«Жаман болады» сөзінің мәні неде?

Қазақы наным-түсінік оның тұрмыс-тіршілігі, өмір-салтымен етене байланысып жатыр. Бүгін назарларыңызға ата-анамыз бен ауылдың үлкен ақсақалдары үнемі айтып жүретін «Жаман болады» жайлы қазақтың тыйымдарын ұсынамыз. «Жаман боладының» астарында не жатқанын білгіңіз келсе, назар аударыңыз.

• Белді таянбайды. Себебі жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады.
• Жер таянып отырмайды. Жақынынан айрылған адам ғана жер таянады.
• Белді босқа буынбайды. Өмірінде перзент көрмеген адам ғана белін босқа буынады.
• Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады.
• Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден жалыққан адам ғана жағын таянып демеу етеді.
• Тізені құшақтамайды. Бұл «ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді.
• Екі қолды төбеге қойып отыруға болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана екі қолын төбесіне қойып отырады.
• Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады.
• Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.
• Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру-жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі.
• Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді.
• Адамға қарап керілмейді, бұл да әдепсіздік болып саналады.
• Жатқан кісінің үстінен аттамайды.
• Ішекті тартуға болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.
• Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді.
• Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күнде алады.
• Сейсенбі күні үлкен жұмысқа кіріспейді. Жаңа мекенге көшпейді, жолға шықпайды, тіпті малды да санамайды. Түнгі қонаққа мал сойылмайды. Қазақ халқында сәрсенбі сәтті күн есептеледі. Сондықтан барлық істі сәрсенбі күні бастайды.
• Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қараса, қатты шошынуы мүмкін.
• Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады.
• Ер адам төрге қарап жүрелеп отырмайды. Өйткені ол қырық адамның жолын бөгейді. Егер әйел жүрелеп отырса, онда қырық адамның жолын оңғарады.
• Ауылға атпен шауып келуге, жүгіріп үйге кіруге болмайды. Бұл адам шығынының жаман хабары деген жаман ырымға саналады. Егер сүйінші хабар болса, шауып келуге болады, бірақ «сүйінші!» деп айғайлап келу керек.
• Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде немесе жаназаға шақырғанда атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауға тиіс.
• Кісі ақысын жеуге болмайды. Кісі ақысын жеген адам о дүниеге барғанда тозаққа барады.
• Жақын адамға мысық берсе, аралары суып кетеді.
• Құлаған үйдің, мал қораның ішінде адам дәретке отырмайды, киесі ұрады.
• Тырнақ пен шашты баспайды, отқа тастамайды, оларды адам баспайтын жерге көмеді.
• Кірдің суын басуға болмайды. Жаманшылық кірдің суымен кетеді. Оны басу сол жаманшылықты үйге әкелумен бірдей.
• Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені жақсылықтың бәрі адам маңдайына жазылады.
• Бейіт тұсынан шауып өтуге, бейітке қарап қолды шошайтуға, оған қарап түзге отыруға болмайды. Бұл — қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым.
• Таяққа сүйенуге болмайды. Өйткені жақыны қайтыс болған ер адам ғана таяққа сүйенген.
• Дәретханаға кіргенде сөйлеуге, күлуге болмайды. Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Бойымдағы ауыртпалық дәретханада қалсын деп, сол аяқпен, жақсылықтың бәрі алдымнан шықсын деп оң аяқпен шығу керек.
• Түнде суға бармайды. Барған күндеде «Су иесі Сүлеймен, су алуға рұқсат бер» деп суға үш рет кесек лақтырып барып алған жөн.

Ержан ЖОЛТАБАР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *