Нарық талабын тап басқан

Сарыкемерлік Альмейр Иманбеков тұрақты жұмыстан бас тартып, 24 жасында жеке кәсібінің кірпішін біртіндеп қалай бастайды. Ата кәсіптен нәсіп табуды көздеген жас кәсіпкер өткен жылы кәсіпкерлік әліппесін меңгеріп, «Бастау Бизнес» жобасының «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 6 пайызбен 4 млн.теңгелік несиеге қол жеткізеді.

— Алматы қаласындағы Еуразиялық техникалық университетінің электроэнергетика факультетін бітірдім. Мамандығым — электроэнергетик. Сұранысқа қажетті мамандықтардың бірі саналады. Осыған қарамастан жеке кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Мақсатым — мемлекеттің тиімді бағдарламасын пайдалану арқылы жылқы шаруашылығын дамытып, төлдерін көбейту. Несиеге қол жеткізе сала, таңдап жүріп, әрқайсысын 350 мың теңгеден 10 бас буаз жылқы сатып алдым. Қалған қаражатты жем-шөп алуға жұмсадым.
Азаматына қарап, ауылын танитын елміз ғой. Бастағы береке мен бақтың тұрақты болуы осындайдан. Кәсібім дөңгеленіп, тірлігім жүріп жатса, кіндік қаным тамған ауылымның көркеюіне тамшыдай болса да үлесімді қосар едім,- дейді жалынды жас.
Төрт түліктің төресін қалай баптауды әкесінен үйренген Альмейр Өмірбекұлының арманы — мал басын көбейте отырып, дертке дауа, бойға қуат дарытатын саумал мен қымыз өндіруді қолға алу.

Гүлжан Русланқызы,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *