Бесағаш пен Түрксіб

Жаңашыл жоба қос ауылды танымастай түрлендірмек

2019 жылдың күзінде сол тұстағы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өмірге «Қарапайым заттар экономикасы» негізінде «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы келіп, сол жолда еңбек етуге облыс аумағындағы он ауылдық округтің тұрғындары тартылып, ұйымдастыру жұмыстары ә дегеннен-ақ қызу жүргізіле бастаған.

Бұл жобаға қатысу мүмкіндігі ауданымыздан Бесағаш ауылдық округіне бұйырған-ды. Бірден айтайық, бесағаштықтар еңсесін тіктей бастаған. Тіктегені сол, қай аулаға кірмеңіз, жасыл желек жамылып, жайқалып тұр. Кейбірінің қорасы малға толы. Үй егелерінің, жеке кәсіп иелерінің шаруаға деген бейімділігі мен малсақтығын аңғару қиын емес. Былайша айтқанда, аулада да, кооперативке тиесілі жер де, қора да бос емес. Көкке оранып, гүлмен көмкерілген ауланың ауасын айтсаңызшы.
Осынау көріністі көзбен көріп, қос ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу үшін жолға шыққан аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев бас маман-агроном Амангелді Әбдібековпен бірге сонда барып, «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің басқарма төрағасы Дәурен Жүнісовті әңгімеге тартқанбыз.
– Біз үшін аяқтан тік тұрып кету оңайға соққан жоқ. Талай күлкісіз күнді, ұйқысыз түнді өткіздік. Ауыл әкімі Бейбіт Нигматуллаев пен мамандары аяқтарынан таусылды. Тұрғындардың құжаттарын әзірлеу қиынның қиыны болды. Аудан басшысы мен ауыл әкімдері де әрқашан қасымыздан табылды. Облыстық мекемелерден келген мамандар да көмегін берді. Осылайша бар қиындық артта қалды. Қиындықтың қуанышы болады деген осы шығар. Бүгінде бүгілген беліміз, түскен еңсеміз тіктеле бастады. Енді пилоттық жоба аясындағы бес бағыт бойынша атқарылған тірліктерге тоқталсам, үй іргесіндегі жерді, ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану, кооперативті жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларын қаржыландыруда, 280 құжатқа 892 мың теңге несие берілді. Округ бойынша 1117 аула болса, олар 155 гектар жермен қамтылған. Оның 129,96 гектарына көкөніс дақылдары егілді. Мәселен, 40 гектар жерге қызанақ, 1,15 гектар сарымсақ, 15,2 гектар картоп, 55,5 гектар пияз, 43 гектар жүгері өсірілуде. Ауыл тұрғыны Сейідхан Қадірбаев 11 млн теңге несие алып, алаңы 11 соттық жылыжай құрылысын бастап кеткен. Сейідханның айтуынша, жылыжай маңына жақын орналасқан су қоймасына балық өсіруді қолға алмақ. Сондай-ақ бесағаштық Саят Ғарипуллаев үй іргесіндегі 6,5 соттық жерге картоп, қызанақ, қияр өсіріп отыр. Ал, жас кәсіпкер Есеней Қалжанов үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 31,5 соттық жеріне 450 дана жеміс ағашын (алма, алмұрт, өрік, қара өрік, шабдалы) отырғызған. Қазір бой көтере бастаған бұл жеміс ағаштары әлі-ақ өз жемісін бере бастайтынын пайымдайсың.
Бұл бірінші бағыт бойынша атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Екінші бағыт ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша 276 аула 4760 мал алған. Келісімшарт бойынша 275 аула 268 сиыр, 360 бұқашық, 1289 жылқы, 1443 қой, 1400 үй құсын қолдарына тиген несие есебінен сатып алған. Оның ішінде сүт бағытындағы 296 сиырды 124,32 млн теңгеге сатып алса, ет бағытына мүйізді ірі қара 72,96 млн теңгеге сатып алынды.
Үшінші бағыт – тұрғындардың аула сыртындағы жер үлесіне келсек, мұнда 1335 гектардың 313 гектарына арпа, 100 гектарына бидай, 200 гектарына дәндік жүгері, 646 гектарына жоңышқа орналастырылған. Бұл тұрғыда да егілген дақылдардан мол өнім алынады деген сенімі зор. Оған бұл дақылдардың бүгінгі өсіп, өну қарқыны дәлел болғандай. Су жеткілікті. Күтіп-баптау жұмыстары агротехникалық шараларға сай жүргізіліп келеді.
Төртінші бағыт бойынша егістік алқапты тиімді пайдалану үшін 100,71 млн теңгеге 22 техника алуға қол жеткіздік. Олардың бәрі де көктемгі дала жұмыстарына жегілді.
Соңғы бағыт кәсібін ашуға негізделгенін ескерсек, 1 кәсіпкер несиеге 1 млн 860 мың теңге алып, бүгінде кондитерлік цех ашуға кіріскен. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта 2 тоңазытқыш, кондитерлік пеш, қоспалы араластырғыш құрылғысын және тот баспайтын үстелін де алып қойған. Олар Алматы қаласынан жеткізілетін кондитерлік өнімнің сыртын орағыш пен қоспаны араластырғыш үлкен құрал-жабдықтарды күтіп отыр, – деген басқарма төрағасы Дәурен Жүнісовтің сөзін жалғаған кәсіп иесі: – Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған облыс, аудан, ауыл әкімдеріне үлкен рахмет! Ісімді дөңгелетіп әкету үшін жарық, үш фазалық электр қондырғысы қажет, – деді.
Түрксіб ауылына да табан тірегенбіз. Мұнда да жайнап-жайқалған дақылдар алыстан менмұндалайды. Қораларынан кісінеген жылқының, маңыраған қойдың, мөңіреген сиырдың дауысы естіледі. «Мың естігеннен, бір көрген артық» деген ниетпен «Даниял» жеке кәсіп иесі Рысбек Иманалиевтің ауласына бас сұғып, төңірекке көз жүгірткеннен-ақ, Рекең істің адамы екенін ұғынып, сөзге тарттық. Ол: – Ауыл әкімі Бейбіт мырзаға рахмет. О баста ол мамандарымен үйге келіп, мән-жайды түсіндіргеннен кейін бірден келісе кеттім. Оған еш өкінбеймін. Бұрынғы Бесағаш, Түрксіб ауылдарын бүгінгі ауылға балай алмайсың. Өзім 5 млн теңге несие алып, ет бағыты бойынша 5 жылқы, 5 мүйізді ірі қара және 10 қой алдым.
Жасырары жоқ, жұмысымның алғашқы жемісін де алып үлгердім. Малға қараудан қолым босаса, есік алдындағы жеміс ағаштары мен көкөністерді баптаймын, – деді.
Бұл Түрксіб ауылындағы бір көрініс. Екінші көрініс ауылдың шетінен қоныс тепкен Желтоқсан көшесінің тұрғыны, көпбалалы жас ана Арайлым Өксікбаева 1 млн 250 мың теңге несие алып, оған 550 тауық әкелуді жоспарлаған. Арайлымның арманы қазір біртіндеп орындалып келе жатқан секілді. «Тетра Браун» тұқымдас тауық түрінің 250-ін алған, қалғанына тапсырыс беріп қойыпты. Жақын күндері келеді деп күтіп отыр. Айтқандайын, алған тауықтары балапан басып та қойыпты. Біз барғанда Арайлым шөжелеріне су беріп, жем шашып жүрді.
Ауылдық округте қимыл-қарекет барына осылайша көз жеткіздік. Осы тұста ауыл әкімі Бейбіт Нигматуллаев: – «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы несиеге қол жеткізген кооператив мүшелеріне бар жағдай жасалып келеді. Алынған техникаларымен жерлерін айдап, тырмалап, арығын қазып, тұқымдарын алып берді. Жеңілдетілген бағамен жағар май алуларына да көмектесті. Енді бір-екі ай көлемінде жиын-терін науқаны басталады. Сол кезде де кооператив сәтін салса, тірлікті тындыруға тастүйін дайын, – деді.
Жайқалған өскіндерді, мыңғырған мал мен үй құстарын көрген аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, бөлімнің бас мамандары Амангелді Әбдібеков, Бақытжан Тастеміров, Самат Жарасбаев табыстың тайқазанын тасытып жүрген бесағаштықтарға сәттілік тіледі.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
Жамбыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *