Тапсырма талабы – нәтиже

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Тараз қаласын кезекті рет жұмыс сапарымен аралады. Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық жобалар мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру, карантиндік шектеу шараларын сақтау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Атап айтсақ, Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы Қ.Тұрысов, Т.Рысқұлов және әл-Фараби көшелерінің, Қойгелді көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Желілердің ұзындығы 866 метрді құрайды. Мердігер – «Агроспецстрой» ЖШС.
Аталған нысандарға бұған дейінгі жұмыс сапары кезінде облыс әкімі құрылыс қарқынын арттырып, жұмысты бірнеше ауысыммен орындау бойынша тапсырма берген болатын.
Бүгінде құрылыс нысандарында жұмыс қызу жүріп жатыр. Бердібек Сапарбаев ыстық сумен қамтамасыз етуді тезірек қалпына келтіру үшін нысандарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде пайдалануға беру керектігін баса айтты.
Бұдан соң облыс әкімі Қаратау-2 шағын ауданындағы әмбебап спорт алаңында болды. Айта кету керек, бұл спорт алаңдарының жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен облыс әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған. Бердібек Сапарбаев алаңдарды аралап, ондағы тұрғындарды әңгімеге тартып, санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Осы шағын аудандағы учаскелік полицеймен бірге ол жабайы сауда базарларының жай-күйін барлады. Бір ай бұрын аймақ басшысы сауда дүңгіршектер орнатудың заңдылығын қарастыруды тапсырғанымен, қала билігі бұл мәселемен толықтай айналыспағандығы байқалады.
Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа бұл мәселені тездетіп шешуді, сауда орындарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын барынша қадағалауды тапсырды.
Қаладағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Тараз» ӘКК-нің бірқатар азық-түлік өнімдері жеңілдетілген бағамен сатылатын әлеуметтік павильондарға да ат басын бұрды. Ол бағаларды тексеріп, сатушылармен әңгімелесіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің құрылысымен де танысты. Осы аптада жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары басталды. Құрылысшылар сарқырама соғу, жағалауды жабдықтау, кешен мен кесененің арасында тікелей жаяу жүргіншілер аллеясын салатын болады. Жобаның келесі кезеңінде көпестердің дүкендері қамтылатын ортағасырлық бекініс салу ісі жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *