Құландық құрама жем зауытының қадамы қарышты

«Луговой жылқы зауыты» — өз уағында алақандай ғана ауданды бүкіл одаққа танытқан кәсіпорын. Бүгінде де сол межеден айнымай, отандық агросаланың дамуына ауыз толтырып айтар­лықтай үлес қосып келеді. Аб­сенттей арғымақты баптап, байрақты бесекеге қосқан ұжым қазіргі таңда да сол кәсіптерін әлі де жалғастыруда. Сондай-ақ, жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызметкерлері егіс да­ла­сында қажырлы қызмет етіп, дихан­шы­лық бағытында да өздерін жақсы қырынан көрсетуде.

Александр Линник басшылық ететін серіктестік соңғы жылдары заманауи қондырғыларды қолдануды да мықтап қолға алған. Тіпті, ауылшаруашылығын цифрландыру мақсатында 2016 жылы жобалық құны 435 000 000 теңгені құрайтын «Құрама жем дайындау» зауытын іске қосқан болатын. Аты атал­ған шағын зауыт толығымен авто­маттандырылып, ресейлік «Тех­некс» компаниясының заманауи қондырғыларымен жабдықталған. Ол өзінің қуаттылығына сәйкес сағатына 15 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы. Кәсіпорын жыл басынан бері 142 000 000 теңге болатын 1771 тонна құрама жем өндіріп те үлгерді. Бірақ, айта кету керек, шағын кәсіпорын әзірге өндірген өнімдерін тек өздерінің қажетіне ғана пайдаланып келеді.Жуырда ауданға арнайы іссапар­мен келген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев зауыттың тыныс-тір­ші­лі­гімен етене жақын таныса келіп, оның жұмысын жаңаша жандандыру керектігін алға тартқан еді. Дәлірек айтқанда өндіріліп жатқан өнімнің көлемін анағұрлым арттырып, еліміздің өзге де аймақтарына саудалауға кеңес берген еді. Осыған орай тиісті сала бас­шыларына тапсырма жүктеп, жан-жақты ақпараттандыру әрі мал азығын тиімді пайдалану жұмыстарын тү­сіндіруді жергілікті жердегі шаруалардан бастау керектігін баса айтқан болатын.
Осыған байланысты өткен аптада мал бордықылау, ет өнімін өндіру бағытында жемісті жұмыс атқарып жүрген шаруалар мен кәсіпкерлерге арналған семинар-кеңес өткізілді. Шараның басты мақсаты – шаруаларға мал бордақылау бағытындағы тың идеяларды таныстырып, сан түрлі ақпараттармен бөлісу әрі тиісті кеңестер беру болған соң, оған зауыттықтар тыңғылықты әзірленіпті. Шаруалар бас қосқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев те арнайы келді. Семинар-кеңеске аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Линник, сондай-ақ, ауыл әкімдері мен агросала мамандары қатысты. Семинар-кеңес барысында шаруаларға соңғы үлгідегі құрылғылармен жаб­дық­талған зауыттың жұмысы жан-жақты таныстырылды. Бұл туралы зауыт­тың операторы, жас маман Ма­хамбет Байтишев кеңінен әңгімелеп, то­лыққанды ақпарат берді. Маман өндірілген өнімнің қандай малға жарамды екенін, оның құрамы мен сапасы, пайдалану әдістері мен тех­­­­нологиясы жайында кеңеске жинал­ғандарға баяндап өтті.
Осыдан соң семинарға қатысушылар мә­жіліс залына өтіп, онда олар «Vet Efect» компаниясының мамандары айт­қан қызықты ақпараттарға құ­лақ түрді. Құрама жем өндірумен айналысатын мамандар өнімнің құрамында қандай қоспалар болатынын, оны қандай малға, күніне қанша рет беру керектігін, оның артықшылығын айтып өтті.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарынан кейін сөз кезегі шаруаларға бері­ліп, Есен Бекенов, Үмбет Жан­әділов сынды жеке кәсіпкерлердің ұсы­ныс-тілектері тыңдалды. Шаруа қожа­лық басшылары құрама жемнің қолжетімді бағаға әрі делдалсыз саудалану керектігін алға тартты. Зауыт басшылығы ондай кедергілер бол­майтынын және өнім бағасы тапсырыс берушінің қажетіне қарай анықталатынын атап өтті. Шаруалар тарапынан қойылған өзге де сауалдарға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жауап берді.
Жиын соңына қарай аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп, шаруаларға өз ұсынысын жеткізді. «Соңғы кездері Елбасы Жолдауында айтылған ауылшаруашылығын цифрландыру жұмыстары ауданымызда бірте-бірте жүзеге асырылып келеді. Соның дәлелі ретінде осы бір заман талабына сай жабдықталған зауытты атауымызға болады. Егер өнімге сұраныс артатын болса, кәсіпорын өз қуаттылығын арттыруға ниетті. Сол үшін де сіздерді осындай зауыттардың жұмысына қолдау білдіруге, берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға ша­қырып отырмыз. Бұл өнім сіз бор­да­қылап отырған малдың бойын өсіру­ге, ет өнімін ұлғайтуға мүмкіндік бе­­реді. Сонымен қатар, уақытыңыз бен қаржыңыз да үнемделеді. Бұл құ­рама жем әлемнің дамыған елде­рін­де бұрыннан бері қолданыста. Бола­шақта аудандағы әр шаруамен бай­ла­ныста болып, ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тарын жалғастыратын боламыз» деп семинарға келген шаруаларға өз ойын жеткізіп, жиынды қоры­тын­дылады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ,
Т.Рысқұлов ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *