Міндет айқындалып, жұмыс жүйеленді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Аудан халқын алаңдатқан ауыз су мәселесінен бастап, газ, жол, баспана және жаңа оқу жылына мектептердің даярлығын пысықтап, дәрігерлердің де жайын білді.

Ең алдымен облыс әкімінің жұмыс сапары ауданға қарасты Шайқорық ауылында басталды. Мұнда өңір басшысы ауыз су мұнарасының жұмысымен танысты. Айта кетсек, бұған дейін ауыз су мәселесі ауыл халқының жанына батқан мәселенің біріне айналған-тұғын.
Шайқорық су жүйесі бес елді мекенді қамтиды. 1290 абонент бар. Қазіргі жағдайда тұрғындардың тоқсан пайызы ауыз суды тұтынуда. Әзірге су халыққа уақытпен, яғни сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін берілуде. Өйткені елді мекендер балансқа алынғанымен судың тарифі әлі алынған жоқ. Су қоймасы жуырда іске қосылды. ХМұнда мың куб су бар. Толығымен қамтылу халықтың өзіне байланысты. Себебі су әрбір тұрғынның үйіне дейін жеткізілген. Тек ішке кіргізіп алса болды. су қоймасында қазір 3 адам тәулік бойы жұмыс жсауда. Штат бекітілгеннен мұнда он бес адам жұмыс жасайтын болады,-дейді облыстық «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев.
Бердібек Машбекұлы құны 1,5 миллиард теңгеге жетіп жығылатын жаңа су жүйесі бола тұра жергілікті халықты тіршілік көзімен небәрі үш-ақ сағат қамтамасыз етуге болмайтынын, бұл өте аз көрсеткіш екенін ескертіп, судың сапасын бақылауды, ол үшін жұмысты жүйелеп, тұрғындармен бірге істі ілгерілетуді тапсырды.
Бүгінде ауылдық округ мәдениет үйі, пошта секілді әлеуметтік нысандармен қамтылған. 1974 жылдан бері талайға қара танытқан Шайқорық орта мектебіне осыдан үш жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауылдық округ әкімінің айтуынша мектепке су кіргізілген, кәріз жүйесіне де қосылған. Білім ұясы 640 орынға арналған.
Алайда аталмыш мектепке бас сұққанда ауладағы спорт алаңшасының сұлбасы сын көтермеді. Ашығын айтқанда мектеп ауласы көрген көзге қараусыз қалғандай әсер қалдырды. Облыс әкімі оқу жылына дайындықты пысықтауды, ауладағы абаттандыру жұмыстарын дереу қолға алуды тапсырды.
– Мен білім басқармасына тапсырма бергенмін. Мүмкіндігіне қарай бірінші сыныптың балаларын дәстүрлі түрде оқыту керек. Бала мұғалімді, сыныпты, тақтаны сезінуі қажет. Қашықтан оқытылса іргетасы солай қаланып қалады. Сонымен қатар бұл мектептен 46 жылдан бері қаншама азамат түлеп ұшты. Tulek.kz сайтында сол түлектердің барлығының мәліметі, жетістіктері болуы қажет және олармен байланыста болуларыңыз керек, — деді облыс әкімі.
Бұдан кейін облыс әкімі Аса ауылындағы жаңадан бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен жан-жақты танысты. Облыс әкімі спорт кешенінің жұмыстары аяқталғаннан кейін оның сыртына ел абыройын асқақтатқан танымал спортшылардың суреттерін ілуді тапсырды.
Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы қайта жаңғыртудан өткен аудандық шығармашылық орталыққа бас сұқты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, білім мен ғылымды дамыту мақсатында қолға алынған жоба аясында іске асқан орталық алты бағыт бойынша жұмыс жасауда. Онда химия, биология, қолданбалы өнер, алғашқы медициналық көмек, аспазшы кондитерлік, автомоделдеу секілді қажетті салалар қамтылған. Орталық қазір Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының аумағында орналасқан. Осы ретте өңір басшысы мектеп-гимназиясына да ат басын бұрды. Аталған білім ұясының табалдырығын биыл 60 бала аттағалы отыр екен. Б. Сапарбаев мектептің қасбетін, ауласын жөндеуді тапсырды.
Облыс әкімі денсаулық сақтау саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Аудандық ауруханаға арнайы ат басын бұрып, ақ халатты абзал жандармен жүздесті.
– Бізге күніне 40 шақты адам қайырылады.Тегін дәрі дәрмектер жеткілікті. Індетке байланысты дәрілер де қорымызда бар. Нақты айтқанда қордағы дәрі қазір екі аптаға жетеді. Карантинге байланысты аудан бойынша 14 мобилдік топ жұмыс жасайды. Оған қажетті көлікті аудан әкімшілігі бөліп отыр. Науқастар үй жағдайында да ем алуда. Егер науқаста індеттің белгілері байқалса 60 орындық провизорлық бөлімге жатқызылады. Ал егер симптом анықталса қалаға жеткізіледі. Нақты уақытта 87 дәрігер жұмыс жасайды. Бірақ дәрігерлер жетіспеушілігі бар. Дегенмен қажеттілікті жас мамандармен толықтырып жатырмыз, — дейді ауданның бас дәрігері Алтай Саурықов.
Аудандық емханада қазір 2 цифлық ренген аппараты жжәне жүрек аппараттары бар екен. Бірақ компьютерлік томография жоқ. Бердібек Машбекұлы сол бағытта жұмысты күшейтуді айрықша атап өтті.
Ал аудандық аурухананың провизорлық бөлімінде 28 науқас емделіп жатыр екен. Жансақтау бөлімінде жатқан бір науқастың жағдайы да бірқалыпты. Бір жеті бұрын 60-тан аса адам провизорлық бөлімде, ал жан сақтау бөлімінде 4 адам өмір үшін күресіпті. Көңілге медет болатыны, ауданда соңғы екі аптада адам шығына болмаған. Сонымен қатар ауруханада 3 өкпені жасанды желдеткіш аппараты бар екен. Облыс әкімі жансақтау бөлімінде қанша төсек болса, сонша ӨЖЖ аппараты болуы қажет деп тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі Қаракемер ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Айталық, бұрын-соңды бұл ауылда мәдениет үйі болмаған. Сондықтан бұл халықтың көптен күткен қуанышы. Қуаныш десек артық болар, жұбанышқа айналатын түрі бар. Себебі Мердігері «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі торғайдың ұясындай жерге тоқсан адамды сыйдырмақшы екен.

– Екі мыңнан аса халыққа мұндай шағын мәдениет үйі салынып жатыр деген естіген елден ұят. Елге күлкілі болғанша мұндайды салмай-ақ қою керек. Концерт келді дейік, 100 адам да сыймайды ғой мына жерге. Бекерге ақшаны желге шашып жатсыздар,-деп облыс әкімі сын тезіне алды.
Жұмыс сапары барысында Бердібек Машбекұлы Тастөбе ауылының ауылішілік газ құбыры желілерінің құырылысымен де жіті танысты. «Газ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс монтаждау бөлімінің басшысы Ерлан Қасқарбаев биыл ауылдың ішіндегі жұмысты толық бітіреміз деп отыр.
Ал осы Тастөбе мен жоғарыда аталған Қаракемер де Көлқайнар ауылдық округіне қарасты. Көлқайнардың өзінде де көңіл қуантарлық істің бірі 100 орындық орта мектептің құрылысы. Мердігері – «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жыл аяғында бүлдіршіндердің игілігіне беріледі деп күтілуде. Облыс әкімі күн суып кетпей жұмысты ертерек аяқтауды, білім нысанының қасбетіне ерекше мән беруді, сондай-ақ абаттандыру жұмыстарын да назадан шығармауды тапсырды.
Өңір басшысы аудандағы басты мәселенің бірі баспананың жайын да біліп қайтты. Бұл ретте жаңадан қазығы қағылып, іргесі тіктелген Аса ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан жұмыс жыл аяғында толығымен аяқталады деп күтілуде.
Осылайша облыс әкімі аудан әлеуетін көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеп, жан жақты тапсымалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *