Қыр төсіндегі қарбалас

Қазіргі кезде дала төсінен еңбек дүбірінің дауысы естіліп, диқандар үшін қауырт науқанның жүріп жатқаны белгілі. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де дәл осы кез. Тиісінше, әрбір ауылдық округте жылдық жоспарды орындау жұмыстары да мықтап қолға алынуда. Осыған байланысты, Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров бірқатар егістік алқаптарын аралап, науқандық жұмысты көзімен көріп қайтты.

Ең әуелі аудан орталығынан шалғайда орналасқан Далақайнар ауылдық округіне атбасын бұрған аудан басшысы ондағы диқандардың ала жаздай төккен терінің нәтижесін көріп, шаруалармен тілдесті. Аталған ауылдағы «Жиделі-3» шаруа қожалығының жетекшісі Қалқаман Құсайыновтың 3 гектар жерге еккен қарбызы 60 күнде пісіп-жетіліп, дәл қазір жиын-терін жұмыстарының қызып жатқан шағы екен. Сәтін салса, пленка астына егілген қарбыздың барлығы да көршілес Ресей мемлекетіне жөнелтілмек. Аудан басшысы Далақайнар ауылындағы суармалы жерлердің көлемін арттырып, ағын су мәселесін түбегейлі шешу керектігін жеткізді. Өйткені, ауыл еңбеккерлерінің егін егуіне қолбайлау болып отырған дәл осы егістік жер мен ағын су мәселесі болып отыр.
Айта кетуіміз керек, шілденің алғашқы күніне-ақ қыр төсіне шыққан шаруалар бүгінде ақ егісті шығынсыз жинап алудың қамымен жүр. Өйткені, биылғы жаздың бел ортасында ауа райының сынап бағаны көлеңкелі жердің өзінде 40 градус ыстықты көрсетіп тұр. Сондықтан, қырдағы егінді аптап ыстық соғып, астық аласа күйінде бас жарып, масақтағы дәннің мөлшері азайып қалмас үшін шаруалар барын салуда. Нұржан Сәбитұлы Жаңақоғам ауылдық округіндегі дәл осындай қауырт жұмыстың бел ортасынан табылды. Аталмыш ауыл өткен жылы ғана қолға алынған қанатқақты жобаға енгендіктен, мұндағы қым-қуыт жұмыстың тығыздығын айтпаса да түсінікті. Осы жоба аясында құрылған «СПК Омар-Шу» кооперативі биыл 327 гектар жерге жаздық арпа егіпті.
Кооперативтің басқарушы директоры Төлеухан Жапсарбаев-тың сөзінше, пилоттық жоба аясында ауыл сыртындағы жерлерді игеру үшін кооперативке 33 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген екен.
– Бүгінде 327 гектар арпаның 125 гектарын жинап қойдық. Күніне шамамен 50-60 гектар ақ егіс орылуда. Сәтін салса, алдағы бір жұмада жиын-терін жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, кооперативтің иелігінде су жаңа 3 трактор және 1 комбайн мен 1 камаз бар. Оған қоса, 4 механизатор, 2 жүргізуші, 3 сушымыз бар. Бұдан бөлек, 250 гектарға жоңышқа, 10 гектарға картоп еккенбіз, — дейді Т.Жапсарбаев.
Ал аудан әкімі Нұржан Календеровтың айтуынша, қазіргі кезде 41 мың гектар ақ егістің 45 пайызы толығымен жиналыпты. «Аудандағы ақ егістің орташа өнімділігі гектарына 19-20 центнерді құрап отыр. Арпа мен бидайдан бөлек, ауданда 10 мың гектар егістік жерге бақша өнімдері егілген болатын. Енді, міне, науқан кезінде шаруалардың бірқатары өнімдерін өз өңірімізде саудаласа, енді бірі көршілес мемлекеттерге темір жол арқылы жөнелтуде» — дейді аудан әкімі.
Диқандардың ендігі діттегені – жер-ананың ырысын ысырапсыз жинап алу ғана болып тұр. Әрине, мұның барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты және толассыз тәжірибені талап ететіні сөзсіз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
Шу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *