Жуалылық шаруалар жаңа техникаға қол жеткізді

Жуалы ауданында картоп өсірумен айналысатын 13 шаруа қожалыққа жаңа техникалар тапсыру салтанаты өтті. Бұл қуанышты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп қатысты.

Қосбөлтек ауылының оңтүстік шетіндегі алаңқайда өткен шара облыс басшысының тапсырмасымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және облыстық кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Облыста картоп шаруашылығын дамыту мақсатында картоп өсірумен айналысатын шаруаларға лизинг арқылы бес процентпен жалпы құны 216,1 миллион теңгені құрайтын 50 дана ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Олар: 15 дана LOVOL-904 маркалы трактор, қалғаны қосалқы агрегаттар: жүк тиегіш, минералды тыңайтқыш сепкіш, картоп қазғыш, соқа, тағы да басқа.
– Елімізде кең тараған ауыл шаруашылығы дақылының бірі – картоп. Картоп ең маңызды тағамдық дақыл болғандықтан, оны «екінші нан» деп те атайды. Сол себептен бүгінгі жаңа техникаларды тапсыру рәсімі облыс басшысының тапсырмасына сәйкес болып отыр. Біз бұл шараны Жуалы – картоп өсіруші мекен болғандықтан осы ауданнан бастап отырмыз. Бүгінгі таңда 13 шаруа қожалықтың жетекшілері сұраныс жасады. Енді тағы да 10 шаруа қожалық техника алуға ниет білдіріп отыр.
Біз жобаның бірінші бағыты бойынша сұраныс білдірген шаруаларға жаңа техникалар табыстасақ, екінші бағытымыз – шаруаларды сапалы тұқыммен қамту. Бұл жұмысты Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы шаруалармен бірлесіп, тәжірибе алмаса отырып, іске асырудамыз. Яғни, «Тараз» ӘКК шаруаларға германиялық, голландиялық тұқымдар алуға қаржы береді. Германиялық, голландиялық картоп түрлерінің өнімділігі жоғары. Сондықтан картоптың осы сұрыптары таңдалған, – деді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарама басшысы Олжас Қаржауов.
Облыс басшысы Бердібек Машбекұлы ауыл шаруашылығы техникаларын аралап көріп шығып, шаруаларға деген жылы лебізін білдірді.
– Халықты сапалы азық-түлікпен қамту – қай кезде болмасын маңызды мәселенің бірі. Сондықтан картоп өсіруде де тұқымға мән беруіміз керек. Сонда ғана біз сұранысқа ие өнім өндіре аламыз.
Жуалының картобы сапасы, дәмі жағынан Қазақстанға белгілі. Өкінішке орай, бүгінгі таңда соншалықты мақтана алмаймыз. Сондықтан мұны қайта қолға алуымыз керек. Сонымен бірге көкөніс, дәнді дақылдарды да көбейтуіміз тиіс.
Егін шаруашылығында маңызды мәселелердің бірі – су мәселесі. Су мәселесі жөнінен біраз проблемалар бар. Оны шешу жолында үлкен жұмыстар атқарылуда. Дегенмен біз суды үнемдеу үшін тамшылатып суғару әдісін пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, өзімізде бар суды, яғни айналамыздағы бұлақ суларын мейлінше тиімді пайдалануымыз қажет.
Бүгінгі алып отырған техникаларыңыз құтты болсын! Сіздерге табыс әкелсін! Жақсылықтың нышаны болсын!- дей келіп облыс басшысы Бердібек Машбекұлы саладағы кемшіліктер бойынша ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Берік Нығмашевқа нақты тапсырмалар берді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *