Ауыл тұрғындары жобаның жемісін көруде

Өңірде былтыр қолға алынған облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы табысты жүзеге асуда. 10 ауданнан 11 пилоттық ауылдық округтен 25 елді мекеннің тұрғындары қатысып жатқан аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8471 миллион теңге несие қаражаты игеріліп, оның «Тараз» ӘКК» АҚ-ы арқылы 7 200 миллион теңгеге 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылған. Бастаманың үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалан бағыты аясында 11 ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы қажетті тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алуға 125,9 миллион теңге игерілген. Бүгінде ауыл тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланып, аулаларынан пайда түсіре бастады.
Жалпы аталмыш бағытқа ауылдық округтердегі 8 337 жері бар аулалардың 7 856 ауласы қатысқан. Қазіргі таңда осы аулалардың үй іргесіндегі игерілетін – 932 гектар жері жоспарға сәйкес игерілген. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күнге ол жерден 281 тонна қияр, 15 тонна сарымсақ, 12 тонна қырыққабат көкөністері жиналған. Жиналған көкөністер ауыл тұрғындардың ішкі тұтынуына немесе «Тараз «ӘКК» АҚ арқылы қала/аудан аумағындағы коммуналдық базарда және дүкендер арқылы сату жоспарлануда.
Бұл көрсеткіш тұрғындардың үй іргесіндегі жерін тиімді пайдаланудың нәтижесінде табыс табуда.
Сонымен қатар үй іргесіндегі көлемі 220,9 соттық жерге 16 жылыжай құрылысына 138,1 миллион теңге несие қаражаты берілген. Осылайша 8 жылыжай іске қосылып, қияр егілді. Қалған, 8 жылыжай тамыз, қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланып отыр екен.
Тиімді бастаманың тетіктері арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып отырған елді мекендердің бірі Талас ауданы, Үшарал ауылы. Аталған ауылдық округ әкімдігінің бөлім басшысы Еркеұлан Жамансариевтің сөзінше, 360 аулаға көкөністер егілген. Нақтырақ айтқанда, 1 гектарға қызанақ, қияр, 8,3 гектарға картоп, 28 гектарға қауын, 16 гектар қарбыз егіліпті. Қазіргі таңда ауылдықтар алғашқы өнімдерін жинай бастаған. Яғни осы уақытқа дейін 12 тонна қияр жиналыпты. Ал қалған өнім түрлері енді пісе бастаған. Айта кетерлігі, ауылдық округ аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан өндірілген өнім жеке тұтынымды қанағаттандырып отыр.
— Жоба өңірде алғаш рет іске асып жатқанның өзінде нәтижелі екенін көрсетіп отыр. Себебі өткен жылы ауылдық округте үй іргесіндегі 32 гектар жер ғана игерілсе, биыл 55,15 гектар жер игерілді. Әлбетте, бірінші жыл болғандықтан өнім айтарлықтай емес. Дегенмен тұрғындар енді ғана түсіне бастады. Оның үстіне елді мекенде ағын су мүлде жоқ. Бұл мәселені шешудің бірден бір жолы әр аулаға құдық қазу. Бірақ ол ауыл тұрғындары үшін қымбатқа түседі. Сондықтан жоба аясында оны да несиелендіруге қосқан едік. Соңыра ол алынып тасталды. Соған қарамастан облыс басшылығы құдық қазушыларды арзан бағаға келістірді. Нәтижесінде биыл 78 құдық қазылды, — дейді Е.Жамансариев.
Сол секілді үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, өнімдерін нарыққа шығарып отырған ауылдық округтердің бірі Меркі ауданындағы Сұрат ауылдық округі. Онда 416 аула 8,1 гектарға қызанақ, 5 гектарға қияр, 3 гектарға асқабақ, 5 гектарға картоп және 43 гектарға жоңыршқа екен. Ауыл тұрғындары қазіргі таңда өндірген өнімдерін жеке тұтынушылықтан бөлек аудан орталығындағы базарға да саудалап жатыр екен. Сондай тұрғындардың бірі Қарақат Сатымбаева өз ауласының 5,5 сотық жеріне жылыжай салыпты. Жоба бойынша ол үшін 5,5 миллион теңге несие алған ол жылыжайына қияр еккен. Қазіргі таңда өнімі пісіп, жемісін де бере бастаған.
— Жоба арқылы салған жылыжайымнан күніне 180 келі қияр алып отырмын. Оны аудан орталығындағы базарға саудалау үстіндемін. Маусым айында келісін 250 теңгеден сатсам, қазіргі таңда бағасы 170 теңге. Осылайша өз алғашқы табысыма да қол жеткізе бастадым. Негізі ауылда көкөніс жақсы өсетін болғандықтан қызанақ өңдеу цехының да жұмысын бастап кеттім. Бүгінде оның негізгі жұмыстары бітіп қалды. Қыркүйек айында құрылысы толық аяқталып, қондырғылары орнатылады. Содан соң ауылдан шыққан өнімдерді өзімізде-ақ өндіріп, нарыққа шығаратын боламыз, — дейді Қ.Сатымбаева.
Расында, бүгінгі күні ауыл тұрғындары қанатқақты жобаның жемісін жей бастады. Сондай-ақ өз өнімдерін арзан бағада нарыққа да шығару үстінде. Пилоттық жобаның да мақсаты осы.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *