Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді

Темірден түйін түйіп, жаңқаға жан бітірген қолөнер шебері, жоқтан бар жасаған өнертапқыш Пернебек Ахметовтің есімі бүгінде тек облыс тұрғындарына ғана емес, алыс-жақын шет елге жақсы таныс. Себебі, ұрпақ саулығына қам жегеннен құнды жәдігер бесіктің жиналмалы нұсқасын ойлап тапқан Пернебек Қыдырбекұлының өнімдері қазіргі таңда талайдың таңданысын тудырып, күн санап сұраныс та артып келеді. Таяуда есімі ел аузында жүрген шеберді үйіне арнайы іздеп барып, өзгеге үлгі болар кәсібінің қыр-сырымен танысып қайтқан едік.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Талас ауданы, Ойық ауылында балғын балалық шағы өткен кейіпкеріміз ауылда «етікші Қыдырбек» атанып кеткен әкесінің жанына еріп жүріп, шоқтығы биік қолөнердің құпия сырын меңгереді. Он саусағынан өнер тамған әкенің ұлағатты тәрбиесін алып, жастайынан қиындықтың қамалын зеңбірекпен емес, еңбекпен алуға болатынын ұғынып өседі. Өмір жолында сан салада жемісті еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген Пернебек Қыдырбекұлына 2012 жылдан бастап жиналмалы бесік жасауды қолға алады. Айтуынша жиналмалы бесікті ойлап табуға отандық телеарналардың бірінде көрсетілген бағдарлама түрткі болған көрінеді.
–Осыдан жеті бұрын шамасында «Біз» бағдарламасында қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі бесік әңгіме арқауына айналды. Бағдарламаға шақырылған мамандар ата-бабамыз қасиет тұтқан бесік-әрбір үйдің төрінде тұратын құнды дүние екенін, алайда соңғы жылдары қолданыстан шығып бара жатқанын қынжыла жеткізді. Сонда бір келіншек бесікті алып жүрудің ыңғайсыз екенін, не көлікке салып жүре алмайтынын айтып мамандарға қарсы пікір білдірді. Әлгі келіншектің пікірі санамда үлкен сілкініс жасады. «Қалайда ыңғайлы бесік жасап шығуым керек» деген ой келді. Сөйтіп үш ай бойы күндіз-түні іздендім. Өзге жұмыстарым жайына қалды. Бұл ісімнің бекершілік екенін айтып, айнытпақ болғандар да көп болды. Бірақ ойға алған ісімді соңына дейін жеткізуге бекініп, ешкімнің пікіріне құлақ аспадым.
Әйтеуір үш ай өткенде ойымдағы жиналмалы бесікті жасап шықтым. Жұмысыма өзге емес өзім де таңқалдым. Бірақ кішілеу болды. Көргендердің бәрі айран-асыр болып, өз көздеріне өздері сенбеді. Сөйтіп бесікті алып Нұр-Сұлтан қаласына тартып, «Әсем бесік» атауымен патенттеп алдым,–дейді Пернебек Қыдырбекұлы.
Қолөнер шебері кәсібін алғаш бастаған кезде түрлі қиындықтарға тап болып, ісін жүргізе алмай әбігерге түскенін айтады. Себебі қолында заманауи техника болмағаннан кейін бір бесікті жасап шығу үшін үш күнін жоғалтады. Үш жыл бойы бесіктің ою-өрнектерін қолымен ойып, көз майын тауысып, уақытпен санаспай еңбек етеді. Көмекші алуға да мүмкіндік болмай, жалғыз өзі тірлік жасауға тура келеді. Кейін мемлекеттік кәсіпкерлерге жасаған кеңдігінің арқасында қол байлаған мәселенің түйіні тарқатылады. «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша білім алып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттік тегін грант жеңіп алады. Сөйтіп екі миллионға жуық қаржыға арнайы құрылғы сатып алғаннан кейін ғана жұмыс жүріп сала береді. Нәтижесінде бір күнде екі бесік жасап шығуға мүмкіндік туады.
–Жиналмалы бесіктің жалпы ұзындығы 83-85 сантиметр. Ал жиналғанда бар болғаны 11 сантиметр болады. Салмағы 7-7,5 келі тартады. Бағасы 30-35 мың теңге аралығында. Көбіне алып-сатарлар үйден алып кетеді. Бесігімізді еліміздің түкпір-түкпіріне, сонымен қатар бірқатар шет мемлекеттерге саттық. Сондай-ақ елге танымал азаматтар арнайы іздеп келіп, алып кетуде. Мәселен, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам арнайы өкілі арқылы бір бесік алды. Сонымен қатар, Мысыр, Түркия, Қытай, Непал, Германия, Башқұртстан елдеріне де сатылды. Одан бөлек Қырғызстан елінің азаматшасы жиналмалы бесікті Мәскеу елінде сатып жүр.
«Төрде бесік тұрса төре де басын иеді» дейді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп өткен ғасырдың өзінде-ақ дабыл қақты Адам бесігінде қалай тәрбиеленсе, солай қалыптасады. Елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алған, бесікте жатып, әже әлдиін тыңдаған, бойына игі қасиеттерді молынан сіңірген жас ешқашан адаспайды. Жаңа бастамалар, серпінді істер солардан шығады. Бойында мейірімділік, адамгершілік, имандылық, қайырымдылық, Отанға, ата-анаға, туған жерге деген асқақ махаббаты бар жастар қалыптасады,–деген шебер бүгінде үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.
«Алма ағашынан алысқа түспейді» демекші Пернебек Ахметовтің ұлының ұрпақтары да әке жолын жалғап, екінің бірінің қолынан келе бермейтін қолөнерді кәсіп қылуда. Үлкен ұлы Жарас, немересі Әзиз әке өнегесін бойға сіңіріп, бойға дарыған өнерлерінің арқасында өрісін кеңейтіп жүр.
Ұрпағына ұлық тәлім-тәрбие беруді, қолөнерді өлтірмеуге, ұлттық құндылықтардың жоғалып кетпеуі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген шебердің ендігі мақсаты-көптен бері ойластырып жүрген шаруашылыққа қатысты бірқатар жобаларын жүзеге асыру. Алдағы жоспарларын әзірге жарияламағанды жөн көрген кейіпкеріміз ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға дарыған өнері арқылы артында өшпес із қалдырып кеткісі келеді.
Бар арман-мақсаты ұлттың, ұрпақтың игілігіне бағытталып, болашағымен сабақтасып жатқан шебердің тағылымды ісі үлгі-өнеге де боларлықтай.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *