Киіктің бұрқағы

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Ағайынды екеуі де алысқанын жығатын. Қолына пышақ ұстаған, қапсағай денелі, мығым жігіт трактордың алдыңғы жағынан шығып, Қалибекке ұмтылған. Жас күнінен шымыр өскен Қалибек жігіттің қолын қағып, білегінен жұлқа тартты да екі көздің ортасынан басымен періп қалды. Жігіт кескен теректей сылқ ете түсті. Әділ де өзіне бұрылған бұзақыны көз ілеспес шапшаңдықпен шықшыттан ұрып сұлатты. Ілбістей атылып барып, балғадай жұдырығымен кеудесінен екі соқты. Кеңсірігінен қан сорғалаған қапсағай жігіт орнынан көтеріле бергенде, Қалибек қабырғасын қақырата тепті. Ол көкірегінен оңдырмай тиген соққыдан шалқалай құлады.
Көзді ашып-жұмғанша екі серігінің екі жерде сұлап жатқанын көрген тракторшы жігіт қорқып кетті. Қалибек ашу үстінде ай-шайға қарамай оны трактордың кабинасынан суырып алды да, қарулы саусақтарымен кеңірдегін мытып жіберді.
– Әкеңнің ауызын… Осы жерде өлтіре салайын ба?– деп жұдырығын көтере бергенде қолдарымен басын бей-берекет қалқалап, үрейден дір-дір еткен тракторшының:
– Ұрма! Ұрма!– деген жан дауысы шықты,– Өзім… Өзім…–деді ол кеңірдегін қысқаштай қысып тұрған қолдан қалай тартынса да босай алмай. Қылғынып, қырылдай сөйледі:– Ұрма! Өзім шығарып беремін…
Қалибек тракторшының кеңірдегіне қарысып қалған саусақтарын босатып:
– Тез қимылда!– деп бұйырды кеудесінен қатты нұқып. Тракторшы сасқалақтаған күйі рульге отырды. Ол бұрылып келгенше Әділ әр жерде ыңырсып жатқан екі бұзақыны сүйрелеп, жолдың жиегіне шығарды. Қалибек тракторға тіркеу үшін тросты дайындай берді. Машинаны тіркеген соң Қалибек әбжіл қимылдап тракторшының жанына жайғасты да:
– Тарт!– деді бұйырып. Таудай Касемсот «Аудиді» қуыршақ құрлы көрмей қырдың басына сүйреп шықты.
Таң қылаң бере бастапты. Ұйытқып соққан қардың екпіні басылар емес.
Қалибек трактордан түсіп, машинаға отырған соң Әділге:
– Ал, заулай бер!– деді. Екеуі құдды бір алапат майданнан жеңіспен қайтқан батырлардай. Бір-біріне риза еді. Біраз жерге дейін «Күйік асуындағы соғыстың» хикаяларын айтып, кіжінісіп отырды.
Шақпақтың беліне жақындағанда қарға адым жерді көру мұң болды. Сай-саланы соқыр тұман басқан. Еселеп, түнере жауған қар машинаның әйнегін бірпәсте жауып қалады. Айнала боп-боз. Жол көрінбейді. Бейне бір жердің бетінде емес қиыр шеті көрінбейтін аспанда ұшып келе жатқандай. Белгі болардай қарауытқан қара жоқ.
Шақпақтың желі – ерекше құбылыс. Жай күндердің өзінде басқа аймақ аман тұрғанда дәл осы Шақпақ асуы борандатып жатады. Тәкаппар Тәңіртау мен қарт Қаратаудың түйісетін тұсы бұл. Үлкен Қаратау жоталарының Құлантау арқылы өтетін Шақпақ асуы Ұлы Жібек жолының керуен жолы болған. Шақпақтың желі шығыстан батысқа қарай бірнеше тәулік соғып тұрады. Осы маңда туып өскен Шерағаңның: «Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау… Арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді…» деп назданғаны бар. Шақпақтың желі таңдамай ұшырады. Көктемде, күзде жел күшіне мінгенде тіпті құстардың өзі жер бауырлап қалады дейді.
Әділдің жолды қалай ажыратып келе жатқанына Қалибек таң қалып отыр. Ес білгелі жүргізуші болған інісінің жерге қаратпасына сенеді. Олар машақаты мол Шақпақтың асуынан да, одан кейінгі тік өрлейтін Машаттың асуынан да аман өтіп, сағат таңғы тоғыздан асқанда Шымкент шаһарына кірді.
– Жеттік-ау, әйтеуір! Алматыдан шыққалы он алты сағат жүріппіз,– деді Қалибек сағатына қарап.
– Жаздың күні болса алты сағатта жетіп келетін жер еді. Мына боранның әлегі болды ғой,– деп Әділ темекі тұтатты. Жүзі шаршаңқы.
– Мен әуелі Киікбайға телефон соғайын,– деп Қалибек оның телефон нөмірін терді.
– Алло, ассалаумағалейкум! Мен Қалибек деген құрдасыңыз едім.
– Қалеке, аман-есен жеттіңіздер ме?– деді Киікбай бұрыннан таныс адамдай жайдары сөйлеп,– Жаңа Тілектес нағашым звондап, мән-жайды айтты. Сіздің арқаңызда бір ажалдан қалдым дейді. Рахмет! Досыңыз қай ауруханада жатыр? Маған аты-жөнін айтсаңыз. Қолдан келгенше көмектесемін.
– Рахмет, құрдас! Қалаға жаңа кірдік. Айтпақшы, бүгін сіздің туған күніңіз деп еді. Қырық жасыңыз құтты болсын!
– А-а, рахмет, рахмет! Досыңыздың атын айтыңыз.
– Облыстық аурухананың реанимация бөлімінде жатыр екен. Аты Қасым, фамилиясы Наурызбаев. «Өкпе артериясының тромбоэмболиясы» деген диагноз қойыпты.
– Біздің қасымызда екен. Сіз келе беріңіз. Мен қазір тауып, жағдайын білемін. Ең мықты мамандарға тапсырамын. Сол кісінің жанында жолығамыз,– деп Киікбай трубканы қойды. Қалибек сүйсініп қалды. Тілектес ағаның шын тілекші болып жатқанына қатты риза болды.
– Енді Майрашқа соғайын,– деп нөмірін терді. Ол трубканы көтермеді. Тағы терді. Көтермеді. Адамның көңілі құбылмалы ғой. Жаңа ғана Киікбайдың сөзінен кейін көкірегі қуанышқа толғандай еді, енді аяқ астынан уайымдай бастады. «Тек аман болса екен! Аман болса екен!» деп күбірледі.
– Облыстық ауруханаға тіке тарт. Сол жерден тауып аламыз,– деді Әділге.
Реанимация бөлімінің алдында күтіп отырған Майраш Қалибекті көргенде орнынан ұшып тұрып, қарсы жүрді. Екі көзі білеудей болып ісіп кетіпті. Туған бауырын көргендей Қалибекті құшақтай алып, еңіреп жылап жіберді.
– Сабыр ет! Сабыр ет! Әлі-ақ бәрі жақсы болады,– деді бұл Майраштың арқасынан қағып.
– Әлі есін жиған жоқ. Аппараттың астында жатыр. Түнімен осы жерде отырдым. Не болар екен, құдай-ай?– деп Майраш жаулығының ұшымен көзін сүртті. Қалибек реанимацияның есігін еппен ашып, саңылаудан қарап еді, Қасымның айналасында бір топ дәрігер қоршап тұр екен. Есікті қайта жаба қойды. Арада бес-алты минут өткенде іштен ақ халат киген орта бойлы, домалақ жүзді дәрігер шықты. Ол дәлізде отырғандарға байыптай қарап, Қалибекке бұрылды.
– Қалибек, сіз бе?– деп қолын берді,– Мен Киікбаймын. Қалай жеттіңіздер?
– Амалдап келдік. Қасымның жағдайы қалай? Бері қарайтын түрі бар ма?– деді Қалибек досын шын уайымдап.
– Уайымдамаңыздар. Бері қарайды. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір ұйықтап жатыр. Үш-төрт сағаттан соң өзіне келе бастайды. Сіздер мына дәрілерді тездетіп тауып келіңіздер. Басқасы өзімізде бар,– деп тілдей қағазға үш дәрінің атын жазды.– Бұлар өте қымбат дәрілер. Осыдан тез оңалады.
Қалибек пен Әділ жанұшыра іздеп, екі-үш жерге барып, айтқан дәрілерді тез жеткізді. Дәрілерді қабылдап алған дәрігер:
– Бұл жақсы болды. Қазір қолданамыз. Енді уайымдамаңыздар,– деп ішке кіріп кетті.
Түсқайта Қасым көзін ашты. Қалибек иығына ақ халат жамылып жан досының қасында отыр. Оның оң қолын алақанына салып, достық көңілін сездіргендей қысып-қысып қойды. Қасым қатты әлсіреп қалыпты. Әлсіз дауыспен әрең сөйлеп:
– Қали, саған ризамын! Бәрін Майраштан естідім. Көмегіңе көп рахмет! Енді бұл пәлекетке бой бермеймін,– деді.
Қали мен Әділ сол күні кеште боранмен алысып жүріп Аққұм ауылындағы қара шаңыраққа жетіп тоқтады. Көптен сағынған анасы мен бауырларының құшағына еніп, мейіріміне бөленді. Жолдан сілесі қатып, шаршап келген екеуі кешкі асты ішкен соң ертерек жатып қалды.
Қалибектің ерте тұратын әдеті еді. Таң қараңғысында тысқа шықты. Туған үйдің төсегінде жатқаннан ба, ұйқысы қанып қалыпты. Далада қар басылған екен. Таза ауаны терең жұтып, қос қолын айқара созып, рахаттанып керіліп алды. Қалың қарды күпілдете кешіп қора жақты аралап қайтты. Қалада жүргенде ауылдың көңінің иісін де сағынады. Қораның есігін сықырлата ашып, ішіне кіріп, жылқыны да, сиырды да бір-бір сипап шықты.
Шіркін, ауыл! Қалың қардың астында шағын ауыл мүлгіп тұр. Балалық шағы көз алдынан тізіліп өтті. Қалибек үшін осы ауыл Жер жаһанның кіндігі сияқты көрінеді. «Әркімнің туған жері – Мекке-Мәдина шаһары» деген. Қалибектің Меккесі де, Мәдинасы да осы ауыл. Бір күні мәңгілік ұйқыға кетсе, келіп жататын қасиетті топырағы да осы ауылдың төбесінде. Аққұмда өткен өмірін есіне алып, біраз тебіреніп тұрды.
Қалибек қайтар жолды ойлады. Құмалақшы Әлиманың айтқандары ойына оралды. «Киіктің бұрқағы». Бүгін Желтоқсанның он сегізі болды. «Он жетінші — он сегізінші жұлдыздары қауіпті» деген еді. Он жетісінен әйтеуір аман өтті. Бірақ жолда көрген азабын қалай ұмытады? Батырға да жан керек. Бүгін жолға шықпауға бекінді. Ертең жол басылып, күннің көзі ашылғанда шығайын деп шешті. Тағы бір күн анасының қасында болып, мауқын басқысы келді.
Таңғы шәйді ішіп бола бергенде Алматыдан Әділдің үйіндегі келін телефон соқты. Ол жазатайым құлап, тобығын тайдырып алыпты. Аяғын мүлдем баса алмай қалған көрінеді. Әділден маза кетті.
– Жолға жиналайық. Жаным тыным табар емес,– деді Әділ күйіп-пісіп.
– Ертең жүрсек деп едім. Амал қанша?– деп Қалибек келісім берді.
Екеуі қас қағым әлетте үйдегілермен қоштасып, машинаға отырды да ауылдан шығып кетті. Жолды қысқарту үшін Шымкентке соқпай Қарамұрттың төте жолымен ілбіп, Манкентті айналып Алматыға баратын күре жолға түсті. Ары-бері жүрген үлкенді-кішілі көліктің қарасы көбейіпті. Кешегідей емес, Қалибек бүгін «Киіктің бұрқағын» іштей қатты уайым қылды. Әлиманың «Автокатострофаға түсуің мүмкін» дегені ойынан кетпей-ақ қойды. Күре жолға шыққанда байқағаны трасса көктайғақ екен. Таңнан бері жүріп жатқан көп көлік жолдың қарын теп-тегіс етіп таптаған. Күннің көзі шыққан соң жолдың беті жылтырап, жаяу адам аяғында тұра алмастай «мұз айдынына» айналыпты. Әдетте қырық минутта жетіп баратын Түлкібасқа дейін тасбақа аяңмен жылыстап, екі сағат жүрді. Қалибек Әділге байқатпағанмен, іштей Аллаға жалбарынып, дұғасын оқып келеді.
Тағы бірер сағат жүргенде бұлар Күйік асуынан өтіп, Таразға таяу жердегі Айша бибінің кесенесіне бұрылды.
– Құран оқып шығайық,– деді Қалибек,– Әруақтардың разылығы үшін. Ұзақ жолда не күтіп тұрғанын кім біледі? Әулиелердің, ата-бабаларымыздың рухы жебеп жүрер.
Қалибек қатым Құранға жүйрік. Университетте араб тілін жетік оқыған. Көптеген сүрелердің мағынасын сөзбе сөз түсініп оқиды. Әуелі кесененің шырақшысына бір пара Құран оқытты. Содан кейін өзі әдемі мақаммен «Аятүл күрсі», «Ясин», тағы бірнеше қысқа сүрелерді қайталады. Сүт пісірім уақыт оқылған сүрелерден кейін, Аллаға жалбарынып ұзақ дұға жасады.
Қордай асуының биігіне шыққанда түн қараңғылығы қоюланып қалған кез болатын. Рульде Әділ отырған. Жолдың оң жақ беті құлама жар еді. Бұлардың қарсы алдынан шамдары жарқыраған Камаз көрінді. Артқы жақтан тағы бір Камаз тақалып келеді. Ауыр жүк көліктері сірідей қатқан көктайғақ мұздың үстінде тежегішті басқанмен тоқтай алмасы анық. Бір сыдырғы жылдамдықпен жүйіткіп келе жатқан «Ауди» кенет ғайыптан тайып, көктайғақтан шатқаяқтап кетті де, Әділдің ырқына бағынбай иректей жөнелді. Қалибек: – Абайла!– деп айғайлап жіберді. «Ауди» сырғанаған күйі жүз сексен градусқа айналып, қарсы жолаққа шығып үлгерді. Шығысты беттеп келе жатқан арттағы Камаз гүжілдеп, желімен сипап өте шықты. Бұл сәтте жаңа ғана алдынан көрінген Камаз да зулап келіп қалған еді. Әне-міне дегенше бұларды оңдырмай соғып, басып өтетін… Рульді оңды-солды шыр айналдырып, жанталасқан Әділ газды соңына дейін басып кеп жіберді. Машина бесті айғырдай ышқына кісінеп, солға қарай айналды. Сол сәтте «Аудидің» биік жардан төмен қарай ұшарына күмәні қалмаған Қалибек баладай бүрісіп, көзін тарс жұмды. «Өлген деген осы екен!» деп ойлады. Батыс бойлап еңкілдеп келе жатқан Камаз жарға қарай бет алған «Аудидің» артқы сол жақ бұрышын іле соқты. Сарт еткен дауыс шықты. Соққы тиген жеңіл машина жарға жетпей, тайғанақ жолдың үстінде айналып кетті. Тұмсығын Алматы жаққа қаратып, артқы оң жақ бүйірімен жардың шетіндегі күртік қарға соғылып тоқтады. Бұлардың өлген-тірілгеніне қарамаған Камаз сол екпінімен тоқтамай кете барды.
Қалибектің жүрегі аузынан шыға жаздады. Дір-дір етіп, мелшиіп қатты да қалды. Әділде де өң жоқ. Аман қалғанына көзі жетіп «У-уһ!» деді. Қас қаққандай сәтте қандай жағдайға тап болғандарын бажайлауға мұршалары болмады.
Осы жолы ажалмен анық бетпе-бет келгенін түйсінгенде Қалибектің тұла бойы шымырлап кетті. Дәу қара Камаздың бейнесіне еніп, жүректеріне сұр жебедей қадалғалы келе жатқан сұм ажалдың оғынан ағайынды екеуін Құдай қақты. Жан сақтау мүмкін болмаған алапат апаттан Құдайдың құдіретімен аман қалды.
– Машинаны өшір, Әділ. Сыртқа шық!– деді Қалибек есін жиып.
«Киік бұрқағының» аязды суық түнінде, көзге түртсе көргісіз қараңғыда, түпсіз шыңырау – құлама құздың ұшар басында, ақ қар, көк мұздың үстінде Құбылаға қарап жүрелей отырған күйі Қалибек бас көтермей Құран оқыды. Құран оқып отырып сана түкпірімен ойланды. Өзегін удай қарыған өкінішті ақиқаттың тізбегі санасында сайрап қоя берді:
Біз адамдар – күнәһармыз. Күнаһар болмасақ – Құдайымызды ұмытпас едік. Құдайымызды ұмытпасақ – кеуде керіп, талтаңдап, өзім Құдаймын демес едік, жұмыр жердің бетінде өзіміз мәңгі тұратындай көрмес едік, өткінші өмірдің шынайы мәнін түсінуге тырысар едік, адамгершіліктен аспас едік, иманымызды жоғалтпас едік, сәт сайын күнә кешпес едік. Күнаһар болмасақ… Біз Құдайдың құдіретін неге мойындамаймыз? Оның бізді қаласа өлтіріп, қаласа тірілте алатынына неге сенбейміз? Алла егер қаласа астамсынған пендені бір мезетте мүсәпір ете алатынын неге ұққымыз келмейді? Тәңір панасына алмаса қорғансыз бейшара, сорлы екенімізді неге ойламаймыз? Дәл қазір Құдай қақпағанда қып-қызыл қанға бөгіп, Камаздың астында ма, құлама жардың түбінде ме, мылжа-мылжа ет болып жатпас па едік? О, Тәңірім! Күнәһар пендеңді кешіре гөр! Кешіре гөр!
Қалибек Құдайдың алдында тәубасына жаңа келгендей, жан-жүрегі езіліп жылап жіберді. Әлима құмалақшының «Киіктің бұрқағында» жолға шықпа» дегені осы екен ғой деп түйген ол үйге жеткенше дұғасын іштей қайталаумен болды.

Темірғали Көпбай

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *