Киіктің бұрқағы

(Жалғасы. Басы өткен санда)

– Мен ауылға қайтамын. «Сайранға» барып, сол жерден көлікке отырамын. Екі күннен кейін қалада жұмысым бар. Таналарым оған дейін табылмаса, амал жоқ, мына кісіге қайтадан келемін. Басқа не істеймін? Бір шелек суың төгілсе де ішің ашиды ғой. Осы қыстан құнажын болып шығатын таналар еді. Әттең!
Мәкең қатты өкініп тұр. Оңай ма енді? Ал Қалибектің іші аласапыран. Алай-дүлей болып жатыр. Мәкең әлден соң қоштасып кетіп қалды. Қалибек жан-жағына жалтақтап, автобекеттің ішіне қайта кірді. Құмалақшының есігінің алдында мыржық кемпір әлі тұр екен.
– Апа, қабылдап жатыр ма?– деп сұрады Қалибек.
– Қабылдап жатыр,– деді кемпір сүлесоқ сөйлеп.
– Рұқсат болса, мен бір нәрсе сұрайыншы,– деп Қалибек есікке жақындай берді.
– Сұрай бер, балам.
Ақ пластиктен жасалған жұқа есікті жай ғана тықылдатты. Іштен әйелдің «Иә!» деген сенімді дауысы естілді. Жартылай ашылған есіктен басын сұғып:
– Сәлеметсіз бе?– деді бұл. Жасы алпысқа таяған етжеңді әйел «кедергі жасадың» дегендей бұған ажырая қарады. Құмалақшы осы кісі сияқты. Түр-тұрпаты еркекке келеді екен. Өзінің өң-әлпетіне мән бермейтінге ұқсайды. Маңдайын ақ сиса орамалмен шарт байлап алған. Бұйраланған төбе шашы қобырап тұр. Көп киіп, көнетоз болған жұқалтаң сары жемпірдің жеңін білегіне дейін түріп, алдын алқа-салқа ағытып тастапты. Тірліктің тәшпішін көп көрген, жоқ-жітік адамның бейнесі. Дүниені ұмытып, өзінің ісіне беріліп кеткендей.
– Айта беріңіз. Құлағым сізде,– деді әйел алдындағы шашылып жатқан құмалақтың бетін қос алақанымен жауып. Қалибек қысылған жоқ. Керісінше өзімсінгендей еркін сөйледі:
– Бағанадан бері тұрмыз. Бізді қабылдайсыз ба?
– Неше адам қалды? Менің жарты сағат қана уақытым бар.
– Екеуміз.
Толық денелі құмалақшы орнынан қинала түрегеліп, жай басып есіктің жанына келді. Есіктен басын шығарып қарады да, мыржық кемпірді көріп:
– А-а, мына кісі екен ғой. Жарайды, бұл кісінің жарасы жеңіл. Тез жіберемін. Сіз күте тұрыңыз,– деді Қалибекке. Сөйтті де есікті ішінен тарс жапты. Мұрнының алдынан есік тарс жабылғанда Қалибектің қақ маңдайынан біреу қос қолдап қойып қалғандай болды. Еріксіз шегініп кетті. «Мына кісі қайтеді-ей!» дегісі келді де қасында тұрған кемпірге қарап басыла қойды.
Тағы бір он минуттан соң Қалибек құмалақшының алдында отырды. Оның аты Әлима екен. Екеуі тез тіл табысты. Әлима бір қарағандағыдай емес, өте қарапайым, көңілі ашық адам болып шықты. Қалибектің де мінезі ашық, шынайылықты ұнатады. Оның дүниеде жек көретіні адамдардың бойындағы әртістік мінез бен жасандылық. Әлимада оның бірі жоқ. Көкірегі домбыраның шанағындай даңғырлап тұр. Аузын ашса жүрегі көрінгендей. Қалибектің аты-жөнін білген соң:
– Ал айта беріңіз. Не жағдай?– деп сұрады. Қалибек ілкі сәт кідіріп қалды. Күмісайдың «Сіз оған өзіңіз туралы ештеңе айтпаңыз, бәрін өзі айтады» дегені сол мезетте ойына сап етті де, өз жайынан көп мағлұмат бермеуге тырысты.
– Жағдай болғанда… Неден бастасам екен?– деді Қалибек жас баладай қипақтап,– Сізге Күмісай жіберіп еді. Құмалақ ашады деп…
Әлима күліп жіберді:
– Құмалақшы құмалақ ашпағанда не істейді енді? Ашамыз. Қандай проблема болып тұр?
– Не ғой… Мен бір жаңа жобаны қолға алып едім. Соның қалай болатынын?..
– Жақсы!– деді Әлима байсалды түрге еніп,– Сізге айтайын. Сөйлейтін құмалақ, айтушы әруақ! Әкеңіздің, атаңыздың есімдерін айтыңыз.
– Әкем – Әлібек, атам – Сапар. Менің фамилиям Сапаров.
Әлима алдындағы үстелге жайылған аппақ тегіс жайманың бетіне қос алақанын қойып «Фатиха» сүресін оқыды да көзін жұмып отырып, еріндерін жыбырлатып, ұзақ дұғаны іштей күбірледі. Сөйтті де түстері мен пішіндері біркелкі, моншақтай сыңғырлаған әдемі тастарды ақ жайманың үстіне баппен шашты. Қырық бір тасты алдымен үш-үштен, сосын үштен бір бөлікті төрт-төрттен бөліп, қалған тастарды жайманың бетіне қойды. Содан кейін үш қатарға үш реттен қалдық тасты орналастырды. Бұл «құмалақ тізбесі» деп аталады деді. Салғаннан қалған тастарды тағы да үштен бөліп санады, соңғы қалдық пен шашылған тастардың орналасуына қарап біраз үнсіз отырды.
Қалибек құмалақшының әр қимылын жіті бақылауда. Құмалақшылық қасиет атадан балаға тұқым қуалап беріледі дегенді естуші еді. Бұл да бір тылсым дүние ғой. Құмалақ ашу қазақта ертеден келе жатқан өнер. Бабаларымыздың жаратылыс заңдарын терең білгендігі, аспан әлемі мен жер бетіндегі табиғат құбылыстарының құпия сырларын жазбай танығаны осы өнерден айқын көрінеді. Құмалақ ашудың әдісі мен ережесін кез келген адам үйрене алады. Ал енді құмалақтың қалай сөйлейтіні, айтқан болжамдарының қаншалықты дәл келетіні құмалақшының дара қасиетіне байланысты. Екінің бірі дәл болжам айта алмайды. Ол үшін ата-бабадан жалғасып келе жатқан ерекше қасиет керек.
Құмалақшы Әлима Әлмерек әулиенің ұрпағы екен. «Айналайын, Әлмерек бабамның әруағы, оң қабағыңмен қарап, түзу сөйлете гөр!» деп рухқа тағзым етті де сөйлеп кетті.
– Атаңыз да, әкеңіз де өмірден жас кеткен. Екеуі де өнер қонған адамдар екен. Атаңыз майданда кетіпті, әкеңіз жүрек ауруынан қайтыс болған. Бірақ артында қалған ұрпақтары өсіп-өніп үлкен әулетке айналыпты. Аллаға шүкір!– деді Әлима шашылған тастарға қарап. Айтқанының бәрі рас. Қалибектің құйқасы шымырлай бастады,– Сіздің өзіңізде де үлкен өнер бар ғой. Аталарыңыздан келген қасиет. Сол өнерге талмай қызмет етуіңіз керек. Сізді биікке шығарады. Сіз уайымдайтын ештеңе жоқ. Міне, құмалақтың маңдайы ашық. Оң қабағы жарылып тұр. Оң бүйірі тоқ түсті. Жүрегі сүйінішті. Оң босағасы берік. Пешенесі бестен түсіп тұр. Жетіскеннің жетеуі де осында. Өзегі ашық. Тоғысуы қуанышты. Сондықтан уайымдамай, жұмыс істей беріңіз.
Қалибек эмоцияның адамы. Қызба қанды жігіт. Өзі адамға сенгіш. Көңілшектігі де бар. Әлима айтқан сайын бұл сүйсініп барады. Жүрегін қуаныш биледі. Иығынан ауыр жүк түскендей болып, жеңілейіп қалды. Әлима оның көзіне қарап:
– Сіздің бизнесіңіз кітаппен байланысты,– дегенде Қалибектің таңданбасқа амалы қалмады. Бұл жаңа баспа ашып жатқан. «Мына кісіден ештеңе жасыра алмайтын шығарсың» деп ойлады.
– Иә, дұрыс! Солай!– деді таңданысын жасыра алмай.
– Сіз қазір қатты қиналып жүрсіз. Өзіңіз уайымшыл адам екенсіз. Оның бәрі уақытша қиындықтар. Бопыраған қағаз түсіп тұр. Көп қағаз. Көп кітап. Ертең-ақ бәрі реттеледі. Сондықтан уайымдамаңыз.
– Бәрі дұрыс болса сізге келмес едім. Жұмысым қалай болады? Шынымды айтсам, қатты уайымдаймын,– деп Қалибек ашыла түсті. Әр сәт сайын Әлимаға сенімі де артып барады.
– Сіз бір кредиттің соңында жүгіріп жүрсіз. Бірақ ол болмайды. Бір әйел адам араласып тұр. Ол көмектесе алмайды. Сіз қанша жүгірсеңіз де банктен кредит ала алмайсыз,– деді Әлима сенімді дауыспен сабырлы сөйлеп.
– Сонда қалай? Ештеңе шықпай ма? Онда кітапты қалай шығарамын?– деп Қалибек күйгелектенді. Бұған көп ақша керек. Алғашқы жобасы өте қымбатқа түсіп тұр. Банктен несие ала алмай сандалғанына біраз болған. Гүлзира деген таныс әйел несие алып беремін деп өткен аптада ғана бар құжатын дайындатып, алып кеткен. Соған үміт артып отыр еді. Әлиманың айтып отырғаны осы жай екенін бірден түйсінді.
– Мына жобаға біраз ақша салып қойыпсыз ғой. Әркімнен алып құрастырыпсыз. Осы ақшаңыз көп болып қайтады,– деді Әлима жаймадағы тастарына қарап. Қалибек одан сайын таңдана түсті.
Банктен несие ала алмаған соң жұмысты тоқтатпайын деп біраз қарызға кіргені рас еді. Біраз болғанда да бірталай ақша. Бәрі үстеме пайызбен. Жобаны сақтап қалу үшін жанталасып жүр. Қарыз болса қысып барады. Адамдар әртүрлі ғой. Біреу жағдайыңды түсінеді, біреу түсінбейді. Қарыз бергендердің бір-екеуімен қызбалыққа салып, шекісіп те үлгерді. «Алғашқы өнімдерімді сатқанда қарыздан құтыламын» деген. Оған уақыт керек. Уақыттан бұрын тағы да ақша салу керек. Ешқандай уәжге көнбей, үйіне келіп отырып алатындарды қайтерсің. «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген осы екен. «Бөрі сырын алдырмас, сыртқа жүнін қомпайтар» деп бұл еңсесін тік ұстауға тырысады. Бірақ ол сырты ғана. Сырты бүтін, іші түтін. Кейде екі қолын тас төбесіне қойып, көз көрмес жаққа безіп кеткісі келеді. Бұны аман алып келе жатқан қайтпас қайсарлығы ғана. Қандай істі бастаса да үдесінен шықпай қоймайтын әдеті. Сол әдетімен кеудесін қинала сүйретіп жүр.
– Сізде ақша көп болады. Балықты кептіргенде қаттап жинайды емес пе, былай,– деп Әлима алақандарын бір біріне шапақтады,– Пәшкі-пәшкі ақшаны осылай қаттап жинайтын боласыз. Тамыз айының алғашқы аптасында сізге бұрын соңды көрмегендей көп ақша келеді. Елден алған қарыздарыңызды түгел қайтарып, таза пайдаға шығасыз.
– Бір айда келе ме?– деді Қалибек шыдамсыздана.
– Құмалақ айтып отыр ғой, келеді,– деді Әлима сеніммен. Қалибектің де сенгісі келді. Ондай болса қане! Бір ай шыдаса тұйықтан шығайын деп тұр екен. «Я, Жаратқан! Өзің жар бола көр! Осы кісінің айтқаны келсін» деді іштей сүйсініп. Әлима тағы сөйледі:
– Мына бір досыңызбен кетісейін деп тұрсыз,– деді ол құмалақтың құйысқанынан бөлектеніп тұрған бір тасты сұқ саусағымен көрсетіп,– Ол сізге көмектескен екен. Енді қатты қинайтын да сол болады. Кетісесіз.
– Ол қандай дос? Кетіспеуге болмай ма?
– Оның кім екенін мен білмеймін, бірақ көптен доссыздар. Кетіп тұр ғой, мінекей. Кетісесіздер.
Қалибек көмек көрсеткен достарының бірсыпырасын ойша түгендеп көрді. Соның ішінде соңғы кезде болар болмасқа өкпелеп, қыңқылдай бастаған бір досына тоқтады да:
– Үсен бе?– деді құмалақшыға сұраулы жүзбен қарап. Әлима жаймадағы тастарды араластырып, қайта тартты.
– Иә, осы жігіт.
Қалибек оң бармағының тырнағын тістеп, ойланып қалды. Әлима тағы сөйледі:
– Қасыңызда бір ініңіз бар екен. Өзіңізбен бірге жүрген. Ол ауылға қайтады. Сізге ренжіп кетеді. Бірақ сіздің кінәңізден емес, өзінің түсінбестігінен болады.
– Мүмкін емес! Әділ ме? Оны семьясымен ауылдан көшіріп әкелгенмін. Жұмыс таппай қатты қиналып жүрген. Алматыдан үй алып бердім. Ішін жиһазға толтырдым. Астына иномарка машина әпердім. Балаларын мектепке орналастырдым. Тапқаныммен теңдей бөлісіп жатырмын. Айлығын да, шайлығын да беремін. Оның кетуі мүмкін емес!– деп Қалибек күйіп-піскендей болды.
– Ол келесі көктемде кетеді,– деді Әлима асықпай,– Құстар келіп болған соң. Одан да сіз өз денсаулығыңызды ойлаңыз. Сіздің ағзаңыздағы зат алмасу процесі бұзылған. Қан қысымы тұрақсыз. Қатты ашулансаңыз бірден көтеріліп кетеді. Жүрегіңіз де әлсіз. Стенокардия бар. Бауырыңызды май басқан. «Жировой гепатоз» дейді. Сондықтан сізге жұмыстан бұрын денсаулыққа қарау керек. Сіз әлі жассыз. Сіз сияқты адамдар қазаққа керек. Ауруханаға жатып, өзіңізге өзіңіз келіп алыңыз.
Өз бойында бар сырқаттың түрлерін қолмен ұстағандай тізіп бергенде Қалибектің айтар сөзі қалмады. Ол аң-таң болып жымиып, басын шайқай берді.
– Осы жылдың соңында сіздің өміріңізге төніп тұрған үлкен қауіп-қатер бар,– деді құмалақшы. Қалибек ұйқыдан оянған адамдай селк етті.
– Қандай қауіп?– деді жұлып алғандай.
– Желтоқсан айының он жетісі және он сегізі күндері «Киіктің бұрқағы» басталады. Сол күндері алыс жолға шығушы болмаңыз. Сізді үлкен автокатострофа күтіп тұр. Жолға шықпасаңыз ештеңе де болмайды. Алда-жалда жолға шықсаңыз Тәңіріге жалбарынып, дұғаңызды аузыңыздан тастамаңыз. Ата-бабаларыңыздың әруағына бағыштап құран оқи беріңіз. Сол әруақтар сізді аман алып қалуы мүмкін.
Мұны естігенде Қалибектің жон арқасынан біреу мұздай су құйып жебергендей болды. Арқасын қарып, омыртқасын бойлап сау ете түскен суық үрейден жүрегі тоқтап қала жаздады. «Он жетінші… Он сегізінші желтоқсан. Он жетісі…Он сегізі… «Киіктің бұрқағы»… Жолға шығуға болмайды» деп күбірлеп қайталады. Бақырайған көзінің шарасы кеңейіп барады. Бір сәт бойын жинап:
– Жолға шықпауға тырысамын,– деді жәй ғана,– Жаңа бәрі жақсы болады деп едіңіз… Қорқайын дедім ғой. Не боп кетті өзі?
– Өмір болған соң бәрі болады. Қайғы мен қуаныш қатар жүреді. Қорықпаңыз. Тек абай болып жүріңіз. Айттым ғой, жолға шықсаңыз аузыңызда дұғаңыз болсын. Басқа сұрағыңыз болмаса… Менің баратын жерім бар еді,– деді Әлима Қалибектің көңілін жұбатқандай,– Осыған разы болыңыз. Ал қолыңызды жайыңыз, батамды берейін. Менің батам емес, Әлмерек бабаның батасы деп қабылдаңыз,– деп ынты-шынтысымен бата берді.

Күндер зымырап өтіп жатты. Зымыран уақыттың ұршығы өз заңымен айнала берді. Қалибек Әлима құмалақшының айтқандарын бір сәтке де ұмытқан емес. Жігерлене кірісіп жаңа бастаған тірлігін алға жылжытуға күш салды.
Әлиманың айтқаны айдай келіп жатты. Гүлзира деген әйелдің несие әпермек болған әрекетінен түк те шықпады. Тамыз айының басында алғашқы өнімдерін Орал өңірі сатып алды. Әлима айтқандай орасан көп ақша түсті. Қалибек барлық қарыздарын түгел жауып, тапқан пайдасын екінші бір үлкен жобаны игеруге салды.
Үсен досымен шынында да кетісті. Кетіспеске болмады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, ши шыққанда сол әзәзіл ақшадан шықты. Қалибектің күткен қаржысы келгенше күнде тықылдап, қарызын даулап қоймаған Үсен тамыздың басындағы үлкен сома түскенде күрт өзгерді. Оның бергені болмашы қаржы болатын. Қалибектің бизнесі жүріп кететініне көзі жеткен соң Үсен енді «Ақшамды алмаймын» деп шықты. «Мен компанияға қосқанмын. Компанияның жартысы менікі. Елу де елу үлеспен кіремін» деді. Оған Қалибек көне ме? «Берген ақшаңды үстеме пайызымен ал да, әңгімені қысқарт!» деген. Ақыр соңы өзінің дегені болмасын сезген Үсен берген ақшасын үстемесімен еселеп алып: «Адам емес екенсің!» деп кете барды. «Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін Құдай көріп тұр ғой… Қайда барсаң да менің арым таза» деп Қалибек қала берді.
Сөйтіп жүргенде сүмбіле туып су суыды, таразы туып таң суыды. «Қыркүйек, Қазан, Қараша… Келбеті күздің тамаша» деп тақпақтайтын сарыжағал күз де өтіп, «Қараша – қауыс… Кәрі құртаңды тауыс» дегеннің кезіне келді. Қылышын сүйреткен кәрі құдаң қыс әп дегеннен қайратына мініп алды. Қойын-қонышын қарлы боранға толтырған Жедінің күні жетіп, Алақаншықты азынатқан Желтоқсан айының бел ортасына таяды.
Әлима құмалақшы ескерткен «Киіктің бұрқағы» да жақындап тұр еді. Он жетінші, он сегізінші желтоқсан Қалибектің миының қуысына қапақтай қағылған. Әлиманың әулиелігіне әбден көзі жеткен Қалибектің қорықпасқа, сақтанбасқа лажы жоқ. Жылдық есеп-қисапты тиісті министрлікке ертерек тапсырып, Желтоқсанның он жетісіне дейін етек-жеңін жинап отырмақ болды. Астанаға күні бұрын барып келгені де сондықтан. Үйде отырған адамды жау алмайды. Енді үйден шықпауға бекінді. «Автокатострофа» дегенді ойласа зәресі ұшады. Соңғы күндері құраншыл болып алған. Күн демей, түн демей білген сүрелерін қайталаудан жалықпады.
Қазаққа белгілі «Киіктің матауы» немесе «Киіктің бұрқағы» деген амал күндері Желтоқсанның ортасынан ауғанда келетін. Бұл амал боранды амал. Биылғы Желтоқсан жылдағыдан қарлы, аязды көрінді. Демек «Киіктің бұрқағы» бұрқасынсыз, борансыз болмайды. Қандай амал болса да аман-есен өтсек екен дейді Қалибек.
Желтоқсанның он алтыншы жұлдызы. Күн сейсенбі болатын. Алматыны аяз құрсап тұр. Бірде шығысқа, бірде батысқа қарай суырып, қиялай жауған қиыршық қар жексенбінің кешінен бері тоқтамады. Алматының ақ тұманнан арылмағанына да екі күн. Мына екпінімен қардың таяуда тоқтайтын түрі жоқ.

(Жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *