Аурухандағы екі сағат

(монолог)

Қойдан қоңыр жұртыма қайғы әкелген бұл дерт біздің де отбасыны айналып өтпеді…

Иә, халықтың ішінде сенбейтіндер әлі де бар. Құдай көрсетпесін, тас түскен жеріне ауыр деген сөз бар ғой, ол дәл айтылған. Менің апам ауруханаға ауыр хәлде түсті. Ол жерде науқастарды жатқызатын орын жоқ, тыныс алу аппараттары да жеткіліксіз екен. Төрт бес күн бойы төсек тартып жатқандағы тәңірден тілеген дұғалы көздеріміз енді дәрігерден шындап жәрдем сұрады. Әйтеуір өздері жұмыс жасап жатқан бөлмелерін палатаға айналдыратын шешім қабылдап апамды сонда жатқызды. Мен апам жатқан 12 күннің қалай өткенін қоя тұрып екі сағаттың қалай өткенін айтып берейін…

Инфекциялық ауруханадғы есіктің кішкентай бұрышынан тамақ кіргіземіз де, іле-шала апамыз жатқан палатаның терезесіне жүгіріп, көруге асығамыз. Құдірет ай, күнде көріп жүрген асыл адамыңының жүзін саңылаудан сығалап қана қарайтын күн туар деп кім ойлаған… Онда науқаспен бетпе-бет сөйлестірмейді де!

Салынған дәрілердің көптігінен бе дедім, ине кіретін екі білегі шұрық тесік, жоғарыдан баяу жылжып системе салынып жатыр екен. Жылы жүзі жүдеп кеткен. Төбеден төгілген системаның әр тамшысы апамның ауру отына көбелектің қанатындай ғана су бүркіп арпалысып жатқандай. Бөлме ішінде тыныштық жоқ. Іштен біресе ауа жетпей деміккен, енді бірде ауыр тыныс пен жан қысылғандағы жөтел дыбыстары қым-қуыт болып құлаққа естілет.

Әлгі көріністерден кейін тамағыма тас тірелгендей булығып, жанарыма тығылған жасты кері жұтып жібердім… Маскалы болсақ та, аурухана сыртындағы жақындар бір-біріміздің көзімізге тура қарағымыз келмейді, жанардағы жасты көрсетпей жүрміз ғой.

Бұл жер плевмония мен ковид белгілері бар науқастарды жатқызатын орын. Жедел-жәрдем көліктері ауруханағ үздіксіз келуде. Мұндағы дәрігерлер орын жоқтығын айтса, жедел жәрдемдегі мейірбикелер науқастың жағдайы ауыр екендігін айтып шырылдайт. Бұл жағдай қайталана берет, қайталана берет. Жақынын жоқтап жылаған адамдар, аурулардың жанын ажалдан аман алып қалу үшін арпалысқан дәргерлер… Олардың да жылай-жылай жанарлары суалған сыңайлы, көздернің оты сөніп қалған. Жәй ғана жасаурап, солғын тартып тұрат. Бәрінде сондай, бәрінде… Ех, ет жақыныңның ауыр хәл үстінде жатқанын көрумен қоса, сырттағы жанталасты, ондағы толасыз түсіп  жатқан жедел жәрдем көліктерін көрудің өзі жүрегіңді ауыртат. Сол  бір екі сағаттың ішінде мен екі жылға тағы есейіп, есеңігіреп қалғандаймын. Қорқынышты түс секілді бәрі өтті ғой, тәубе…

Тәңірдің қалауы мен дәрігерлердің арқасында апамыз дерттен айығып шықты. Міне, бүгін төрт көзіміз түгел таңғы асымызды ішіп отырмыз, Отбасымыз  қоңыр тіршілігне қайта оралды. Ал кеше ғана апамның саулығын тілеп, ағынан жарылған жолдасымның әкесі бүгін өмірден өтіпті… Өте ауыр, ауыр жағдай!

Адамдар еркін тыныстаған әр минутының қадірін біліп, аурудан алыс болса екен…

Елдар Боранбек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *