Картоп деп, міне, осыны айт!

Ауыл шаруашылығы саласында нағыз еңбек майданы басталған. Ауданның қай аумағына бармайық, екпінді еңбектің үлгісін көресің. Бірі жемшөптің берік қорын жасау жолында жүрсе, енді бірі балтамырын баптаумен айналысуда. Үшіншілері жиын-терін қамына кіріскен.

Жамбыл ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев және аудан әкімінің кеңесшісі Аманалы Құрбановпен бірге ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысу үшін жолға шыққанбыз.
Бардық. Көрдік. Көңіліміз толды. Әсіресе, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Егізбаев. Н» шаруа қожалығына тән картопты алқаптағы көрініс мұнда жиын-терін науқанының қызу жүріп жатқанын айғақтаған.
Әдеттегідей егістіктің бел ортасында жүретін ауыл әкімі Қайрат Жатқанбаевты бұл жолы да алқап басынан кезіктіріп, әңгімеге тартқанбыз.
– Шаруашылық төрағасы Нұрлан Егізбаев дақылдың осы түрін өсіруге әбден машықтанып алған. Биыл бесінші жыл картоп егумен айналысып келеді. 90 гектарға картоптың голландтық сұрпын еккен болатын. Алынып жатқан өнім көңіл көншітеді. Жиын-терін кезінде жүзге жуық адам жұмысқа тартылады. Осындай кезде қол күші ауадай қажет. Тереді, сұрыптайды, қаптайды, көлікке тиейді. Жұмыс соңында оларға еңбекақылары төленеді. Тіпті, 5-6 келіден картоп та беріледі, – деді. Әрине, аптап ыстықта еңбек ету оңай емес.
Әңгімемізге қосылған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев: – «Екінші нанға» баланған бұл картопқа сұраныс көп. Тап бүгінгі нарықта бұл өнімнің базардағы бағасы 80-90 теңгені құрайды екен. Ал, Егізбаевтар 60-65 теңгеден саудаға шығарып отыр. Бұл да болса қарапайым халыққа едәуір көмек. Ауданымызда картоп 572 гектарға орналастырылды. Жиын-терін ертең басқа шаруашылықтарда да жаппай басталмақ, – деді.
Алқаптағы көрініске қарап «картоп деп, міне, осыны айт» деген біз төңірегімізге тамсана қарадық.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
Жамбыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *