Жамбылдық диқандар мемлекеттік қолдауден кенде емес

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, дала жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Ауданға ат басын бұрған аймақ басшысы алдымен Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-не барды. Егор Кох басқаратын серіктестік негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Мал азығын да өздері дайындайды. Ол үшін агроқұрылымда 1253 гектар суармалы жер қарастырылып, жаңбырлатып суару қондырғыларымен жарақтандырып қойыпты. Айта кетерлігі, шаруашылық бүгінде 600 гектар жерге арпа-бидай егіп отыр. Ондағы өнімді күзге дейін орып алып, орнына жүгері егеді екен. Сонда бір жерден екі өнім түрін алады. Серіктестіктің бұл бастамасын өңір басшысы жоғары бағалап, жұмыстарына табыс тіледі.
Мұнан соң облыс әкімі аталған ауылдағы «Бәйтерек» шаруа қожалығына да барды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын қожалықтың негізгі егетін көкөніс түрі орамжапырақ екен. Қожалықтың егіс даласымен толықтай танысып шыққан Бердібек Сапарбаев мемлекет тарапынан берілетін субсидия мәселесін сұрады. Аймақ басшысының сауалына Нарбай Ергебеков жауап беріп, диқандар тыңайтқыш пен жанар-жағармайды субсидия арқылы еш қиындықсыз алатынын жеткізді.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Түктібай ауылындағы «Злиха» шаруа қожалығының егіс даласына барды. Қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиев 70 гектарға картоп, 100 гектарға арпа, 147 гектарға көп жылдық шөп егетіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ ол картопқа органикалық тыңайтқыштар қолданатынын атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі қожалықтың бұл әдісін жоғары бағалап, өзге шаруаларға да үлгі ету қажеттігіне тоқталды.
Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы «Боранды» шаруа қожалығының еккен мақсары дақылының жай-күйімен танысты. Жалпы 50 гектар жерге егілген дақылдан қожалық жетекшісі 20 центнер өнім алуды жоспарлап отырған көрінеді. Қожалыққа өнімді өткізу де мәселе емес. Себебі өндірілген өнімді алысқа сабылмай-ақ аудан орталығындағы май өңдеу цехына өткізеді. Дейтұрғанмен аймақ басшысы аудан әкімі Нарбай Ергебековке сол май өңдеу цехының жұмысын «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Қызыларық ауылындағы «Қуана-Бер» шаруа қожалығының да тыныс-тіршілігіне қанықты. Өткен жылы құрылған қожалық биыл 11 гектар жерге сарымсақ егіпті. Алғаш рет ат шаптырым жерге сарымсақ еккен қожалық басшысы Жарқын Қалтаевтың алға қойған жоспары айқын. Өйткені сарымсақ арқылы мол пайда табуға болатынына көзі жеткен ол болашақта өнімінен ұнтақ жасауды жоспарлап отыр. Диқанның еңбегіне жоғары бағасын берген аймақ басшысы аудан әкіміне сарымсақ егетін шаруалардың санын көбейту туралы ұсынысын жеткізді.
Өңір басшысы аудандағы жұмыс сапарын Ақтөбе ауылындағы «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде қорытындылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *