Мейірімді мейірбике

Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар – мейірбикелер. Медицина саласында ерліктердің көпшілігін мейірбикелер жасайды десек артық айтпаймыз. Мейірбике білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, мейірмділік көрсете білетін маман. Мейірбике емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан бірегей қоғамның белсенді тұлғасы. Қоғам мен емделушілердің қажеттілектерін қанағаттандыру үшін, денсаулықты сақтау үшін медбике жұмысын жалғыз және басқа да денсаулық сақтау саласындағы кәсіби жұмыскерлермен бірге атқара береді.

Мейірбикенің міндетіне емделушіні және оның өз тағдырын өзі шешу құқығын сыйлау кіреді. Мамандар осыған байланысты іс атқару барысында келесі принциптерге сүйенуге тиіс екендігін айтады. Мәселен, науқасқа қастық жасамау, керісінше жақсылық жасау. Қызметті қалтқысыз адал істей білумен қатар мамандыққа да, емделушіге де адал болу.
Сонымен бірге мейірбикелік іс адамның ұлттық және таптық сипатын, жасын, жынысын, саяси немесе діни сенімдерін шектемейді. Осы бір ерекше мамандық иелерінің дәл қазіргі таңда қадірі одан әрі арта түскендей. Апталап емес, айлап үй бетін көрмей науқастардың жанын ажалдан арашалап қалу үшін өз өмірлерін екінші кезекке қойып, тәуекелге барған жалпы медицина қызметкерлері қай құрметке де лайықты. Жұмыстағы жүректілік пен жомарттық һәм іскерлігі бір бөлек, жұмыстан тыс уақытында да қолдан келгенше қасындағыларға қамқорлық танытып жүрген осындай жылы жүректі жанның бірі – Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округі амбулаториясының мейірбикесі Ақмарал Сыздықова.
Ауыл тұрғындары Ақмаралды жақсы таниды. Басы ауырып, балтыры сыдағандардың көбі осы мейірімді мейірбикені іздеп баратын көрінеді. Күндіз жұмысқа, ал кешке үйіне жағдайын айтып барады. Тиісінше ақ халатты абзал жан да «Амбулаториядан қайтып келе жатқан сәттің өзінде 2-3 үйге кіріп, үй жағдайында емделіп жатқан науқастарға дәрі егіп шығамын» дейді. Әсіресе, індет жайлаған осы уақыт Ақмарал Бақтыбайқызына ауыр әрі жауапкершілігі күрделі шақ болыпты.
– Екінші карантин уақытында ауылдық амбулаторияға ауырып келетін адамдардың саны күрт артты. Әсіресе пневмонияға шалдыққандар көп. Мұндай жағдайда жұмысқа деген жауапкершілкпен қоса, көңілге қоқыныш, күдік ұялайтыны да жасырын емес. Дәрігердің нұсқаулығы бойынша егжей-тегжейлі әрекет етеміз. Кешкілік жұмыстан қайтқан соң жағдайын айтып келетін ауылдастарым қаншама…
Бірінің анасы, бірінің баласы, енді бірінің бауыры ауырған. Жақындарының жайын айтып шағынған жұрттың жан айқайын естіп, ет жүрегің қалай езілмейді. Сол уақыттарда пневмониямен ауырған ауыр халдегі науқастар аудандық ауруханаға жатқызылды. Орын жетіспеу мәселесі де болды. Осындай жағдайда барлығын емделушінің еркіне ғана салып қоймай, ауруханадағы мамандармен байланысып, жағдайды біз де баяндап, ем қабылдау бөлмесіне жатқызуды сұраймыз.
Бір анығы бұл салаға кәсіби маман тұрғысынан ғана емес, адамгершілік жағынан да үлкен жауапкершілікпен қарау керке деп ойлаймын. Әсіресе дәл осындай өлім мен өмір тайталсақан екі ұдай шақта халық мейірбикелердің мейіріне мұқтаж, – дейді ол.
Иә, расында қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбикелердің атқаратын жұмысы асқан жауапкершілікті қажет етеді. Ақмарал қазір үй жағдайына байланысты еңбек демалысына шыққан екен. Десе де, маңайындағы ауылдастары ауыра қалса, қарап беруін сұрап келіп тұрады. Арасында алғысын арнап жатқандар қаншама…
– Ақмаралды «Марал» деп атап кеттік. Көршіні құдай қосады деген аталы сөз тегін айтылмаған ғой, бізді құдай қосқан.
Осыдан бір жарым ай бұрын өкпемнің оң жағы қабынған деген диагнозбен ауыр халде ауруханаға түстім. Онда жатпастан бұрын үй жағдайында осы Ақмарал емдеді. Жұмысына кетерде бір, жұмыстан қайтысымен кешкісін тағы келетін. Демалыс күнінде 3-4 сағат сыздықтап аққан системаға қарап қасымда тапжылмай отырды. Қарттықтың себі ғой, бәрібір үйден айыға алмай ауруханаға баруға тура келді. Ол жер де жақсы қарады. Бірінші құдай, екінші осы дәрігерлердің арқасында аман қалдым. Қазір жағдайым жақсы, шүкір!
Бір күні балаларыммен бірге жаңағы Ақмарал қызым да ауруханаға келіпті. Ішке ешкімді кіргізбейді, терезеден қарап тілдестік. Бетім бері қарап қалған шақ болатын. Жақындарымның жанашырлығымен қоса іргелес көршіңнің көңіл бөліп келгенінің өзі не тұрады?! Кеуіліңді көтереді екен. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген осы екен ғой. Ақмарал секілді мейірімді мейірбикелер көп болғай, айналайын! Барлығына рақмет. Дәрігерлерге құдай қуат берсін, – дейді кейіпкеріміздің көршісі Әлиман Кулдарбекова есімді апамызы.
Кез-келген жас та болашақ дәрігер, хирург пен тағысын-тағы дәрігерлік саладағы жоғары мансапты армандайтыны рас. Алайда жиырма төрт сағаттың жиырма төртінде де науқастың жанынан табылатын, жағдайы жіті назарында жүретін, сол бас дәрігердің де, хирургтың да жұмысының жүзеге асуына бірден-бір ықпал ететін адам ол – мейірбикелер.
Соғыс уақытында да мейірбикелер қан майдандағы оқтан да, оттан да қорықпай қаншама жауынгерлерді аман алып қалды. Дала медсанбаты, әскери, майдан және тыл госпитальдарындағы орта буын медицина қызметкерлерінің орны ерекше маңызды болған. Дәрігер нұсқауын орындау, науқасты операцияға дайындау, қиын манипуляция түрлерін әзірлеу, ауыр халдегі науқастарды бақылау, санитарлық поездарда, эшелондарда жаралылардың жанында болу және тағы да басқа қауырт жұмыстар. Бұл орта буын медицина қызметкерлерінің атқарған жұмысының жартысы ғана екен.
Ұлы Отан Соғысы басталғанда үйреншікті өмір мүлдем өзгерді. Қарапайым дәрігерлер мен медбике, санитарлар сұрапыл соғысқа дайындала бастады. Орта буын медициналық қызметкерлерді дайындау, медициналық қызметті соғыс уақытына ыңғайластыру, дәрігерлер жұмысы, барлығы аса жауаптылықты қажет етті. Себебі ақхалаттылар біліктілігі және еңбегіне соғыста жеңіске жету тікелей байланысты болған.
Бұл біз көрсеткен бір ғана мейірбикенің жұмысы еді. Дәл осындай Ақмарал секілді антына адал, адамгершілкті жүрекке ту еткен ақ халатты абзал жандар қаншама!.. Ел басына күн туған қиын сәтте расында да кәсіби біліктілікпен қатар адамгершілк һәм мейірім қажет-ақ! Адам мен адамның арасын жақындастыратын көз көріп, кұлақ естіп, ауыз айтпай-ақ түсінісетін шексіз үлкен қасиеттің бірі ол – мейірімділік.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *