Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз

Егемен елімізді өр¬кендетіп, халықтың тұрмысын, әлеуетін көтеру мақсатында бүгінде көптеген баянды бағ¬дарламалар мен жарқын жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамту, шағын және орта бизнеске кең өріс ашу, ел болашағы жастардың мүддесін қорғайтын, халықтың денсаулығын жақсарту, білім және ғылымды дамыту және өзге де сан саланы қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қолға алынған жобалардың кез келгені ел дамуына оң ықпалын тигізуде. Ел еңсесін тіктеу жолындағы игілікті істерге, жеңістер мен жасампаз еңбекке бастаған жарқын жобалар туралы сөз қозғағанда, аз ғана уақытта жемісін беріп үлгерген «Ауыл – ел бесігі» жобасын айтпай кетпеске болмас.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын қолға алуды тапсырды. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен басталған жоба шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттердің шешімі табу көзделген. Ендеше алға қойылған маңызды міндеттердің, тиянақты тапсырмалардың облысымызда қаншалықты мүлтіксіз орындалып жатқанын зерделеп көрсек.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өткен жылдан бері жоба жүктеген маңызды міндеттер аясында облысымыздың елді мекендерінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған.
– Жоба аясында 2019 жылы облыстың 3 аудан орталығында (Байзақ ауданы-Сарыкемер ауылы, Жамбыл ауданы-Аса ауылы, Шу ауданы-Төле ауылы) 2,7 миллиард теңгеге жүз сегіз жоба іске асырылды. Жүз төрт жоба толықтай аяқталса, төрт әлеуметтік нысанның құрылысы әлі де жалғасуда. Жобаларды жүзеге асыру барысында бес жүзден аса азамат уақытша жұмыспен қамтылды. Ал жоғарыда көрсетілген төрт жобаның құрылысы аяқталғанда 85 тұрақты жұмыс орындары ашылады.
2020 жылы облыстың 7 ауданында, 29 ауылдық елді мекенде 7,4 миллиард теңгеге жүз тоғыз жоба қолға алынд. Жүз тоғыз жобаның он бесі жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы, он әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу, сексен төрт жоба бойынша жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Нәтижесінде аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 1200-ден аса уақытша жұмыс орындары құрылып, 129,5 миллион теңге салық түсетін болады. Қазіргі таңда жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр,– деді Г. Жауынбекова.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы атқарылған жұмыстар аз емес, тиісінше алда тұрған міндеттер де ауқымды. Гүлдана Әлімжанқызы айтып өткендей жоба шынымен-ақ тұралаған көп жұмыстың тамырына қан жүгіртіп, елді мекендердің еңсесін қайта тіктеуіне түрткі болғанын аңғарғандай болдық. Мәселен Меркі ауданы әкімінің орынбасары Асхат Медетбеков мемлекеттік бағдарламалар аймақта нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын айтып, бірқатарына тоқталып өтті.
– 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 74 жобаға (194 нысанға) 3872872,0 мың теңге бөлінді. «Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл ауылдық округіне қарасты Тұрлыбай батыр ауылының кіреберіс жолын орташа жөндеу жұмыстарына 110 105,0 мың теңге бөлінсе, «Нұрлы жер» тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 жобаға 255 205,0 мың теңге қаралды. Аталған жобалар бойынша жұмыстар басталып, мыңдаған аудан тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Ал «Ауыл-ел бесігі» аясында 23 жобаға 1 352 447 мың теңге бөлініп, ттиісті жұмыстар басталды. «Аумақты дамыту» бағдарламасы бойынша екі нысанға 100 986,0 мың теңге бөлінді. Бір нысанның жұмыстары толығымен аяқталса, бір нысанның жұмыстары жүргізілуде,–дейді Асхат Оразымбекұлы.
Жоба Шудың да шырайын кіргізіп, ажарын аша түскен екен. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Медет Атайбеков берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы 7 нысанға 854051,0 мың теңге бөлінген. Бүгінгі таңда Шу ауданы орталық аудандық ауруханасына жалғай салынып жатқан емхана ғимаратының құрылысы аяқталуға жақындаса, Төле би ауылындағы әмбебап залы бар спорт-сауық кешені құрылысы толықтай бітіп, шілде айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ Төле би ауылындағы 350 орындық аудандық мәдениет үйі және бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары, жарықтандыру жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Сол секілді Жамбыл ауданында ағымдағы жылы 35 жобаны іске асыруға жалпы құны 726 миллион 870 мың теңге қаржы қарастырылған (республикалық бюджеттен 654 миллион 181 мың теңге, облыстық бюджеттен 72 миллион 689 мың теңге). Аталған жобалар аясында көшелерді электрмен жабдықтау, су құбыры жүйелерін ағымдағы жөндеу, білім, спорт нысандарын және жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 жобаның құрылыс жұмыстары толық аяқталған.
Тек Меркі, Шу, Жамбыл аудандарында ғана емес «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында өзге де аймақтарда қажеттілікке, сұранысқа сай нәтижелі жұмыстар жалғасуда. Жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды. Осылайша күн өткен сайын шалғайдағы елді мекендер ерекше кейіпке еніп, тотыдай таранып, сұңқардай сыланып ажарлана түскен. Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы ауылдың қарышты қадаммен өркендеп, дамып жатқаны кім-кімді болмасын қуантып, көңілін демдейді деген ойдамыз. Себебі көрнекті жазушы Бейімбет Майлин айтқандай «Гүлденсе ауыл-гүлденеміз бәріміз!».

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *