Бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарыла ма?

Бүгінде аймақта кейін аграрлық секторды дамытатын меншік иесіне тапсыру үшін пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Облыс әкімдігінің жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек өткен жылы облыс бойынша 104 мың гектар жерге тексеру жүргізіліп, нұсқама бойынша пайдаланылмай жатқандығы анықталып 53 071 гектар жерге нұсқама берілген. Оның ішінде 38 750 гектар жер иелерінің өз еріктерімен мемлекетке қайтарылған.

Аталған басқарманың басшысы Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, жер иелеріне нұсқама берілген соң оның меншігіндегі жердің салығы бірден он есеге артады екен. Сондықтан жер иелері сала мамандарының берген нұсқамасынан соң еселенген салықты төлемес үшін меншігіндегі жерді бірден мемлекетке қайтаратын көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, нұсқама берілгеннен кейін бір жылдан соң іс сотқа өтеді. Яғни, соттың тиісті шешімімен мәжбүрлі түрде жерді мемлекетке қайтарады. Демек, пайдаланусыз жатқан жерлер мемлекетке қайтады. Ал биылғы жылы облыс әкімі өңірде пайдаланусыз жатқан 70 000 гектар жерді мемлекетке қайтару туралы арнайы тапсырма жүктепті. Ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, 36 381 гектар жер мемлекетке қайтарылыпты. Бұл жердің 21 057 гектары сотпен қайтарылған.
– Біздегі мақсат жерді иесінен тартып алу емес. Басты мәселе – агроөнеркәсіпке қажетті жерлердің тапшылығын жою. Жерді мемлекетке қайтарудағы мақсат сол олқылықтың орнын толтырып, агро сектор өкілдеріне жағдай жасау. Яғни, жерді тиімді пайдаланып, жұмыс істейтіндерге беру. Өткен жылдың 26 желтоқсанында шағын және микро кәсіпорындарға тексеруге 3 жыл мораторий жарияланғандығы жөнінде ҚР Президентінің Жарлығы шыққан болатын. Облыста 18 мыңнан аса шаруа қожалық бар. Бұл қожалықтардың төртеуінен басқасы шағын және микро кәсіпорындарға жатады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ешқайсысына тексеру жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Соған байланысты қазіргі таңда атқарып жатқан жұмысымыз тек түсіндіру шаралары ғана. Мемлекетке қайтарылып жатқан жерлер осы түсіндіру жұмыстарының нәтижесі. Айта кетерлігі, осыған дейін бас прокуратураға, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жаздық. Өйткені шаруашылықтардың пайдаланып жатқан жерлерінің басым көпшілігі 49 жылға жалға алғандар. Ал оларды бақылауда ұстау біздің міндетіміз. Сондықтан құзырлы органдарға хат жазудағы діттегеніміз сол жерлерге тексеріс жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу. Сонымен қатар жер мемлекеттікі болған соң жерді тиімсіз пайдаланып жатқандарға шара қолдану. Біз құзырлы органдарға ұсыныс бердік. Мораторийді алып тастаған жағдайда тексеріс жұмыстарын күшейтетін боламыз. Аймақтағы ірі шаруа қожалықтарына хат жазып, жерді тиімді пайдалану туралы түсіндірдік. Сол секілді аудандарға тапсырмалар беріп, тиімсіз пайдаланған қожалық иелеріне шара қолдану қажеттігін тапсырдық. Биыл 70 000 гектар жерді қайтару жоспарланып отыр. Бұл бойынша әр ауданның жоспары бекітілген. Нақтырақ айтқанда, Шу ауданы 11 000 гектарды қайтару керек болса, нақты жағдайда 22 150 гектар жерді қайтарып қойды. Ал Байзақ ауданына 5 500 гектар жерді қайтару туралы жоспар қойылғанымен бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 267 гектарды ғана орындай алды, – дейді Әбілқайыр Ғалымұлы.
Дегенмен басқарманың 1 желтоқсанға дейін жоспарды орындау керек екендігін ескерсек, аудандар ол уақытқа дейін жоспарды орындайтынына сендіріп отыр екен.
Жалпы пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы Президенттің өткен жылғы Жолдауында да айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы соңғы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да тілге тиек еткені белгілі. Сондықтан бұл мәселеге Үкіметтің өзі баса мән беріп отыр. Негізінен мемлекеттің жері егістік, тәлімдік, суармалы егістік, шабындық деп бөлінген. Мәселен тозған суармалы жерлерді жайылымға ауыстыру, су баратын жайылым жерлерді егістікке ауыстыру секілді мәселелер де қарастырылған. Бұл жұмыстармен облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы айналысады екен.
– Былтырғы қайтарылған 38 750 гектар жердің 2 170-сі егістік болса, қалғаны – жайылым жерлер. Биыл қайтарылатын 70 000 гектардың 10 000-ы егістік, 60 000 гектары жайылым жерлер. Бүгінгі күнге дейін қайтарылған жердің 32 161 гектары жайылым, 2 332 гектары тәлімді егістік, 1 216 гектары суармалы егістік. Осы жылғы жоспар бойынша 10 000 гектар егістік жер қайтарылу қажет. Сол секілді 60 000 жайылым жер мемлекетке өтуі тиіс, – дейді Ә.Тамабек.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге берілген жерлердің тиімді пайдалануы бойынша өткен жылы Тараз қаласына 149 іс берілсе, оның 27-сіне нұсқама беріліпті. Қазіргі таңда 5 жер бойынша іс сотқа жіберілген. Айта кетерлігі, басқарма құрылған 2012 жылдан бері тәжірибеде кәсіпкерлік нысанды сотқа беру мүлде болмаған. Мұндай жағдай биыл бірінші рет орын алып отыр. Басқарма 5 жерді сотқа берсе, 4 жер бойынша талап-арыз дайындалып қойыпты. Сонда сот арқылы 9 жер мемлекетке қайтарылатын болады. Жалпы сот арқылы жерді мемлекетке қайтару тәжірибесі облыста алғаш рет қолданылып отыр. Тілге тиек ететіні, бұл жерлердің басым көпшілігі 2000 жылдары кәсіпкерлік нысандарын салуға берілгенімен жұмыс мүлде жүргізілмеген. Жалпы құрылысқа арналған жерлер 3 жыл ішінде нысаналы мақсатында пайдаланылмайтын болса ол игерілмеген болып саналады екен.
– Қалалық және аудандық жер қатынастары бөлімдері осындай жерлер бойынша далалық акт жолдайды. Біздің тарап сол бойынша шара қолданады. Алдымен тексеріс ашып, сатуға шектеу қояды. Салық басқармасына хат жолдап, ол жердің салығын 10 есе көтереді. Келесі жылы қайтадан тексеріп, игерілмегендігі анықталатын болса іс сотқа жолданады. Осы жылға дейін кәсіпкерлік нысандардың басым көпшілігі Тараз қаласында тексеріліп келсе, биылдан бастап аудандардағы кәсіпкерлік нысандарына 2012 жылдан бергі жағдайына талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде әр ауданнан игерілмей жатқан 10-15 нысанның бар екендігін анықтап үлгердік. Бұлардың барлығына біздің тараптан нұсқама берілетін болады, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлері бойынша шаруа қожалық ашылып, салық басқармасына тіркелмеген бизнес иелерін де анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, ондай қожалықтарға жеке тұлға ретінде тексеріс жүргізуге аталмыш басқарманың толықтай құқығы бар көрінеді. Осылайша, облыс әкімдігінің жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы саладағы серпінді жұмыстарын одан ары жүйелендіре түсіп, бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтара бермек.

Ш. БИДІЛДАҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *