Тамыры терең «Тараз» триосы

Тамырына ұлт тарихы байланған шежірелі Тараз қаласының атауын иемденген, жарты ғасырға жуық тарихы бар «Тараз» триосы құрылған сәтінен бастап өнер өлкесіндегі ең танымал шығармашылық ұжымға айналғаны белгілі. Бүгінгі сұхбатымыз өзіндік тарихы бар сол танымал трионың мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңірековпен өрбіді. 

 

Өздеріңіздің  замандастарыңыз, аға буын өкілдері болмаса, кейінгі ұрпақ тарихы тереңде жатқан трионың құрылу тарихын біле бермейтіні анық…

Қателеспесем, 1974 жылдары Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз қаласы) сол бір жылдары Ресейде атағы аспандап, әндері әлемді шарлаған «Ярословский ребята» деген ансамбль гастрольдік сапармен келеді. Сонда ресейлік өнерпаздардың өнеріне тәнті болған Жамбыл облыстық «Алатау» эстрадалық ансамблінің көркемдік жетекшісі Алтынбек Қоразбаевқа домбырашылар үштігін (трио) құру туралы ой келеді ғой. Сөйтіп «Алатау» ансамблінің өнерпаздары Мұхтар Рахманқұлов, Алтынбек Бекмұратовпен бірге ең алғаш рет халық әні «Желбір жекенді» орындап шығып, қазақ ән өнері тарихындағы алғашқы трионың тұсауы кесіледі.

Репертуарына халық әндерін, танымал сазгерлердің туындыларын ғана топтастырған өнер ұжымына көрерменнің де ықыласы ерекше болады. Аз ғана жылдың ішінде топтың даңқы асқақтап, шарықтай түсті.

Арада төрт жыл өткенде 1978 жылы Алтынбек Қоразбаевтың облыстық филармонияға директор қызметіне тағайындалуына байланысты бір әншінің орны бос қалады.

Мойынқұм ауданында орта мектепті бітіріп, 1978 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түстім. «Өнерлі жігіт өрде озар» демекші жоғары оқу орнында жүргенде түрлі ән байқауларына қатысып, көптің көзайымына айналып үлгердім. Сөйтіп жүргенде «Алатау» триосының жетекшісі әрі институтта ұзтаздық қызмет атқаратын Мұхтар Рахманқұлов ағамыздың көзіне түсіппін. Бойымдағы өнер ұшқынын байқаса керек ансамбльге шақырды. Кейін арнайы шақыртуларымен алдарына барып, өнерімді көрсеттім. Осылайша 1979 жылы «Алатау» триосының мүшесі атанып, ағалардың сенім артуымен өнер жолына қадам бастым.

Міне, содан бері де көзді ашып-жұмғанша қырық жыл өте шыққан екен. Бірнеше жыл өзім туып-өскен Мойынқұм ауданында қызмет атқарып келгенім болмаса өмірім «Тараз» триосымен бірге сабақтасып өтіп жатыр.

 

Бала кезіңізден әншілік өнерге әуес болып өскеніңізбен мүлдем басқа саланы таңдауыңыздың сыры неде?

Анам Жәмила өнерге бүйрегі бұрып тұратын жан еді. Өзі де өнерден құр алақан емес болатын. Мандалинмен ән салғанда қазіргі кеуде қағып жүрген талай әншіні жолда қалдыратын. Мені қасынан қарыс қадам тастамайтын. Алғаш рет домбыра үйірмесіне де қолымнан жетектеп алып барды. Онда өнердегі ең алғашқы ұстазым, сазгер Садық Құнанбаевтың тәлімін алып, күй тартып, ән айтуға машықтана бастадым. Алғаш үйренгенім Құрманғазының «Кісен ашқан» күйі болатын. Кейін көрнекті кинорежиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем филіміндегі «Ақ Жайықты» айтуды үйрене бастадым. Өнерге талпыныс, құштарлық, қызығушылық осылайша бастала берді.

Бірде анам қазақтың ән өнерімен бірге жасасып келе жатқан дарабоз әншісі Қайрат Байбосыновтың пластинкасын сатып алып келіпті. Сол пластинкадан Қайрат ағамыздың орындауындағы «Қара кесек» әнін үйрендім. «Қара кесек» даусымды, екінші тынысымды ашты. Кейін де аталған әнді орындап түрлі байқауда лауреат атандым.

       Анам үнемі «Өнерді тастама. Өнер сенің қосымшаға мамандығының болады» деп үнемі құлағыма құйып отыратын. Негізі анамның арманы сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін консерваторияға оқыту еді. Алайда он жеті жасымда отау құруыма байланысты жоспар өзгерді. Анамның жас шаңырақ үшін қорыққаны анық. «Сен әртіс болсаң енді қиын болады» деп Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына «инжере-технолог» мамандығына түсірді. Дегенмен адам маңдайға жазылған тағдырынан қашып құтыла алмайды екен. Мұхтар Рахманқұловтай абзал ағаның көзіне түсіп, өнер әлемінің төл баласына айналдым.

 

Осы орайда қазақ ән өнерінде жүрген аға буын өкілі ретінде кешегі және бүгінгі қазақ эстрадасына өз бағаңызды қалай берсеңіз?

Әлі есімде, «Алатау» ансамблімен бірге артынып-тартынып елуге жуық өнерпаз айлап гастрольдік сапарға шығатынбыз. Сонда облыс аумағындағы бірде-бір елді мекенді ұмыт қалдырмайтынбыз. Қай ауданға барсақ та екі-үш түтіні бар ауыл болсын, арнайы баратынбыз. Көктемде балшыққа шыланып, жазда ми қайнатар ыстықтың астында, қыстың күні ақ қар, көк мұзда жүрген күндерді қалай ұмытасың. Қазіргідей сән-салтанаты жарасқан мәдениет үйлері жоқ. Әйтеуір қолда бар музыкалық аппараттарымызды қойып, өнерімізді көрсетіп қайтамыз. Көрермен де риза, өзіміз де риза. Әйтеуір өзімізге бәрі-бәрі керемет болып көрінетін.  

Одан бөлек триомен бірге жер-жерде концерт қоямыз. Елде ақша жоқ. Өзіміздің де оңып жүргеніміз шамалы. Бір жерге барып бидайға, бір жерге цементке, бір жерде қойға концерт береміз. Ол күндер де көрген түстей өтті де кетті.

  Қазіргі таңда күнделікті жиын-тойда да, көгілдір экранда да күнделікті әншілер фонограмма пайдаланады. Сайып келгенде фонограмма бәрінен бұрын хас таланттың тірсегіне тұсау болып түсер, өнерін өрістетпей, тарылтатын дүние. Соған арқа сүйеудің салдарынан көптеген жас әншілер әннің табиғатын, иірімін, қазақы болмысын, бұзып, тіпті, мәтінін ұмытып қалатынды шығарды. Талғамы терең тыңдарман қазақы әуеннің ерекшелігі иірімдерінде екенін біледі. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде аудио-бейне техниканың дамуына байланысты сол ерекшеліктеріміз ұмытылып бара жатқаны жасырын емес.

Бүгінгінің әншілері халықтың өнері, мұрасы көгерсе екен демейді. Ондай ниетте жүргендер көп емес-ау. Әншілердің көпшілігінің аңсары тек ақшаға ауып, дүние қуып кетті.  Ұлт мұрасына бас қатырғысы келмейді. Айтып тұрған әнінің сөзіне де, сазына да  мән бермейді. Тек елді билетсе болғаны. Біздің кезімізде әуен сөздің ығына жығылатын. Қазір керісінше сөз музыканың ығына жығылып жатыр. Елдің берекесін алып бітті.

 

«Тараз» триосы сөз жоқ, өз тыңдарманын қалыптастыра алды. Дейтұрғанмен облыс көлемінен аса алмағанының себебін қалай түсіндірер едіңіз?

Жалғыз ғана себебі бар. Ол-жарнама. Ал жарнама телеарна еді. Алайда телеарнаға біздерді шақыра бермейді. Бұрын да солай болған, қазірде солай. Себебін біле алмадық. Байқасаңыз, телеарналарда белгілі бір бағдарлама, жобалар апта сайып көрсетіліп жатады. Бірақ сол бағдарлама, жобалардың өз әншілері бар. Соларды шақырумен ғана шектеледі. Мәселен, «Ән мен әнші» жобасы.

Әрине, кейбір  бағдарламаларға арагідік бізді де шақырып тұрады. Бірақ күнде емес. Егер жиі-жиі шығып жатсаң халықтың санасына да жатталып қаласың. Сондай-ақ қазір бұрынғыдай ел-елді аралап концерт те беретін мүмкіндік жоқ. Себебі халық келмейді. Неге десеңіз, ғаламтордан барлығын көріп отыр. Тегін десеңіз де ешкеім келмейді.

 

Бұл жайында сұрап отырған себебіміз, неге екені кейінгі жылдары Тараз өнерпаздарын ел сахнасын көре алмаймыз…

Түн түңлігін түріп туған жұлдыздай жарқырап жүрген әншілеріміз жетерлік. Мәселен, Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов, Оңал Азаматова кімнен кем. Ізімізді басып келе жатқан тұнық ойлы, тұмса дарын жастарымыз да баршылық. Бірақ таланттарымыздың қай-қайсысы болмасын республика көлеміндегі «кругқа» кіре алмай жүр. Арагідік Нұр-Сұлтан, Алматы қаларындағы ауқымды деңгейде ұйымдастырылған концерттерге барып жүргені болмаса

«Еңбек етпеген пенде, бәрінен де кенде» дейді дана халқымыз. Ең алдымен пысықтық керек. Ерінбей еңбек етпесең жұлдызың жоғарыдан жарқырамайды. Жалпы Жамбыл облысының халқы тым баяу қимылдаймыз. Ал іргелес орналасқан Шымкент қаласының өнерпаздары сан алуан жаңалықтарды бірден бойына сіңіріп алып жатады. Дамыл таппайды. Ал біңз ұйқыдамыз. Сол себепті алыстан кінә іздеудің қажеті жоқ. Өнердің биік шыңына шығу үшін тек қана еңбектену керек.

 

Жарты ғасырға жуық уақытыңызды өнерге арнадыңыз. Өнер сізге не берді?

Өнерде жүргеніме отыз бес жыл болғанда сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қолынан ҚР Еңбек сіңріген қайраткері атағын алдым. Менімен қатар еңбегі сіңіп жүрген бірқатар азаматтар атақ-дәрежеге ие болып жатты. Әрине құрмет-қошемет, атақ-даңқ үшін алысып өтетіндердің қатарында емеспін. Бірақ еңбегіп еленіп жатса мұның өзі шығармашалығыңа үлкен серпіліс сыйлайды екен. Өнеріміздің арқасында ел танып, жер таныдық. Өнердің арқасында өніп-өстік. Ел ықыласына бөлендік. Бүгінгі таңда қандай да бір жетістікте жетіп, абырой биігінен көрініп жүргенім өнеріміміздің арқасы.

 

 Өнер жолында жасындай жарқырап жүрген шәкірттеріңізден кімдердің есімін айрықша атар едіңіз?

Менің ең алғашқы шәкіртім-Мейрамбек Беспаев. Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде әкесі Әбіләшімнің отбасымен тонның ішкі бауындай жақын араластық. Сонда Мейрамбек бірінші-екінші сынып оқып жүретін. Күніге болмаса да жиі-жиі отбасылық отырыстар жасаймыз. Ән айтылып, күй тартылады. Қасымыздан бір елі қалмай Мейрамбек етегімізге оратылып жүреді. Қасымда жүріп бір-екі ән үйренді. Қателеспесем, 1983 жылы үлкен ақындар айтысы өтті. Ақындар айтысы аяқталып әділ қазылар алқасы қорытынды бағаны есептеуге кеткенде бала Мейрамбекті сахнаға шығарып бердік. Ол кездерде Мейрамбек менен үйренген үш-төрт әнді ғана айта алатын. Сол сәтте көрермен Мейрамбектің өнеріне тәнті болып, ыстық ықыластарын білдірді.  

Кейін 1987 жылы Мейрамбекті Мәскеуде өткен халық шығармашылығы жетістіктерінің көрмесіне апардық. Сол кезде Жамбыл облысының атынан мен, Алтынбек Оразбеков, Қарлығаш Қожағазина, Мейрамбек төртеуміз бардық. Мейрамбектің анасы да қасымызда. Ол кезде Мейрамбек 4-5 сынып оқиды. Біз белгілі опера әншісі Ермек Серкебаевтың тобында жүрдік. Мәскеудегі сапарымыз барысында «Московский правда» газетіне «Қазақтың Робертино Лореттиі» деген Мейрамбек туралы ең алғашқы мақала жарыққа шықты. Елге келгеннен кейін де бәріміз концерт бердік. Сол концертте Алтынбек Қоразбаев Мейрамбекті көріп өзіне тартты. Ол кезде Алтекең филормонияның директоры болатын. Мейрамбек киім тіктіріп, домбыра алып беріп, кейін алматыға ауысқанда Мейрамбекті ала кетті. А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне түсірді. Осылайша Мейрамбектің өнер жолы басталып кетті.

 

«Тараз» триосының болашағын көз алдыңызға қалай елестетесіз         ?

Трио жоғалмауы керек. Сол үшінде Ноян Сейділдаев есімді інімізді қатарымызға қостық. 1974 жылдан бері «Тараз» триосының құрамында көптеген өзгерістер орын алды. Отбасылық немесе басқа да  мәселелерге байланысты әншілер ауысып кетіп жатты. Бірақ ешқашан жұмысы тоқтаған емес. Сондықтан да трионың тарихы тереңге кете береді деп ойлаймын. Ноян Сейділдаев-трионың тарихын әрмен қарай жалғастырушы.

Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан  Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *