Шаруаларға жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр

Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығымашев аудандардағы егін орағының барысымен танысып, сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді.

Аймақ басшысының орынбасары алдымен облыс орталығындағы «Жамбыл балы» ЖШС жұмысымен танысты. Есте болса, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданында өткізген «Егінжай» күнінде өңірде бал арасы шаруашылығын дамытуға барынша басымдық беру туралы айтқан болатын. Серіктестік жақында бал өнімдерін орап-қаптау құрылғысын сатып алып орнатқан. Ол құрылғы сағатына 40 килограмм өнім шығаруға қауқарлы. Құтысы 20 грамм тартатын өнім өңір базарларында өткерілмек. Дегенмен серіктестік басшысы Павел Чукаловтың айтуынша, бұл салада мәселе де жоқ емес екен. Себебі шаруашылықты дамыту үшін өңірдегі ең ірі қаржылық институт саналатын «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілетін көмек серіктестікке тиімсіз көрінеді. Сондықтан серіктестік басшысы қаржылық жағынан көмек болса деген тілегін білдірді. Өз кезегінде Берік Нығмашев серіктестіктің жұмысын тоқтатпау керектігін алға тартып, алдағы уақытта түйіні тарқамаған мәселелер бойынша Павел Чухаловты жеке қабылдайтынын жеткізді.
Мұнан соң Берік Болатұлы Бесағаш ауылдық округіндегі «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысты. 313 гектарға егілген арпаның жай-күйімен танысқан облыс әкімінің орынбасары дақылға көңілі толмайтындығын атап өтті. Өйткені бітік шыққан арпаға арам шөп араласып кеткен. Мұның себебін ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев жердің осы уақытқа дейін пайдаланылмай жатқандығымен байланыстырып, алдағы уақытта бұл олқылықтың орнытолатынын баса айтты. Жалпы, биыл аудан бойынша 17545 гектар алқапқа себілген дән ораққа түскен. Бүгінде оның 12945 гектары жиналып, қамбаға 23218 тонна дән құйылған. Аудан әкімінің орынбасары Н.Несібпековтың айтуынша, әр гектардан жиналған орташа өнім 18 центнері құраған. Ал «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативі барлығы 7477 гектар алқапты игеріп отыр. Оның ішінде арпа – 313, бидай – 100 гектар алқапқа себілген. Кооператив өз күшімен егінін орып, қамбасын дәнге толтыруда.
Облыс әкімінің орынбасары Қаракемер ауылдық округіндегі «Добай» шаруа қожалығының егістік алқабында да болды. Биыл ғана құрылған қожалықтың жұмысы жаңа жанданып келеді екен. 24 гектар жерге арпа еккен шаруашылық бүгінде егініне орақ түсіріпті. Ол үшін Жуалы ауданынан екі комбайн алдырыпты.
– Арпа егу үшін аудандық жер қоры тарапынан ауыл маңынан 24 гектар жер берілді. Айта кетерлігі, бұл жер 30 жыл бойы пайдаланылмай жатқан жер. Сондықтан жиде талы көптеп шығып кеткен екен. Оны қолдағы бар техниканың көмегімен тазалап шықтым. Егінім бітік шыққанымен, ору мәселесі қиынға соғып тұр. Олай дейтінім, ауданда комбайн тапшы. Алдағы уақытта жергілікті билік ауданға комбайндар алып берсе деген тілегім бар. Содан соң қараусыз жүретін төрт-түлік те егінге түсіп жатыр. Ол да болса біз секілді егіннің бетіне қарап отырған шаруаларға қиындық тудырады, – дейді шаруашылық басшысы Әбілсейіт Добаев.
Шаруа қожалығы басшысының көтеріп отырған мәселесі орынды екенін айтқан Б.Нығмашев ауылдың учаскелік полициясына қараусыз жүрген мал иелерімен жұмысты жүйелеу қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар техника мәселесін шешу үшін өңірде лизингтік компания ашу жоспарда бар екенін жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысының орынбасары Тастөбе ауылындағы «Қызыл-Диқан» ауыл шаруашылығы өндірістің кооперативінің жұмысына да қанықты. Ауыл әкімі Асылбек Қонаровтың айтуынша, шаруашылық 1100 гектарға арпа-бидай сеуіп дән жинауда. Қазіргі таңда кооператив егіннің 55 пайызын орып қойыпты.
Келесі кезекте Берік Нығмашев Байзақ ауданына барды. Ол алдымен Жалғызтөбе ауылдық округіндегі «Жетібай» ШҚ егіс алқабында болды. 100 гектар егіс алқабын орып жатқан егіс жұмысымен танысты. Мұндағы басты мәселе су екен. Соның салдарынан биыл өнім айтарлықтай төмен болып отыр. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. «Бапыш Сейсенбай» шаруа қожалығының да жұмысымен танысып, сала мамандарына тиісті тапсырмаларын жүктеді.
Аймақ басшысының орынбасары аудандағы жұмыс сапарын «Түймекент-2019» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде қорытындылады. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына енген ауылдық округтегі кооператив 200 гектар жерге арпа егіпті. Бүгінгі күні астықты шашпай-төкпей жинап алу үшін 20 жұмысшы мен 18 техника күндіз-түні еңбек етіп жүр. Өнім кооператив мүшелеріне 50-60 теңгеден өткерілуде. Сонымен қатар пилоттық жобаға енген ауыл тұрғындарына шөптің әр түгі 400 теңгеден сатылып жатыр екен. Айта кетерлігі, бұл баға нарықтан әлде қайда төмен. Дегенмен Берік Болатұлы пилоттық жобаға бүкіл республика кө тігіп отырғанын, сондықтан кооператив жұмысын әлі де жандандыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ кооператив мүшелеріне сатылып жатқан өнімнің бағасын тағы да түсіру керектігін баса айтты.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *