Жүйелі жұмыс жетістікке жеткізеді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барды. Аудан активімен болған кездесуде аймақ басшысы ауданның жаңа әкімін таныстырды.

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Бақытжан Жақсылықов Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалды.
Бердібек Сапарбаев жаңа әкімге экономиканың барлық саласында өсімді қамтамасыз етіп, өндіріске, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікке айрықша назар аударуды тапсырды.
— Сарысу ауданында алдыңғы қатардан көрінуге қажетті барлық мүмкіндік бар. Ол үшін әкім ведомствоға қарасты барлық мекемелердің жұмысын жүйелі түрде ұйымдастырып, қоғам белсенділері және кәсіпкерлермен өзара ынтымақта жұмыс істеуі керек, — деді Бердібек Сапарбаев.
Бердібек Сапарбаев жаңа әкім мен аудан активін қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Кездесуден кейін Бердібек Сапарбаев ауданның жаңа басшысымен бірге бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Бірінші кезекте аймақ басшысы Түркістан облысының Шаян ауылынан «ЕвроХим-Тыңайтқыш» компаниясының зауытына дейін созылатын газ құбырының құрылысы барысымен танысты. Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының м.а. Құдайберген Қорғанбаев жобаның мердігері «StroyGazKompany» ЖШС екенін жеткізді. Газ құбырының ұзындығы 98,3 километрді құрайды. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде Жаңатас қаласын қоса алғанда, 14 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Бердібек Сапарбаев жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.
Бұдан соң облыс әкімі жақында пайдалануға берілген Жаңатас қаласындағы сүт цехында болды. Құны 65 миллион теңге болатын цехты «Байтұр 2050» ЖШС салған. Жалпы соманың 16 миллионнан астам теңгесі «Еңбек» бағдарламасы аясында бөлініпті. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қолдау шаралары арқасында инфрақұрылыммен қамтылған.
Мұнда сүт өнімдерінің бес түрі шығарылатын болады. Жергілікті 10 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Цех тәулігіне 2 тонна сүт өңдеуге қауқарлы.
Кәсіпорын директоры Фархат Шаймқұлов бірден толық қуатта жұмыс істеуге шығуға ниетті. Қазір ол шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізуде. Сүт уақтылы жеткізілуі үшін ол қажетті техниканы өз қаражаты есебінен сатып алуға дайын екендігіне сендірді.
Ф.Шаимқұлов Жаңатаста сүт өнімдері арзан бағамен сататын төрт дүңгіршек ашқысы келетінін айтты. Оларда фермерлерге де өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалмақ.
— Бір қуантарлығы, қазір сүт өндірісіне көп көңіл бөлінуде. Енді тұрғындар табиғи өнімдерді арзан бағамен сатып ала алады. Бұл жобаға тиісті қолдауларды барынша көрсету қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.
Аудандағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігін ескере отырып, бірқатар дәріханалар мен орталық ауруханаға ат басын бұрды.
Дәріханалардан вирусқа қарсы препараттар табылмады. Бірақ фармацевттер жақын арада жаңа жеткізілімнің күтіліп отырғандығына сендірді. Бердібек Сапарбаев қандай жағдайда да бағаны көтермеу керектігін баса айтты.
Бұдан соң облыс әкімі шалғай ауылдарға бет түзеді. Ақтоғай ауылында Бердібек Сапарбаев күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан орта мектепте болды.
Бердібек Сапарбаевқа ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары туралы да баяндалды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Еркін Алтышев биыл Жаңаталап, Ұйым, Игілік, Өндіріс ауылдарына ауыз су тартылатынын жеткізді. Жалпы 796 үй таза сумен қамтылмақ. Нәтижесінде ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 57,6 пайыздан 72 пайызға дейін артады деп күтілуде. Бүгінгі таңда тағы төрт ауылда сумен жабдықтау жүйесінің құжаттары дайын.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *