Жуалыда жемшөп неге қымбат?

Қазіргі нарықтық заманда бәрі қымбат. Базардағы азық-түлік бағасының тым шарықтап бара жатқанын біз айтпасақ та біліп отырған шығарсыздар. Ал шөптен тарығып көрмеген Жуалы ауданында биылғы жылы мал азығының қымбаттауына не жорық?!

Жуалы жері ежелден мал мен жанға жайлы, шөбі шүйгін өңір саналады. Бұрынғы көнекөз қариялардың айтуынша, қандай да бір қуаңшылық жылдар болсын, Жуалы жұртшылығы мал азығынан қысылмайтын көрінеді. Ал биылғы жылы шөп бағасы «қазан ұрмай, қар жаумай-ақ» шарықтап шыға келді. Көршілес Түркістан облысының бірқатар аудандарында биылғы жылы мал азығынан тапшылық байқалып отыр. Көктемде аталған облыстың Мақтаарал ауданында су тасқыны орын алып, қызыл су мен лай көшкіні егістік алқаптарды бүлдіріп кеткені белгілі. Мал азығынан тапшылық болған соң мақтааралдық ағайын да сонау «ит арқасы қияннан» Жуалыдан шөп сатып алып кетіп жатқан көрінеді. Одан бөлек, өзіміздің ауданға қарасты Билікөл, сонымен қатар Талас, Сарысу аудандарында мал азығынан тапшылық байқалып отыр. Мұндай жағдайда әрине, өзге өңірлер ең алдымен Жуалының құнарлы шүйгін шөбіне көз сүзеді. Бұл жыл сайын қайталанатын көрініс. Өзімізде шөп бағасының шарықтап кетуіне бірінші әрі басты себеп осы.
Биыл ауданда шөптің бағасы рекордтық көрсеткішке жетті. Бұған ең бірінші иелігінде жерлері жоқ азын-аулақ мал баққан шаруалар қатты алаңдап отыр. Аудан орталығының «Сәду» мал базары аймағындағы жол бұрылысында шөп саудасын қыздырып, күнұзаққа көліктерін «қаңтарып» тұратындардың қарасы қазір мүлдем көрінбейді. Шөп орағы басталған тұста күн сайын бұл орынға бірді-екілі жүк көліктері келетін. Қазір ол да жоқ. Өйткені шөп аудан орталығына жетпей таулы өңірдегі ауылдардың өзінен, кейбірінде алқаптың басынан үлкен жүк көліктеріне тиеліп, сыртқа кетіп жатыр.
Аптаның ортасында шөптің бағасын білмекке аудан орталығынан Қарасаз ауылына барар жолдағы бұрылысқа барып, сонда алыс ауылдардан шөп әкелетін көліктерді күтіп отырған азаматтармен жолыққан болатынбыз. Бәрінің көкейінде: «Шөп неге қымбат, биылғы жылы ол неге тапшы болып отыр» деген бір-ақ сұрақ. Біз сөйлескен азаматтар осында екі-үш күннен бері, алды бір аптадан бері шөп күтіп отырғандарын айтады.
-Өзім аудан орталығында тұрамын. Осы уақытқа дейін Тараз қаласына барып жұмыс істеп келіп, енді шөп алуға осында келдім. Күткенімізге көп болды. Бірақ шөп жоқ. Бұрын мұндай жағдай болмайтын. Шөпті таңдап жүріп алатынбыз. Биыл бәрі керісінше. Үйде төрт-бес бас ірі қара мал ұстаймыз. Сауынды сиыр да бар. Оған жыл сайын 500 данадан астам тайланған шөп қажет. Енді шөпті қайдан аларымды білмеймін. Лаждың жоқтығынан осында сағаттап күтуден басқа амаламыз жоқ,- дейді Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Нұржан Боранбаев.
Сонымен қатар, газет бетінде есімдерін атап жазбауымызды өтінген Көлбастау ауылының бірқатар тұрғындары да шөптің аудан орталығына жетпей, алқап басынан сатылып кетіп жатқанына қынжылыс білдірді. Олар негізінен осындай жағдайға жол беріп отырған тиісті сала басшыларын кінәлап отыр. Тұрғындардың айтатыны: «Ең алдымен жергілікті шаруаларды мал азығымен қамтамасыз етіп алғанымыз дұрыс емес пе. Мейлі өзінен артылғанын басқаға сата берсін» дейді.
Біз де осы орайда аудан көлемінде туындап отырған шөптің тапшылығына, қымбатшылығына байланысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовқа хабарласқан едік.
– Жалпы биылғы жылы аудан бойынша ораққа түсетін 28 630 гектар көпжылдық екпелер бар. Бүгінгі күнге барлық ауылдық округтерде шөп ору науқаны қарқынды атқарылуда. Десек те, шөп бағасы биылғы жылы өте жоғары болып отыр. Қазір ауданның таулы аймақтарында орналасқан ауылдарында тайланған бір дана шөптің бағасы сапасына қарай егістік алқаптан 500-600 теңге аралығында сатылса, аудан орталығына жақын ауылдарда 750-800 теңгеге жетіп отыр. Шөп бағасының көтерілуіне сырттан келіп, сатып алып жатқан шаруалар әсер етуде. Биыл Сарысу, Талас аудандарында және Түркістан облысының кей аймақтарында ауа райының қолайсыздығынан мал азығы өте тапшы.
Осы орайда аудан шаруашылықтарының назарына мал азығының сыртқа көп кетуіне байланысты жері де, техникасы да жоқ жергілікті тұрғындардың шөпсіз қалу қаупі бар екенін баса айтқым келеді. Сондықтан да шөпті ең бірінші кезекте өз жерлестірімізге сатуларыңызды және баға мәселесіне түсіністікпен қарауларыңызды сұранамыз. Ал ауданның басқа да шаруашылықтары мен жеке тұрғындарына қарап отырмай егістік алқаптарды аралап, шөпті сатып алуға ертерек қам жасаулары қажет,- дейді Рақымғазы Нұрғазыұлы.
«Бір-біріне қарап қалған
Бағынышты дүние.
Отыз тістен жарақтанған,
Ауызыңа тіл ие» деп жыр жазған екен ақын Қадыр Мырзалиев. Көзі тірісінде қара өлеңнің қадіріне жеткен Қадыр ақынның бұл өлеңі заманның дәл қазіргі кезеңіне байланысты жазылған ба деп қаласың. Қадыр ақын айтқандай, бәрі бір-біріне бағынышты дүние. Осы ретте шөп бағасының шарықтап кетуіне бірнеше фактор әсер етуде. Дегенмен, биылғы жылы ел аумағында таралған коронавирустық инфекцияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде ел Үкіметі шаруалардың жүріп-тұруларына, жанар-жағармай мәселесіне ерекше назар аударғаны белгілі. Осыған сәйкес шаруалар да көктемгі дала жұмыстарын алаңсыз атқарды. Ал енді нарықтағы шөптің бағасы мынадай.
Қазақта «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. Осы ретте малға азық таппай сенделген қарапайым шаруаның жанайқайына кім құлақ аспақ? Осындайда бір-бірімізге деген жанашырлық қайда деген ой келеді. Енді не болмақ? Ауылда тұрса да егістік жері жоқ немесе жер өңдеуге шамасы жоқ тұрғындар, сонымен қатар, аудан орталығында тұратын шаруалар шөпке қалай қол жеткізбек? Әзірше бұл күрделі сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *