Қырман қызыл дәнге толып келеді

Ауыл – асыраушы сала. Мал да, бидай-арпа да, көкөніс пен жеміс-жидек те сол ауылдың іргесінде өсіп-өнеді.
Қазір қай ауылға бармаңыз, болашақтың қамы деп жерге еңкейген диқандар ырзығын сол дархан дала төсінен тауып жүр.

Олар жай жүр деп айта алмаймыз. Қара күзде бидайын, ерте көктемде арпасын және тағы басқа дақылдарын егіп, бүгінде масақты дәнді дақылдарын жинап алу қамына кіріскен. Қазіргі уақытта әр ауылда қарбалас. Бірі арпасына, бірі бидайына орақ түсіріп, өнімді қырмандарына тасымалдап алуда. Кейбір ауылдардың қырманы қызыл дәнге толып келеді.
Атына заты сай шаруашы­лықтардың бірі – «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінің диқандары бүгінгі күннің бас кейіпкеріне айналған. Бұл жерде біз еккен егіннің көлемі, алынып жатқан өнімнің молдығын айтып отырмыз.
«Атына заты сай» демекші, қырмандарын қызыл дәнге толтырып жатқан өндірістік кооператив «Қызылдиқан» деп бекер аталмаса керек. Оның үстіне басшысы Нуритдин Бегманов істің көзін таба білген іскер жан десек, оның орынбасары Жақсынбет Жамансариев, шаруашылықтың ыстық-суығына көніп жүрген мамандары, дихан-механизаторлары – нағыз еңбекқор жандар.
Өткен сәрсенбіде аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, бөлімнің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібеков және бөлімнің статист-маманы Самат Жарасбаевпен бірге аудан аумағында егін ору науқанына белсене кірісіп кеткен шаруашылықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу үшін жолға шыққанбыз.
Жолымыз Тастөбе ауылынан Байзақ ауданының Абай ауылына алып баратын автожолдың оң қапталындағы бидай алқабына түскен. Алқапта бір «Лида», бір «Енисей», бір «Нива-6» астық комбайндары теңіздей толқыған егіндікте бірінің соңынан бірі қалқып кетіп барады. Егіндік жағасында бір «Газ-53», бір «Зил-130» автокөліктері мен қос тіркемені соңына ілген бір «МТЗ-82» тракторы тұр. Олардың астық тасымалдауға келгенін аңғару қиын емес.
Әне, сол сәт алқаптың екінші басына барып тоқтаған «Лида» комбайнының жүргізушісі Досалы Тоқбергенов дабылын қаға бастады. Бұл – Досалының бункер дәнге толды деген белгісі. Манадан бері тағатсыздана күтіп тұрған «Зил-130» көлігінің иесі Төлеген Білешбаев солай қарай қозғала жөнелген. Арада 10 минут өтті ме, өтпеді ме қорабы алтын дәнге толған Төлеген көлігінің басын қырманға қарай бұрған. Осы көрініс күніне 15-17 мәрте қайталанатынын ескерсек, қызылдиқандықтардың уақытпен санаспайтынын аңғару қиын емес.
Осынау көрініске көңіліміз өсіп тұрғанда қасымызға кооператив төрағасы Нуритдин Бегманов таянған.
– Биыл 500 гектарға бидай, 600 гектарға арпа орналастырдық. Бүгін егінімізге орақ түсіргелі бесінші күн. Науқан басталғалы 120 гектар бидайды орып, қырманға тасымалдап үлгердік. Нәтиже жаман емес. Әр гектардан 20-21 центнерден өнім алынуда. Бұл тірлікте жүргізушілер Ернұр Тоқбергенов пен Төлеген Білешбаев, МТЗ тракторының иесі Бексұлтан Қожайбаев және комбайншылар Жәнібек Төлегенов, Досалы Тоқбергенов, Өнербек Темірбек еселі еңбек етуде. Тағы бір қосатынымыз, қырмандағы жігіттердің қимыл-қарекеті де ерекше.
Алқаптағы қарекетке көңіліміз толған біз қайтар тұста қырманға да соққанбыз. Мұнда да қарбалас. Екі-үш жігіт арнайы агрегатпен тау болып үйілген қызыл бидайды суырып, тазалау үстінде. Қалғандары да қарап отырған жоқ. Таразшы жүк тиелген көлікті таразыдан өткізіп тұрса, электрик екінші агрегатты тоққа қосуда.
Осыдан-ақ қызылдиқан­дықтардың еңбекке деген құл­шынысын байқау қиын емес еді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
Жамбыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *