«Тараз қант зауыты» толық қуатында жұмыс істей бастады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті рет Тараз қаласы аумағындағы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады. Өңір басшысы Арбат жаяу жүргіншілер аймағының үшінші кезеңінің құрылыс барысымен танысты.

Құрылысшылар 320 метрлік субұрқақ салу, жарық жүргізу, орындықтар орнату жұмыстарымен айналысуда. Сондай-ақ, мұнда 22 травертин плиталары төселіп, оларда көне Тараздың тарихындағы маңызды даталар қашалып жазылған. Жаяу жүргіншілер аймағының жанында сауда павильондары салынуда.
Арбат-3 құрылысы күзде аяқталады.
Бердібек Сапарбаев құрылысшыларды әңгімеге тартып, санитарлық нормаларды сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ облыс әкімі жаяу жүргіншілер аймағының жанында орналасқан Әулие-Ата мешітін қалпына келтіруге қаражат бөлген кәсіпкер Айдар Сұлтанұлымен кездесті. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешовтің айтуынша, «Әулие-Ата» қала тарихындағы алғашқы мешіттердің бірі.
Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында орнатылған «Сағат» стеласын жай-күйімен танысты. Тұрғындар стеланың сапасыз салынғанына, сағаттың жұмыс істемейтіндігіне наразы.
Өңір басшысы қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа кемшіліктерді қалпына келтіруді мердігерлердің өз есебінен жүргізуді және жұмыстың барысын жеке бақылап отыруды тапсырды.
Облыс әкімі екінші көтермелі сорғы станциясының құрылысымен танысты. Мердігерге кестеден кешікпеу үшін құрылысшылар санын арттыру тапсырылды. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.
Аймақ басшысы барған келесі нысан – №22 орта мектебі болды. 600 оқушыға арналған мектептің жаңа ғимараты бой көтеруде.
Мектеп директоры Шолпан Диханбаева құрылыс аяқталғаннан кейін қазақ тілінде білім беретін сыныптар ашуды жоспарлап отыр.
Ескі мектеп үш ғимараттан тұрады. Олардың бірі 1870 жылы салынған. Бұл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, сол жерде мектептің бай тарихы ұсынылатын мұражай ашу жоспарлануда. Екінші ғимараттың орнына қосымша білім беру орталығы пайда болады деп күтілуде. Үшінші ғимарат бұзылмақ.
Облыс әкімі мектеп аумағын абаттандыруға баса назар аудару керектігін айтты.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев «Орталық Азиялық Қант Корпорациясы» ЖШС Тараз қант зауытында болды. Облыс әкімі шикізат қоймасы, №1 шырын тазартатын цех, орау бөлімдерінің жұмыстарымен танысты.
«ЦАСК» ЖШС филиалының директоры Александр Шлегельдің айтуынша, зауыт қуаттылығы тәулігіне 800 тоннаға жеткен. Кәсіпорындағы өндіріс 95 пайызға дейін автоматтандырылған. Жалпы зауытта 600 адам жұмыс істейді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *