ҚАЙЫНАТАСЫН ЖЕТЕКТЕГЕН МАЙРА

Соңғы кездері Майраның қайынатасы қартайып, ұмытшақ аурына шалдыққан еді. Кемпірі қайтыс болған күннен бастап мінезі өте қиын болып кеткен. Тоқсаннан асқан қария бұрын Гүлбаршын әжені іздеп жүрсе, енді үйдегі келін Майраға тыныштық бермейтін болды.

«Майраш, анау кемпір қашан келеді? Осылай жүре беремін бе мен? Айтсайшы ол қақпас кемпірге тездетіп келсін деп. Галошымды да киіп кетіпті өзі» дейді бұрқ-сарқ етіп. Ондайда ақылды келін: «Ата-ау, қазір келеді, сіз шаршап қалдыңыз ғой, алдыңыздағы асты ішіп алыңыз. Әл жинаңыз» деп сүт қатқан шайын береді. Ата қолдары дірілдеп кесені ала беріп, төгіп алады да: «Майраш, мен әдейі жасамадым. Мынау менің қолымды итеріп жіберді» деп жанындағы шөбересін ымдап көрсетеді.
Майраш та аңқау кейіп танытып: «Сен балаға үнемі айтамын атаңның жанынан әрі отыр деп» десе, қария кәдімгідей мәз болып, ыржалақтап келініне еркелей қарайды.
Үйдегілер бұл көрініске әбден тойған. Үндемей дастарханда тамақтарын ішіп отыра береді.
Барлық қызық Майра бір жерге кетіп қалғаннан басталады.
Ойпырым-ай, жас сәбидей еңкілдеп жылап, Майраны көршілердің үйінен іздейтінін қайтерсің?
«Майра, Майра! Майра, Майра!» деп жағы талғанша бүкірейіп ағашына сүйеніп әр есіктен басын қылтитып: «Майрамды көрдіңдер ме?» деп кемсеңдеп жылағанда, кәдімгідей аяп та кетесің.
Бүкіл ауыл сосын атаның келіні Майраны шарқ ұрып іздеп жүргені.
«Осы сен қатынға айттым ғой ешқайда кетпе деп. Ана шал бүкіл ауылды шулатып, масқарамызды шығарды» деп Майраның жолдасы Есен әйеліне жекіп тастады.
«Ойбай, енді доқтырға да бармаймыз ба? Онсызда, тойға барудан қалдық қой» дейді ренжіңкіреп. «Барасың ба? Шалды ертіп кет! Артыңды шулатпай!» деді Есен қаһарлана.
Иә, сол айқай шыққан күннен бері Майра жанына атасын ертіп жүретін болды. Тойға баратын кезде де, төркініне де, жүрген жерінде атасы қасында емпеңдеп жүргені. Бүкіл ауыл кейде Майраның сыртынан мырс етіп күліп жібереді. Ондайда Майра ренжіп: «Бастарыңа берсін! Мейлі, күле беріңдер, осы кісінің арқасында үйімнің берекесі молынан. Құдайға шүкір, сендер секілді кредитке тәуелді емеспін. Сұраған баламды да Алла берді. Мен атамның алтын Майрасы болсам, сендер құр сайрап жүре беріңдер» деп ернін сылп еткізеді.
Кейде құрбылары да: «Түу, Майра, атаңды ұйықтатып келсейші» дейді. Сондайда Майра шап етіп: «Не болды соншама жақтыртпасаң оныңды айт? Бармай-ақ та қойдық» деп өкпелеп шыға келеді.
Амал жоқ құрбылары тойға атаймен бірге билейді, ішеді, жейді.
Атай өзімен өзі болса мейлі ғой, Майраны қызғанатынын қайтерсің?
«Әй, сендерді жын қуды ма? Өшіріңдер ананы! Майра, әй, Майра? Жүр, қайтайық. Ұйықтағым келіп кетті» деп қолынан сүйреп алып кетеді. Жалтақтап Майра атасын ертіп тойдан кете бара жатса, күйеуі Есен: «Жолдарыңыз болсын!» деп ішек-сілесі қата күледі.
Осылайша күндер өтіп жатты.
Бір жылдан соң атаның кемпірінің асы берілетін болды. Жан-жақтан туған қыздары келе бастады.
Майра — өте жайлы, таза, бес аспап болғаннан соң, күндіз-түні жаны қалмай сонау Алматы, Астанадан келген үш бірдей қайынапасының жағдайын жасап зыр жүгіріп жүр.
Майрасы баяғыдай көңіл бөлмей қойғанын байқаған ата, кейде аузы бұртиып теріс қарап отыратынды шығарды.
Үш қызы келіп, әкесін құшақтайын десе, шал безектеп тұрып Майраның артына тығылып қалады да: «Мына үш кемпірге айтшы, Майра, кемпірі бар деп» дегенде, үйдегілер жата келіп күледі.
«Папа-ау, мен үлкен қызыңыз Марияшпын, мынау Зағира, анау Қатипа» дейді көздерінен жас аққанша.
Сонда да, шал көнбейді.

Төртінші күні үш әйелдің үйінен кіріп, шығып жүргенін жақтыртпаған атай: «Майра, әй Майра? Анау үш қатын қашан кетеді? Үйлері жоқ па өздерінің? Неге оларға ет аса бересің? Кетсін үйлеріне!» дегенде барып, үш қызы қыран-топан күліп: «Әке, түсіндік. Қазір кетеміз» деп киімдерін жинап, сол күні кетіп қалыпты.

Иә, осы әңгімені естігенімде, көзімізден жас аққанша күлгенбіз.
Қыздары: «Ойбай-ау, әкеміз бізді танымақ түгілі, қашады ғой. Бала болып кетіпті. Үйден осылай қуып шықты. Майраға мың алғыс, әкемізді қолында баптап, шаң жуытпай мәпелеп жүргеніне. Келін болса, Майрадай болсын!» деп ырза болып отырғаны.

«Күлсең, кәріге күл» демекші, қариялар жасы келгенде бала болады деген осы екен-ау…

Қазыналы қарияларыңыз үйіңізде болса, қадірлеңіздер!
Үп етіп бетіне келмеңіздер.
«Қарты бар үйдің — қазынасы бар».
Егер қартты баптап, мәпелесіңіздер, Құдай Сіздерге берерін тоқтатпайды.

Бибігүл Дәулетбекқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *