсініп,“Он екі мүшесі түгел, денсаулығы мықты неткен бақытты жан!” деп іштей қызыға да қызғана қараған шығар-ау, кім білсін…
Есіктес көршісі табалдырығынан аттар-аттамастан тұрып қалды да: “Баяғыдан бері осылай жуып жүрмейсіз бе? Өзіңіз бір ұятсыз адам екенсіз. Біз сізге не үшін ақша төлеп жүрміз?”-деп дүрсе қоя бергені. Ризаның көзіне жас толып кетті…

Заря Жұбанова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *