Төкпе жырдың төресі – Ғабит

Айтыс – халқымыздың бірегей ұлттық өнері. Жалпы жыр жарысы қанына қара сөз бен шешендік өнер дарыған қазақтың ата-бабадан келе жатқан тамаша ойын-сауығының біріне жатады. Мұнда жігіттің шешендігі де, серілігі мен бөрілігі де көрінеді. Қыздың да, өзіне тән қылығы, парасаттылығы мен қағытпа қалжыңы қылаң берсе, ең бастысы елдік те, ерлік те, халықтың бұқарға айтылған үні мен сыны да қос ақынның шеберлігі мен шама шарқына қарай дәл осы айтыс үстінде өлең шумақтарымен жеткізіледі. Бағзыдан бізге жеткен ұлттық өнер бүгінде ұмытылған жоқ. Қайта саф алтындай сақталып, күн өткен сайын ақындық аламанға арнайы дайындайтын мектептерде үйірмелер, жоғарғы оқу орындарында «Айтыс өнері» мамандықтары ашылып жатыр. Ал, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтің кіндік қаны тамған Әулиеата өңіріндегі ақындардың айтыстағы орны бөлек.
Дәстүрлі түрде осымен үшінші жыл өткізілуі жоспарланған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысының жыл басында өткен облыстық іріктеуінде ерекше суырыпсалмалығымен көзге түсіп, қарсыластарымен қызықты әрі тартысты өнер көрсеткен бүгінгі сұхбаттың кейіпкері Мойынқұм ауданының ақыны – Ғабит Есдәулетов.

– Ғабит Әбітайұлы, жыл басында өткен айтыста өзіңізден ерекше жыр жарысын көрдік. Қазылар алқасы мен сарапшлардың барлығы шебер сөз саптасыңыз бен ұшқыр өлеңдеріңізге дән риза. Дайындық ерекше болды ма, әлде?..
– Мен негізі балалық шағымнан өлең оқуға құмарттым. Сонымен қатар шығармашылық саланың бел ортасында жүрген үлкен ақын ағаларымызға қатты еліктеп өстім. Өлеңдерін көп жаттадым. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысының жыл басында өткен облыстық іріктеуіне де дайындық қарқынды болды. Мен үшін де өте тартысқа толы қызықты өтті. Көрерменге әдемі өнер өрнегін көсетсек бізге одан асқан қуаныш бар ма. Жалпы өзім табан асты суырып салма айтыс өнеріне жақынмын. Кейде қанша дайындалғаныңмен жұрт алдында барынша ашыла алмай қалатын кездер болады ғой, бір жағынан қарсыласқа да байланысты. Сіз айтып отырған сол уақыттағы айтыс өзімізді жүз пайыз көрсеткен еркін айтыс болды деп ойлаймын.
– Іріктеуден сүрінбей өттіңіз. Өкінішітісі елімізде орын алған төтенше жағдайға баланысты айтыстың республикалық кезеңі кейінге шегерілді. Ақтық мәреге сол сәттегі дайындығыңыз қалай еді?
– Алдымен Республикалық айтыстың өтетінін естігенде қатты қуандым.Себебі бұл менің көптен күткен арман тілегім еді. Әрі осы болатын айтысқа деген бірінші ынта жігерім және дайындығым да жоғары деңгейде болды. Ел басына түскен бұл сынақ тек бізде ғана емес әлемді алаңдатып отырған күн тәртібіндегі бірнші мәселе болып тұр. Әлем елдерінде болып жатқан індет болған соң амал бар ма, сақтық шараларын бұлжытпай орындау керек. Ел аман жұрт тыныш болса әлі талай додаға түсеріміз анық. Қазақтың ұлттық өнері айтыс ешқашан халықтың жүрегінен, сенімінен өшкен емес. Сондықтан талай айтыс өтетін күн алда. Халык пен қайта қауышатын күн келеді. Мен оған сенемін.
– Өзіңіз өскен өлке туралы айтып өтсеңіз…
– Менің туып өскен және азамат болып қалыптасқан ортам Мойынқұм ауданы. Екі мәрте еңбек ері Жазылбек Куанышбаев атамыз туған өлке Жамбыл ауылында дүниеге келдім. Сол Жамбыл ауылында Абай орта мектебін оқып бітірдім. Өмірдегі бел-белестерге себепкер болатын дүниелер көп. Айтарлық, тарих сабағын тереңдетіп оқудан ұстазым Көрпеш Байжарасқызының еңбегі зор. Ал айтысқа дайындаған қазақ тілі пәнінің ұстазы Батыр Байжарасұлы. Осы қос ұстазыма алғысым шексіз. Айтыста әдебиетті біліп қана қоймай оған сабақтасып жататын ел мен жеріңнің тарихын, түп тамырыңды жетік меңгергенің дұрыс. Сөз саптаған жыр додасына түскенде ол сауаттылықтың көп пайдасы тиеді.
Қазіргі уақытта талай атпал азамттар түлкеп ұшқан киелі Шу өңірінде тұрамын. Ата қонысқа әлі де барып тұрамыз.
– Ақындық сізге қаннан берілген қасиет пе, әлде мақсат пен ізденістің нәтижесі ме?
– Ақындық өнер ата тектен және қаннан келетін қасиет деп ойлаймын. Бірақ қанмен келген екен деп жата бермей әрине іздену керек. Біздің тегіміз Ысты Бөлтірік шешен Әлменұлына тікелей байланысты. Менің ұлы бабам. Әкем және әпке-ағаларым да қазақтың ұлттық аспабы домбыраның құлағында ойнайды. Яғни отбасымыз өнерден құралақан емес. Әу демейтін қазақ жоқ қой. Жалпы қара сөз бен шешендік, жазгерлік дүние қазаққа жат емес, қанына сіңген қасиет. Сондықтан қай баласын бауылыса да қазақтың өнерпаз шығады деп ойлаймын.
– Айтысқа қалай келдіңіз?
– Айтысқа келуім бағана басында айтқандай өнер бойда болған соң түбі өз жолын табады екен. Мен жиырма жыл айтыстан алыстап қалдым. Содан екі жыл бұрын Мойынқұм аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев мырза мені қабылдауына шақыртып айтысты қайта қолға алуыма себепкер болды. Содан бері мінекей қайта ізденіс пен дайындық үстіндеміз.
– Тек суырыпсалма айтыскер ақын ғана емес, болмысыңыздан көптен ұшырастыра бермейтін қазақылықты көреміз. Айтыңызшы, нағыз қазақ жігіттерінің бойында қандай қасиеттер болуы шарт?
– Мен бірінші қазақ болып туылғаныма Алла шексіз шүкір деймін. Жеті атамызды жаттатқан, тәрбиені сонау тереңнен, ата-баба жолынан бастап ұғындырған. Салт-дәстүрі мен тектілік жолы ерекше елдігіміз бар. Сондықтан қазақ болып өмірге келгеніме қуанамын.
Ал қазақ баласының бойында намысы мен еліне деген сүйіспеншілігі басым болса ол азамат деп айтуға тұрарлық деп білемін. «Жеті ұлың болып жерге қаратқанша, бір ұлың болып елді қаратсын» деген қазақ ата бабамыз. Міне, әр отбасы осы нақылды бетке алып ұл өсірсе біз еш мемлекеттен кем болмаймыз деп нық сеніммен айта аламын. Жалпы қазақ жігіті аңғал, қолы ашық, дұшпанына қатал, досына адал келеді ғой. Қазақтың қай тарихын ашып қарасаңыз да ата-бабаларымыз қайсар әрі мінезді келген. Осыны жігіттер қауымы, әсіресе жас буын көкейге түйіп өссе игі.
– «Ит – жеті қазынаның бірі» демекші бабамыздан бізге жеткен ос жануар сейілге шықса серінің серігі болған, түздегі мал-мүліктің сақшысы екені мәлім. Өзіңізді қазақы Төбеттерді асырайды деп естідік. Көпшілік біле бермейтін тағы қандай қырларыңыз бар?
– Менің балалық шағым малды ауылда өтті. Себебі әкем малшы болды. Сол малды ауылда қора қарауылдап, қасқыр алатын қазақы Төбеттер болатын. Қазір олардың тұқымы жойылып кетудің алдында тұр. Сондықтан сол төбет ит тұқымын сақтап қалудың жолын қарастырып жатқан жайым бар. Негізінен ит жүгірту, құс баптау, атбегілік бәрі-бәрі – өнер. Ата-бабамыздан қалған өнер, сол кісілердің салып кеткен сара жолы. Сол кісілердің бізге қалдырған асыл мұраларының бірі. Әркімнің бос уақытта айналысатын тамашасы болады ғой, біреу доп қуып рахаттанса, біреу қыдырып, енді бірі табиғат аясына сейілге шығып дегендей. Сол секілді жеті қызынамыздың бірі саналатын ит асырап, оны жәй ғана бағып қана қоймай сенімді серігіңе айналдыру, міндетіне мығым етіп тәрбиелеу мен үшін бұл да бір жақсы іс. Тілі жоқ демесең түсінетін, иесінің қас-қабағын бағып, даусына шейін жазбай танитын ерекше жануарлардың бірі жылқы болса, бірі ит емес пе.
Сонымен қатар көпшілік білмейді деп ойламаймын, әуелетіп ән салатыным бар қоңыр домбыраммен. Сонау кезіндегі жыраулардың термелерінен бастап берідегі Рамазан Стамғазиевтің сарынды әндеріне шейін біраз әндерді жиын-тойларда, орталарда көпшіліктің сұрауымен шырқап тұрамын.
– Екі нәрсе: ең мықты және ең бақытты адам деген кім?
– Бұл сұрағыңызға бір сөзбен жауап берейін. Аталарымыз айтқандай ерден кетсең де елден кетпе деген. Еліне сыйлы, сөзі кісі тыңдарлық тура, халқы қадірлеген азамат болса – ол мықты және бақытты деп ойлаймын.
– Алдағы уақытта шығармашылығыңыздан қандай жаңалықтар күтеміз?
– Ең алдымен халықты алаңдатқан мына індетті жеңіп, жұртымыз қайта кәсіптерін жалғастыратын болса. Алаңсыз айтысыма дайындалып ел-жұрттың сағына күткен арман тілегін бір орындап жатсам менен бақытты жан бар ма? Сол күнге аман-есен жетуді құдай нәсіп етсін. Айтыс өнерінде қарқыныма қарқын қосып бұдан әрі ілгерілемесем, ұлттық өнерімді тастамайтыным анық. Алдағы уақытта жұртыма тұшымды жыр күтіңіздер тек.
– Жаныңызға жақын бір өлең оқып берсеңіз, сонымен сұхбатымызды аяқтайық…
– Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *