САТЫЛЫМДА – КӨКӨНІС, ЕТ ЖӘНЕ СҮТ ӨНІМДЕРІ

Жуалы ауданында ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Әр аптаның сенбі-жексенбі күндері орталық базарда өткізіліп келе жатқан жәрмеңке бұл жолы бұрынғы автобекет жанындағы «Мадина» тойханасының алдында өтті.

«Алқаптан сөреге» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге барлық ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілері атсалысты.
Шара тиісті барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге 14 ауылдық округтің шаруа қожалықтары және «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында құрылған «Атамекен Бастау» шаруашылығы өндірістік кооперативі өз өнімдерін әкеліп, нарықтық бағадан 15-20% мөлшерінде арзандатылған бағамен саудалады.
Жәрмеңкеде саудаланған өнімдерді атап айтатын болсақ, қой еті – 250 кг, қызанақ – 2800 кг, қияр – 1800 кг, қара өрік – 680 кг, сәбіз – 1000 кг, картоп – 12 000 кг, қырыққабат – 1600 кг, алма – 700 кг, алмұрт – 300 кг, бал – 50 кг және сүт өнімдері – 100 литр, тағы да басқа.
Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – халыққа аса қажетті азық-түліктердің бағасын сындыру және шаруаларға алып-сатарларсыз өз өнімдерін халыққа ұсынуға жағдай жасау болатын. Осы уақытқа дейін тек облыс орталығында ғана ұйымдастырылатын шаруаға да, халыққа да тиімді шараның ауданымызда ұйымдастырылғанына халық ризашылығын білдіруде. Жәрмеңкеге келушілер жүйелі бағада өздеріне қажетті азық-түліктерді сатып алып жатты.
Жәрмеңкеде әсіресе, ет жақсы өтті. Мәселен, сағат 10 шамасында екі ауылдық округтен әкелінген қой еті сатылып бітті. Қой еті 1650 теңгеден сатылды.
Жалпы жәрмеңкеде халыққа керектінің бәрі бар деуге болады. Бұл жаңадан бастау алған шара. Жәрмеңкенің өтілуі туралы әлі хабардар болмаған тұрғындар бар болуы әбден мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта жәрмеңке жұмысы бұдан да қыза түседі деп ойлаймыз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *