Жақсылықтың қайтарымы

Жақсылық еселеп қайтады екен-ау!..
Алла тағаланың жаратылысы адамды қайырлы іске де, қайырымсыз тас жүректікке де жақын етті. Бұл сипаттарсыз өмірдің де мәні болмас еді-ау. Адамдардың барлығы тек қайырымды ғана болса, шайтанның азғыруына ерген пенделер жомарт жандардың есебінен күн көруге тырысары анық. Пенделердің жақсылыққа да, жамандыққа үйір болып, бірі сауап жинауға тырысса, екіншісі күнә арқалайтыны да содан шығар-ау.
Жұмабек атасы оқыған молда болғасын ба, Айгүл діннің қадір-қасиетін кішкентайынан санасына түйіп өсті. Күнделікті шаруасын ешқашан бисмилласыз бастап көрген емес. Осы сипаты оны өзгелерге де қарасып, қамқор болуға құлшындырып тұратын еді. Әсіресе, жетім-жесірлер мен аш-жалаңаштарға қолындағысын үзіп беруге даяр тұратыны содан ба деп қаласың. Жасаған жақсылық олардан қайтпаса да, Алладан қайтсын деп әрдайым тілекте жүреді.
Сауап алу деген қандай жақсы іс екенін ойға алғанда, діндар атасының өз ұрпағы үшін басын тасқа да соғып, жарға да ұрғаны көз алдына келеді. Шіркін, ол бір қиын-қыстау заман еді-ау. Кеңес өкіметі орнап, бар имам-молдаларды қуғындап, қысастық көрсеткені ұмытыла қояр ма екен?! Көкірегі қарс айрылып, өмірдің тауқыметін тартып жүрсе де, ұрпағының иманды болсын қаламады дейсіз бе?!
Жұмабек молда қанжығалы елінде, атап айтсақ, қазіргі Сілеті өзенінің бойындағы Қулыкөл ауылы маңында өсіп-өніп, патша заманында Троицк шаһарындағы қазақтың көзі ашық азаматтары білім алған медресені тәмәмдаған. Кейін атақты Сәдуақас Ғылмани Қазақстан қазиятына төраға болғанда, оның орнына Ақмола облысы имамдығына ұсынылады. Бірақ, тағдырдың жазуымен қатты сырқаттанып, көп ұзамай Омбының іргесіндегі Дәрігер ауылында дүние салады.
Бұл киелі жер кешегі кеңес заманы туып, бар діндарларды қудалағанда өзіне ұзақ жыл пана болған өңір екен. Кейін туған еліне қайтып оралса да, бақилық өмір жақындағанда ахирет күні таялғанын сезді ме екен, сырқау күйінде Ресейдің Дәрігер ауылына апаруды сұрапты. Сөйтіп, ол жерден топырақ бұйырған екен.
Міне, сол адамның немересі Айгүл де имандылыққа жақындап, мұсылмандықтың адамға шүбәсіз жақсылықтар әкелетініне әбден қанығып өсті. Алланың кәләмі – Құрандағы айтылған қағидалардың талай рет таң қалдырғанының куәсі де болды.
Бірде ол базар аралап келе жатып, қол жайып қайыр сұраған міскінді көрді. Алақан жайған адамның жетіскеннен отырмайтыны да анық жай. Өмірдің тауқыметін тартып, әбден жүдеген жанның жанашырлық танытшы деген өтініші жанарынан да сезіліп тұрды. Өзі де талай жыл жетім балалармен жұмыс істегенде ата-анасыз күй кешкен талай жетімектерді көргені бар. Ананың аялы алақанын сезбей, теперіш көрген жандар көмек-қолдауға зәру болатынын бір сәт ұмытқан емес.
Мына мүсәпір адамның да тағдыры шарасыздықтың салдарынан болып отырғанын іштей сезеді. Өтіп бара жатып қалтасына қол салды, тиын-тебен болсын, нәр жалғар бір нәрсе беру еді ойы. Қолына екі мың теңгелік көк ақша ілікті. Қалтасын тағы ақтарып еді, бар қалған ақшасы осы екен. Міскін адамның алдына келіп тұрып, қолына іліккен әлгі ақшаны кейін алуға дәті бармады. Бір жағынан әлгінің жәудіреген жанарында қайырымды адамға деген риясыз алғысы айтылып тұрғандай еді.
Ол өзінің соңғы ақшасын еш ойланбастан, жаңағы міскін адамның қолына ұстатты. Мұндай көп ақша береді деп ойламаса керек, ол дұға етіп, шынайы ризашылығын білдірді.
Ал, Айгүл болса, өзінің ақшасыз қалғанына еш ренжіген жоқ. Қайта бір мүсәпір адамға қол ұшын бергеніне риза көңілмен үйіне қайтты. Шын мұсылман осылай істер еді деп те қойды ол ішінен. Өзіңе соншалықты қажет болып тұрса да, ол нәрсеңді басқаға еш ойланбастан қиып бергеніңді ислам өте жоғары бағалайды. Бәлкім, Алланың разылығы түссе, ол дүниең еселеп қайтатынына сенген абзал.
Осы оқиған кейін Айгүл ойламаған бір таңғажайып жағдай болды. Араға бірер күн салып, банкке бір түбіртекпен ақша төлеуге барғанда, оған банктегілер өзінің есеп шотында бірнеше жылдардан бері бұрынғы қызметінен жіберілген сыйақының жатқанын айтты. Неге бұл ақшаны алмай жүргенін сұрады банктегілер.
Айгүл мұны естіп, өзінің таң қалып тұрғанын жеткізді. Бір жағынан қазір банкілік төлем кәртішкесі қашанда жан қалтаңнан табылатындықтан, басқа есеп шот бар бола тұра, оны естен шығарып алғаны да анық еді. Осылай өзінің есеп шотына жіберіліп, бірер жыл жатып қалған сыйақы ақшасын санап алды. Бұл жиырма мың теңге ақша еді. Алла берейін десе, осылай бере салады екен. Әнеугі міскінге қайыр садақа бергенімнің сауабы ма екен деп те ойлап қойды. Ол қайыршы болса да, адам ғой. Бәлкім, шынайы дұға тіледі ме екен?! Қалай болса да, өзі ойламаған оқиға болды.
Үйге оралғасын хадис кітаптарды ашып, біреуге қайырымдылық жасаудың сауабы жайлы білгісі келді. Міне, қызық, жұбайы оған облыс имамы Қанат Қыдырминнің жақындағы бір жұма намазындағы уағызында айтқан бір әңгімесін еске салды. Ол пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның қызы Фатима мен күйеу баласы Әлидің бастан өткерген оқиғасы еді. Онда былай сыр шертіледі:
Мекке шаһарына керуен келсе, қала тұрғындары бір жасап қалатын. Шөл даладағы шаһарда жоқ таңсық тамаққа кенеліп, ауыздары аққа тиетін. Тіпті, керуен келе жатқанын естісе, жұрт бұған қуанышпен жандары жадырап, көңілдері масайрайтын.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы Фатима да керуен келген күні қуанышты еді. Күйеуі Әли тәтті бір нәрсе әкеліп беруге уәде еткен-ді. Фатима күні бойы үйге сыймай, барлығын жинастырып қойды. Құтты бір мерекені қарсы алғандай әсерде болатын.
Бір сәтте есік те қағылды. Әли не әкелді екен деп жүгіре шықты. Бірақ, Әли құр қол келіпті. Жүзі де қуанышты емес.
– Фатима, сен мені кешір, ештеңе әкеле алмадым. Керуеннен бір алма сатып алып едім, үйге жетіп қалғанымда алдымнан бір мүсәпір шығып, өзінің аш екенін айтты. Шыдай алмадым, жалғыз алманы сол мүсәпірге бердім, – деді Әли.
– Әли, сен өте дұрыс істегенсің. Басқа бір мұсылман аш жүргенде біз қалай ол алманы жей алады екенбіз? Алла разы болсын, бұл ісіңе, – деді ол.
Жұбайының бұған түсіністік танытқанына дән риза болды. Алланың елшісінің (с.ғ.с.) қызы емес пе?. Иман бәрінен биік ұғым ғой.
Үй ішінде үнсіздік пайда болды. Оны біреудің есік қаққаны бұзды. Есікті ашқан Әлиге арғы жақтан бір бейтаныс адам ыдысқа салынған алмаларды ұстатты.
– Бұл алмаларды Расулулла (с.ғ.с.) беріп жіберді. Керуеннен өзіне сыйлаған азық-түлікті барлығына таратып берді. Сіздердің үлестеріңізді менен беріп жіберді, – деді бейтаныс адам.
Әли алмаларды санап алды. Сосын ол әлгі адамға: «Бір алма жетіспейді ғой?» деп тосын сауал қойды. Бейтаныс адам мұны күтпесе керек. Бір қызарып, бір бозарды. Сосын ол бір алманы өзінің алғанын айтты да, қойнына тыққан алманы қайтарып берді. Бір жағынан Әлидің оның ұрлағанын біліп қойғанына таң қалды.
– Жоқ, жоқ, алманы ала бер, менің де таңқалған жайым бар еді. Қасиетті Құранда Алла тағала біреуге жасаған жақсылығың он есе қайтады дейді. Неліктен тоғыз алма, он алма емес деп таңданып отырғамын, – деген еді Әли бейтаныс адамға.
…Айгүл ішкі жан дүниесі ерекше бір әсер алғандай болды. Шынымен, таң қалатын оқиға деді ол. Мүсәпір адамға екі мың теңге ақша бергені есіне түсті. Енді міне, сол ақша тура он еселеніп қайтып отыр. Жиырма мың теңге!
Кейін де тағы бір осыған ұқсас оқиға менің де басымнан өтті. Жұмыстан шығып, үйге асығып келе жатқанмын. Жолай орталық базардағы бір дүкенге кірген едім. Бір бейтаныс әйел адам он мың теңгелік ақшасын майдалап беруді сұрады. Әлгі адамның ірі ақшасын айырып бердім. Бірақ, мен оның он мың теңгесін айырып жатып, оған тағы бес мың теңгені байқамай қосып жіберіппін. Оны үйге келгесін бірақ білдім. Мұны естіген жұбайым: «Ештеңе етпейді, кеткен ақшаң он есе қайтатын шығар!» деді ойын-шыны аралас баяғы оқиғаны еске алып.
Міне, ғажап, осы оқиғадан соң бірер күннен кейін облыстық дін басқармасы ұйымдастырған журналистер арасындағы шығармашылық байқауда бірінші орын алып, елу мың теңге сыйақыға ие болдым.
Иә, біз көп жағдайда осындай қасиетті Құран даналықтарын есте ұстай бермейміз. Өзімізге керек нәрсені өзге біреу сұрап келсе, қимаймыз. Өзіме қажет қана ақшам бар, ренжіме, бере алмаймын дейтініміз еш жасырын емес қой. Қарап отырсақ, әлгіндей мұқтаж адамның қалауынан шықсаң, өзіңді де Алла тағала бос қалдырмайды екен ғой. Себебі, Алла тағала мейірімді, рахымды, жомарт екенін естен шығармайықшы!

Бақыт Смағұл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *