Жуалылықтардан үйренетін үрдіс

Үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеру мәселесі Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов келгеннен кейін жандана түсті деуге болады. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» немесе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса мән берілген қарапайым заттардың экономикасы негізінде тұңғыш рет біздің облысымызда қолға алынған қанатқақты жоба өз жемісін де беруде. Жуалы ауданында жоба бойынша 2,5 пайызбен несие алған Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін тиімді игеру арқылы жайлап еңсе тіктеп келеді.

Осы ретте ауылда болсын, қалалық жерлерде болсын тырбанып тірлік жасап, отбасын асырап әрі басқаларға жұмыс көзін тауып беріп отырған еңбекқор азаматтарды көптеп кездестіруге болады. Солардың қатарында өз замандастарына, жастарға үлгі болып жүрген ауданның айтулы азаматы Кемелбек Дәуренов те бар.
Әңгіме барысында ауыл шаруашылығы саласының шебер ұйымдастырушысы әрі аталған саланың ардагері Кемелбек Дәуреновтың еңбек жолына аз-кем тоқталып өткенді де жөн көріп отырмыз.
Кемелбек Дәуренұлы қасиетті Қошқарата өңірінің тумасы. Бұрынғы Кендірлі ауылында шаруа отбасында туған. Жастайынан шаруаның, малдың жағдайына қанығып өскен талапты жас Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын үздік бітірген. Еңбек жолын 1972 жылы туған ауылында бастап, осындағы ХХІІ партсъезд атындағы колхозда алты жылдай бас зоотехник, одан кейінгі жылдары Күреңбел ауылында орналасқан Чапаев атындағы колхозда бас зоотехник қызметінде жемісті жұмыс жасаған.
Шаруашылықтарда жұмыс істеп ысылған білікті мамандар ауыл шаруашылығы, оның ішіндегі мал шаруашылығына қашанда қажет екені белгілі. Осы орайда білікті зоотехник 1994-2008 жылдары аралығында аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник, басшының орынбасары, басшы лауазымдарында болған. Жуалы ауданы әкімінің кеңесшісі қызметінен зейнеткерлікке шыққан. Өмірлік тәжірибесі мол азамат К.Дәуренов қазіргі таңда Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді.
Біз жақында Кемелбек Дәуренұлының отбасына барып, ол кісіні жаңа қырынан танығандай болдық. Еңбек ардагері аудан орталығындағы үйінің іргесіндегі шағын жерге бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады екен. Бақшада картоп, сәбіз, қияр, қызанақ, жүгері, сарымсақ, болгар бұрышы дейсің бе, бәрі жайқалып өсіп тұр. Жақында ғана сарымсағын қазып алыпты. Одан бөлек, қияр мен қызанақ та шетінен пісіп жатыр. Бақшадағы көкөністерді Кемелбек Дәуренұлының өзі күтіп-баптайды екен. Қажет кезінде немерелері де көмекке келеді.
— Әкем Дәурен шаруаның жайын жақсы білетін кісі болатын жарықтық. Шалғайдағы шағын ауылда туып-өстік. Әкем мал ұстаумен қатар жыл сайын бақша салатын. Әлі есімде, әкем 1964 жылы ескі қонысқа қарбызды да егіп, сол жылы одан мол өнім алдық. Одан бөлек, тары егетінбіз. Оны күні бойы торғайлардан қоримыз. Басқа да дақылдар егіп, шағын жерден-ақ қыстық азығымызды қамдап алатынбыз.
Кейін есейіп, мамандық алып, өмірдің көшіне ілесіп кете бардық. Бірақ еңбек етуді, әке-шешеміздің берген тәлім-тәрбиесімен бойымызға сіңген жақсы қасиеттерді одан әрі қарай дамыта бердік. Қызмет бабымен бірқатар шаруашылықтарда жұмыс істей жүріп, тұрған ауылымызда үнемі бақша өсіретінмін. Мұның алдында отбасымызбен Көлбастау ауылындағы Б.Момышұлы көшесінде тұрған болатынбыз. Онда да менің бау-бақшам жайнап тұратын. Кейіннен Б.Момышұлы ауылынан жер алып, үй салған жайымыз бар. Бұл үйде де бақша өсірумен айналысамыз. Бақша өсіру – мен сияқты зейнеткерлерге бір жағынан ермек, екінші жағынан қыстық азық қоры. Біріншіден, бақша өсіру арқылы жыл он екі ай отбасымызбен экологиялық таза өнім тұтынамыз. Екіншіден балаларға, келіндерге, немерелерге тәрбие көзі. Өзің не істесең, балаларың да соны қайталайды. Бұл – тәрбиенің негізгі көзі. Жұбайым Қалампыр екеуміз немерелерді еңбек етуге тәрбиелеп жатырмыз.
Үй іргесіндегі жерімізге картоп, сәбіз, жүгері, қияр, қызанақ, сарымсақ, құлпынай, таңқурай егіп, оны көктемнен қара күзге дейін күтіп-баптаймыз. Жоңышқалығымыз да бар. Оны күнделікті орып алып, қоян мен тауыққа береміз. Жұмыстан келген соң айналысатын жұмысымыздың бірі осы. Адам көбірек қимылдаса, еңбектенсе, өмірі де соғұрлым ұзақ болады. Жас отбасыларға айтарым, ерінбей еңбек етіңдер. Қазіргі заманға сай тірлік жасаңдар. Сонда ғана мұраттарыңа жетесіңдер,- дейді Кемелбек Дәуренұлы.
Еңбек ардагері К.Дәуренов жұбайы Қ.Сәрсенбаева екеуі аудан орталығында ұлы Жандос пен келіні Жазираның қолында тұрады. Абылай, Алуа, Даниал, Бибінұр, Сырым есімді немерелері жайқалып өсіп келеді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *