Тәтті түбір төңірегіндегі түйткіл

Қант қызылшасы – технологиялық дақыл. Дақылдың бұл түріне сұраныс көп. Ауданның қызылша алқаптарында осынау бағалы дақылды күтіп-баптау жұмыстары қалай жүргізілуде? – деген сауалды алға тартып, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаевтан мәлімет беруін өтінгенбіз.

– Биыл аудан бойынша 671 гектар жерге қант қызылшасы орналастырылды. Таратып айтқанда, Айшабибі ауылдық округі 165 гектар, ақбастаулықтар 40 гектар, Аса ауылдық округі 90 гектар, бесағаштықтар 10 гектар, Көлқайнар ауылдық округі 110 гектар, қаракемерлік шаруалар 15 гектар, Қарасу ауылдық округі 90 гектар, қаратөбеліктер 66 гектар, қаройлықтар 30 гектар, қызылқайнарлық қызылшашылар 30 гектар, Полатқосшы ауылдық округі 20 гектар жерге қызылша еккен болатын.
Дегенмен кейбір шаруашылықтар судан тапшылық көріп отыр. Оған себеп те жоқ емес сияқты. Осы тұрғыда облыстық су шаруашылығының басшысы міндетін атқарушы Г.Зәуірбаеваның аудан әкімінің атына жазған хабарлама-мәліметіне сүйеніп, оның сөзін дәлме-дәл келтірсек былайша өрбиді.
«2020 жылдың шілде айының үшінші онкүндігінен бастап Қырғыз Республикасының территориясында орналасқан «Чон-Қақпа» (Киров) су қоймасынан тасталып жатқан су Қазақстанға 35,0 м3/с суды құрады. Жоспар бойынша 57,9 м3/с суды құрауы қажет. «Чон-Қақпа» су қоймасында бүгінгі күнге (20.07.2020 жыл) қалған судың көлемі 112,50 млн м3. Өткен жылы осы күнге қоймада 213,28 млн м3 су жатқан болатын.
Қырғыз тарапынан су қоймасындағы судың аз қалуын тауға қардың аз түсуі және су қоймасына судың аз жиналуы салдарынан деп түсіндіруде.
Аталған жайды ескеріп, аудандағы ауыл шаруашылығы дақылдарын егуші шаруа қожалықтарына түсіндіріп, суды үнемді пайдалану керектігін жеткізіңіздер» делінген.
Осы мәліметтен-ақ судың тапшылығын аңғарасың. Дерек көзіне сенсек, судың көлемі алдағы уақытта мұнан да азая түспек, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
«Сулы жер – нулы» болатынын ескерсек, су алқап басына жетпесе, еткен еңбек еш кететіні анық. Қызылшашылар оған облыс, аудан басшылары жол бермейтініне сенеді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
Жамбыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *