Құдыққа қамалған қасқырлар

Біздің ауылдың адамдары қыс айларында кешке қарай малдарын қоралап, жайлап болғасын бір үйге жиналып, соғымның етін астырып, шай үстінде қызу әңгімеге кірісетін. Көбіне сөйлейтін жасы үлкен аңшы, қақпаншы ағамыз Мәкең — Мамытбай.

Мәкең кәнігі аңшы. Қыс айларында ел маңайындағы қасқырларды сонарлатып қуып, астындағы мейіздей жаратып қатырған торы төбел атымен қуып жетіп, соғып ала беретін.
— Осы, Мәке, қасқыр дегенің түсі суық, қауіпті аң ғой, қарама-қарсы, бірме-бір кездескенде сескенбейсіз бе? — деген біздің сұрағымызға:
— Әй, балалар-ай, қанша түсі суық дегенмен, тайсалмай, қарсы барасың ғой. Тек жүрек мықты болсын де. Тәңірім оларға жүз кісінің жүрегін берген шығар дейсің. Саған қарсы қарап, азу тістерін ақсита, аузын арандай ашып, от болып жанған қып-қызыл жанары шатынай қарап ұмтылғанда, қандай жүректі деген пендеңнің өзі де бір селк етері сөзсіз ғой. Ол арада сезімге берілетін уақыт қайда? Қолыңдағы қаруың — сойылмен қара тұмсықтан дәлдеп ұрып, шаруасын бітіресің. Бұл — қақпанға түскен қасқырға істер амалың. Ал қансонарда қуып жеткен қасқырың арлан болса, соңғы минуттарда шорт бұрылып, саған атылары анық.
Аңшының өзіне сай, аты да мықты болуы керек. Бөріні көп қуған ат та сенің әр қимылыңды аңғарып келе жатады. Мысалы, бөріге жетіп, сойыл сілтер жерге келгенде сенің тізгін қағуыңды қапысыз сезіп, бөріні оң қапталыңа оңтайлайды. Бөрі саған қарай атылғанда ол жалтармай, бағытымен көсіле береді. Себебі ол жануар да болса, үстіндегі саған — иесіне сеніп келеді, — деп, Мәкең сүлгімен маңдай терін бір сүртіп алып:
— Хо-ош, бұл қыстағы аңшылық ғой. Ал енді өткен жаздағы мына бір оқиғаны тыңдаңдар. Қалың құмды кесіп өтіп, «Бестөбедегі» Қоныс ақсақалға сәлем бергелі ауылдан шықтым. Төтелеп тартып келемін. Қалың құмнан шыға бере, алдымдағы кең жазыққа көзім түсті де, тізгінді тартып, ер үстінде еңкейіп, аттың басын бұра бердім. Құмның ылдиына түсіп, атымды байлай салып, жаңағы жазыққа шоқат тасасынан баспалап алдымдағы көрініске қарай қалдым. Жазық жерде екі қасқыр бір-біріне қарсы тұрып алып, жерді бұрқыратып қазып жатыр. Иығымдағы мылтықты алып, жалғыз оқ салдым. Атпақшы болып оқталдым да, ойланып қалдым. Жоқ, мұның ақырын күтейін дедім. Жатқан жерім үлкен дүзгеннің тасасы, жел алдымнан, бөрілердің ық жағындамын. Сәлден соң әлгі қазылған шұқырға біреуі мойынын созып жатты да, екіншісі оны көме бастады. Міне, қызық! Бұл сонда не болғаны? деп аң-таңмын. Көмілген қасқырдың жер бетінде басы мен шошиған екі құлағы ғана қалды. Оны да қалың жусанның арасынан анықтап қараған адамға ғана көрінеді. Ал анау екіншісі «шаруасын» бітіргесін жазық даламен жорта жөнелді. Бөрілердің мына құпиясы санама енді ғана жеткендей болды да, арада бірсыпыра уақыт өткесін әлгі құлағы қылтиған қасқырды басын көздеп отырып, жалғыз оққа тапсырдым.
Енді әлгі жортып кеткен қасқырдан бір «хабар» күтіп отырмын. Біраз уақыт өткеннен кейін ол кеткен жақтан қалың шаң көрінді. Бұны көрген мен «Е, бәсе, солай болуы керек еді ғой» деп ішімнен қасқырлардың қулығына мырс етіп күліп алдым. Сөйткенше, қалың киік әлгі көмулі қасқыр жатқан жердің үстімен дүркіреп өтіп жатыр, өтіп жатыр. Бар киік өтіп, алқынып, тілі салақтаған манағы қасқыр келе мына көмулісін
талай бастады. Сол кезде мен екінші оқпен мұны да сұлаттым. Әне, бұл қасқыр дегенің анау-мынау адамнан, менің мына Қуандық құрдасымнан ақылды ма деп қалдым. Күн кешкіргесін «Бестөбеге» баруымды ертеңге қалдырып, екі қасқырды екі қанжығама бөктеріп, ауылға қайттым, — деп Мәкең сөзін аяқтады.

* * *

Тағы бір отырыспада Мәкең екінші әңгімесін бастады.
— Маужыраған мамыр айының жайма-шуақ күндерінің бірі. Астымда осы торы төбел атым. Болса да иығымда қос ауыз. Тақымымда қыстырған күрегім бар. Ойым — Нұрлыбай төбесінің батыс бетіндегі қалың жыңғыл-шоқатты алапты бір шолу. Себебі, менің аңшылық түсінігімше, осы шоқаттар арасында қасқырдың апаны болуға тиіс. Қазір қасқырлардың күшіктеп, бөлтіріктері енді-енді бауырын көтерген шағы.
Әр жерден бөрі іздері кездесіп қалады. Алайда олардың ізімен апанын табу оңай емес. Өйткені бөрі бөлтіріктері жатқан ініне ешқашан тіке бармайды. Айналып, із тастап, шарлап барып соғады. Бір жайдақтау, бұталары да сиреген жыңғылды шоқатты алыстан-ақ көзім шалып, соған жақындай түстім. Айналаны мұқият зерттеп барып шоқатқа 15-20 метр қалғанда, мен іздеген апан осы маңда екенін сездім. Кенет жыңғылды шоқаттың селеу, еркек шөбі аралас өскен қалыңының арасынан қара құлақтары шошиған бір-екі бөлтірік күшіктерді көзім шалып қалды. Менің жақындағанымды сезген әлгі бөлтіріктер домалап алып, шоқаттың арғы күнгей бетіне қарай қашып барады. Атымнан түсіп, асықпай шідер салып бекіттім де, күшіктер қашқан шоқатқа жақындадым. Бөлтірік іздері шоқаттың күншығыс бетіндегі сексеуіл мен жыңғыл өскен қалыңның арасына сіңіп кеткен. Жақындап үңіліп қарасам, апан осы жерде екен. Бөлтіріктер түгел ін ішінде. Қолымдағы тік күрегіммен інды қазуға кірістім. 6-7 метрдей көлденең қазғасын-ақ күшіктердің үні естіле бастады.
Не керек, әлгі іннен алты күшікті біртіндеп алып, қапқа салдым. Атыма мініп, қабымды алдыма өңгеріп келемін. Күшіктердің енесі — қаншық қасқыр мен арланы да осы маңда мені сыртымнан баспалап, аңдып жүргенін сеземін. «Түнімен жортып, аңшылықтан қайтып соғатын кезі болды» деймін өзімше топшылап. Бөлтіріктерді ауылға, елді мекенге апаруға болмайды. Апардың дегенше, ашынған бөрілер сол ауылдың малының сау-тамтығын қалдырмайтыны белгілі. Менің жоспарым — ауылдан, елді мекеннен аулақ «Жарқұдықтағы» ертеректе қазылған цемент-сақина құдық. Суы әлдеқашан тартылған, тереңдігі 3-4 метрден кем емес, айналасы елсіз. Бұл құдыққа түскен қандай мақұлық болса да, қайтып шығуы екіталай. Он-он бес шақырымдай жүріп, әлгі құдықтың басына келдім де, атымнан түсіп, ішіне үңілдім. Тас цемент құдықтың түбі ақтопырақтанып көзге шалынады. Қабымның аузын шешіп, жіпті аузының бір бұрышынан, екінші ұшын түпкі бұрышынан байлап, құдыққа абайлап, саумалап түсірдім де, қап түбін байлаған жағын жоғары көтеріп, күшіктерді құдық түбіне төктім. Бөлтіріктер құдық түбінде қыңсылап қала берді. Атыма міндім де, өз шаруаммен жоқ түйелерімді қарап, өріске кете бердім.
Араға үш-төрт күн салып, ауылдан қасыма Қуандық құрдасымды алып, екі атты әлгі тас құдыққа келдік. Жақындағаннан осқырып-парылдап, құдық маңайына жақындатар емес. Көлігімізді алысыраққа бекітіп, басын байлап, құдыққа жақындап келдік. Қасымдағы Қуандыққа:
— А-ал, сенің жүрегің қалай еді қасқырларды көргенде? — деп әзілдеймін. Құдықтың тас сақинасы жер бетіне бір метрдей шығып тұрған. Қасқырлардың іздері құдықты айнала шарлап тастаған. Оны аңғаратын Қуекең жоқ, екі көзі тас құдықтың аузында. Мен ішімнен: «Е-е, бәрі де «жанұясымен» түгел құдық түбіне қонақтаған екен» деймін. Екеуміз айбайлап, сақтана келіп құдық аузынан үңілсек, түбі толған қасқыр. Арланы мен қаншығы жоғарыдағы бізге қып-қызыл көздерінен от шаша жауыға қарайды.
— Ой-пыр-ай! Мыналарды осылай ұстау қалай ғана ойыңа келген?! — деп таңдайын қағып, таңырқайды құрдасым.
Мен оған:
— Жағдай былай болған сияқты, достым. Мен күшіктерді құдыққа салғасын ізімнен еріп отырған арланы мен қаншық қасқыр мен кеткесін құдықтағы күшіктерді құтқарудың бар амалын ойлай-ойлай, болмағасын қаншығы шыдамай, құдыққа қойып кеткен. Ол шықпағасын, күтіп күтіп құтқармаққа арланы да секірген деп ойлаймын. Ал 3-4 күннен кейін асық- пай келуімнің мәнісі: қасқырлар ашығып, шөлдеп, әлсіресін дегенім ғой, — деймін.
— Ал енді бұларды қалай аламыз? — дейді Қуекең.
— Түк қалайы жоқ. Әуелі арланын, содан соң қаншығын бір-бір оққа тапсырамыз. Қалғаны оңай емес пе?
Біз солай істедік те. Тек «салмағың жеңіл, құдыққа түс, мен тартып аламын» дегеніме Қуекең құрдасым біраз қиғылық салып, ақыры келісті. Сөйтіп, бөлтіріктерімен сегіз бөріні алып ауылға қайтқанымыз бар, — деп аңшы аға әңгімеге ұйып қалған бізге күлімсірей қарады.

Беркімбай БОЗТЕРЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *