Балтамырдың бабын «пионерліктер» біледі

«Сыпырғы келсе шаң қашар» дегеніміз осы шығар. Шындығында, жиын-терін басталғалы арпа, бидай егілген алқап бүгінде бастапқы сұлбасын жоғалта бастаған. Мұндай күйге, әрине, сыпырғы-комбайн әсер еткені даусыз. Бұл – табиғи құбылыс.

Қазан айында қазан болатын жүгері, қант қызылшасы және басқа да дақылдарға сыпырғы баратыны анық.
Оған дейін күтіп-баптау жұмысы жүргізіле беретіні белгілі.
Қант қызылшасы демекші, бұл дақыл күтімді, баптауды жақсы көреді. Алқапқа сырттай қарап тұрып арамшөптен ада, жапырағы жайқалып алыстан менмұндаған алқап суды қанып ішкен екен дейсің. Тіпті, үлкейе түскен түбірін көргенде тамсанасың. Баптаушыларға риза көңіл танытасың.
Осындай көркем көріністі «Пионер» өндірістік кооперативінен 50 гектар жерді жалға алған «Шарипов» шаруа қожалығының қызылша және пиязды алқабынан байқап, Шариповтардың тиянақты тірлігіне Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаевпен бірге барғанда куә болғанбыз.
Алқапта жүрген өндірістік бригаданың бригадирі Ринат Раджаповтың қасына таянып, жөн сұрасқанымызда ол: – Біздің шаруашылық 6-7 жылдан бері қант қызылша­сын өсірумен айналысып келеді. Қай жерде, қанша көлемде ексек те дақылдың бұл түрін баптаудың көзін тауып, мол өнім алып жүрміз. Бұл өңірге қызылшаны бірін­ші рет орналастырып отырмыз. Қант қызылшасының француздық сұрпын 35 гектарға, пияздың голландық сұрпын 15 гектарға ектік. Пияздың әр гектарынан жыл сайын 1000 центнерден өнім алып жүрсек, тәтті түбірден де мол өнім алудамыз. Биыл да өнім молшылығын жасауға мүмкіндігіміз бар. Алқапқа дер кезінде минералдық тыңайтқыштар сіңіріліп, жүйек аралығын уақытында қопсытып қойдық. Қызылша алқабы 10 мәрте су ішті. Жиын-терін кезінде жұмыстың бәрін техника күшімен атқарамыз. Оған жегілетін техника бүгіннен-ақ сақадай сай тұр, – деді.
Біз бригадир Ринат Шарипұлын сөздің ғана емес, істің де адамы екенін түсініп, еңбегіне табыс тіледік.

Дүйсенбек Орманов,
Жамбыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *