«Үлгілі» атағына лайық ауыл

Облысымызда «Үлгілі ауыл» байқауының басталғанына да біршама уақыт болды. Аудандардан қатысып жатқан, осы атаққа лайық ауылдың бірі – Сарысу ауданындағы Әбілда ауылы.

Тоғызкент ауылдық округіне қарайтын елді мекенде 25 түтін бар. 190 адам тұрады. Осындағы Үшарал негізгі мектебінде 44 оқушы білім алып жатса, оларға 20 мұғалім білім беруде. Ауылда медициналық пункт, клуб, аудандық кітапхананың филиалы бар. Мұндағы әр үй табиғи газ жағып отыр. Екі көшенің жолына күрделі жөндеу жүргізіліп, асфальт төселуде.
Ауылда алты жылдан бері ұрлық фактісі, ешқандай қылмыстық істер тіркелмеген. Алты жылдан бері ешкім атаулы әлеуметтік көмек алмаған. Яғни Үкіметке қол жаюды ұят санап, әр үй өзін-өзі қамтуға көшіп кеткен. Әбілдалықтар тазалықты жанындай сүйіп, тек адал еңбектің рақатын көріп отыр. Ауылда қылмыстың тіркелмейтіні – жастарға, мектеп оқушыларына беріліп жатқан тәрбиенің дұрыстығынан болар. Жамбыл облысының Құрметті ардагері атанған Баянбек Әбдуалиев ақсақал осы ауылда тұрады. Ауыл қариялары Жексенбек Арынов пен Төленді Еркіновтің де жастарға берер тағылымы, айтар өсиеті мол. «Қартың болса, қазына» демекші, осындай қазыналы қарттары бар елді мекенде бұзақылық жасауға, біреудің ала жібін аттауға ешкімнің дәті бармайды.
Ауылда жас жігіт Марат Омар басқаратын «Үшарал агро – 2017» өндірістік кооперативі бар. Онда егін және мал шаруашылығы жолға қойылған. Биыл 450 саулықтың әр жүзінен 90 бастан төл алынып, 320 қозы өсімге қойылған.Бұл кооперативте қазір төрт трактор жүріп, шаруаны дөңгелетуге жарап тұр. Одан бөлек «Нұрпейіс», «Омар ата» шаруа қожалықтарының да тасы өрге домалап келеді. Бұл шаруашылықтарды Марат Нүрпейісов, Әбілда Құдайбергенов деген азаматтар басқарып отыр. Ынтымағы жарасқан аядай ауылда нәзік жандылар да қожалық ашып, жаңашылдық-қа бейімделуде. Сәрсенкүл Төленбекованың «Әбдуалы», Нұршайым Түймебаеваның «Алмаз» шаруа қожалығын басқарып отырғаны – осы сөзімізге нақты дәлел.

Еркін САЙЫН,
Сарысу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *