Ауру асқынды: дәрі жоқ, маска қымбат

Жан алқымнан алған жаман тұмаумен жамбылдықтар қалай күресуде?

Коронавирус пандемиясы шартарапты шарлап, күннен-күнге өршіп барады. Қазіргі таңда COVID-19 жұқтырғандар саны 10,5 миллионға жуықтаса, қайтыс болғандар саны 500 мыңнан асты. Күн сайын шамамен 160 мың адамның қауіпті вирустың тырнағына іліккені анықталып отыр. Ауа жайылып, үдеп бара жатқан індет қарқыны кісі шошырлықтай. Қай жағынан да оңай соқпай, құрбаны да аз болмай тұр.

Экономиканы құлдыратып, әлеуметтік жағдайды әлсіреткенімен қоймай, ең басты құндылық – адам өміріне қатер төндіруде. Індет ізін салған еліміздегі жағдай да көңіл көншітпейді. Соңғы бір жетіде облыс жұртшылығы жаппай қатерлі дерттің құрығы ұзын екеніне көз жете бастады. Емханаларда ұзынсонар кезек пайда болды. Ал дәріханаларда дене қызуын басатын дәрі-дәрмек табылмай жатыр. Оған қоса жаны қиналғандарға жедел жәрдем де келмейтін болған.
Осынау қиын ахуалға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кеткенін де жасырмады. Жиын барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы санитарлық талаптардың сақталуын қадағаламаған бірқатар шенеуніктерге шара қолданып, ел азаматтарын қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға шақырды.
Жалпы, ел ішінде аурудың таралуына байланысты қауесет өріп жүргені жасырын емес. Соның бірі ауруды әуеден ұшақ арқылы әдеуі тарату жайлы дақпырт. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін ресми түрде мәлім етті. Сондай-ақ, министрлік өкілдері 30 маусымда өндірілген барлық медициналық бетперделердің тәулік сайынғы көлемі 772 мыңды құрағанын, 63 350 литр дезинфекциялау құралдары шығарылғанын айтты. Осылайша ел азаматтарын қауіпсіздік құралдарының жеткіліксіздігіне байланысты даурықпауға шақырды. Сонымен қатар, қызу түсіруші дәрі «Парацетамол» да барлық өңірлерге жеткізілетінін айтты.
Ал, Үкімет 14 күнге карантин жариялау туралы жоспарын ұсынды. «Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау туралы (ол ұзартылуы да мүмкін) жоспарын ұсынды. Нәтижесінде, 6 шілдеден бастап 2 апта көлеміне карантин қайта жарияланды. Тиісінше, Жамбыл облысы тұрғындары арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қатаң шектеулі карантиндік шараларды енгізу туралы» 2020 жылғы 3 шілдедегі №44 қаулысына сәйкес біздің аймақта да қалааралық, облысішілік автобус қозғалысын тоқтатылды. Көпшілік іс-шаралар мен ойын-сауық нысандары, барлық мәдени және діни нысандар қызметіне тыйым салынды. Жабық ғимараттардағы базарлардың жұмысы тоқтап, бетперде тағы және антисептикалық заттарды пайдалану міндеттелді.
Десе де, барлық нысандар жабылды деуге келмейді. Мәселен, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар толық режимде жұмыс істейді. Ал ашық аспан астындағы базарлар сағат 9:00-ден 15:00-ге дейін қызмет істейді. Сол секілді, қатаң талаптарды сақтай отырып, қонақүйлер мен санаторилік-курорттық базалардың, туристік нысандардың да жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Бұдан бөлек, осындай талаптардың сақталуымен өнеркәсіптер, ашық ауадағы шаруашылықтар мен өзге де бизнес нысандары жұмыс істей бермек.
Жеке көлік құралдарымен ауданаралық қатынас пен такси қызметіне шектеу қойылған жоқ. Ал, қоғамдық көліктер азанда 3 сағат, кешке 3 сағат қатынамақ.
Өз кезегінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс жұртшылығына үндеу жолдап, сақтық шараларына баса назар аударуға шақырды. Сондай-ақ, жедел штабтың кезекті отырысын өткізіп, карантин шараларын сақтау жөнінде тапсырма берілгенімен, ол аудан әкімдері тарапынан тиісті деңгейде орындалмағанын баса айтты. Той тойлап, елге қатер төндірген дертті елемегендерге заң шеңберінде шара қолдануды тапсырды. Дене қызуын басатын парацетамол, ацетилсалицил қышқылы секілді дәрілер болмаған жағдайда оларды алмастыратын дәрілерді пайдалануға болатынын халыққа түсіндіру жұмыстарын да дереу қолға алуды айтып өтті. Өңір басшысы медициналық бетперделердің халыққа қымбат бағада сатылып жатқанын сынға алды.
Жалпы, 7 шілдедегі жағдай бойынша Жамбылда 1789 адам коронавирус жұқтырған. 585 науқас індеттен айығып, 3 адам көз жұмған. Ресми статистика осылай дейді. Карантин шаралары жұмсартылған соң ауру жұқтырушылардың көбеюін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов науқастар тізіміне ауру симптомы жоқ азаматтардың да енуі себеп болып отырғанын айтады.
– Симптомы бар азаматтар ауруханаға жатқызылып емделеді, ал симптомы жоқтарға негізгі емнің қажеттілігі жоқ. Олардың ешқандай клиникалық белгілері болмағаннан кейін бекітілген алгоритмге байланысты оқшауланады және олар өздерінің денсаулығына, дене қызуына барлау жүргізеді. Олар тек бақылауда болады. Сонымен қатар ауруханадан емделіп шыққандар да бақылауда. Емделіп шыққандар жақын қарым-қатынастан оқшауланады. Ал клиникалық белгісі бар азаматтар ауыр, орта дәрежелі деп бөлініп, негізгі емді қабылдайды. Бүгінгі таңда осындай белгілері бар азаматтарға облыста 665 төсек орын жасақталған. Түсіп жатқандардың көбісі пневмонияға шалдыққан азаматтар. Жалпы COVID-19 төңірегіндегі кез келген сұрақ бойынша 103 нөміріне немесе 1302 нөмері арқылы call орталығына хабарласып, білулеріңізге болады, – дейді облыстың бас дәрігері.
Сонымен қатар, М. Жұманқұлов пневмония ауруының көбеюіне байланысты ол компанияға қосымша 300 миллион теңгеге дәрі-дәрмекке сұраныс берілгенін айтады. Ол дәрілер бүгін-ертең жеткізілуі тиіс. Сондай-ақ, Марат Сейітбекұлы COVID-19 пневмониясы мен кәдімгі пневмонияның айырмашылығы өте аздығын ескертті.
– Егер коронавируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болсаңыз, халық көп шоғырланған жерге барсаңыз, әрине ол жерде қауіп бар. Болмаса араласқан туыстарыңыздан анықталса, қауіптенген жөн. Екеуінде де ентігу, жөтел болады, дене қызады. Бірақ COVID-19 жұқтырғандарда жөтел аздау болады. Клиникалық белгісі осы. Негізінде жай пневмония жұқпайды. Ал COVID-19 пневмониясы жұғып, өкпеге түсіп кетеді, – дейді ол.
Соңғы айларда жұртты үрей құшағында ұстап келе жатқан пандемия қазақтың «Сақтансаң – сақтайды» деген сөзінің растығын дәлелдеп берді. Шынында, карантиндің шаралар жеңілдетілісімен жұрт көшеге лап қойды. Жиын-тойлар көбейді. Осы орайда, салтанатты шаралардан уақытша бас тарта тұрғанымыз абзал екенін еске сала кетуді жөн көріп олтырмыз. Ең бастысы – аурудың таралуына бөгет қою. Өкінішке қарай халық арасында коронавирус жоқ деген теріс пікір болған. Мінеки енді соның зардабын көріп отырмыз. Статистика көрсетіп отырғандай, науқастанғандардың басым бөлігі 60-65 жастан асқан үлкен кісілер. Бұл дегеніміз әлеуметтік қарым-қатынастың көп екенін көрсетеді. Себебі осы жас санатындағылар өзіміздің дәстүрімізге сәйкес ас беру, құдалық секілді шараларға көп қатысады. Әрі ол кісілердің қан қысымы, қант диабеті, жүрек қабынуы секілді басқа да аурулары бар. Мұндай кісілерді нысаналы топ деп атаймыз, Яғни денсаулығына байланысты коронавирусқа тез шалдығатын топ болып саналады. Сондықтан қарияларымызды сақтайық! Жеке басты қорғау шараларын ұстанып, талаптарды сақтайық. Сонда ғана ауруды жеңеріміз анық.

Мұрат ӘЛІМ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *