«Ғибратты керуен» аудандарда

Бүгінде халықтың бос уақытын тиімді пайдалануына бағытталаған, жастарға рухани азық бола алатын жақсы іс-шаралар легі толастаған емес. Мәдени көпшілік іс-шараларды тианақты өткізуде өңірімізде осы салаға жауапты мәдениет басқармасы қызметкерлерінің еңбегі көп. Облысымызға жаңа басшы Бердібек Сапарбаев келегелі де мәдениет мамандары жүйелі жұмыстарынан жаңылған жоқ. Ағымдағы жылы облыс әкімінің қолдауымен бірқатар үлкен мәдени іс-шаралар жоспарланған. Соның бір айғағы ретінде күні кеше ғана бастау алған «Ғибратты керуен» жобасын айтуға болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығы мен облыстық ардагерлер кеңесі бірлесіп 2020 жылдың маусым-шілде айларында «Ғибратты керуен» жобасын ұйымдастыруды жоспарлаған болатын.
Жуырда «Жамбылтану» орталығында аталмыш жобаның шығарып салу салтанаты өтті. Шараны Облыстық ардагерлер кеңесінің Төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып беріп, жолаушыларға сәт-сапар тіледі. Бұдан кейін, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз тізгіндеп, ерекше жобаның мән-мазмұнына тоқталып өтті. Ал, жас ақын Дидар Апбасов жоба қатысушыларына жүректен шыққан жалынды жырларын әуелетті.
Керуен алғашқы бағыты Қордай ауданы болды. Жалпы бұл керуен, облыстың барлық аймақтарын қамтиды. Қазыналы қариялардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ету, жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, үлкенді сыйлауға, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында кездесулер, әлеуметтік бейнероликтер және әуезді әндер ұсынады. 6 маусым күні аудандарға жол тартқан игі жоба Қордай ауданындағы Сортөбе ауылына табан тіреді. Топ құрамында 18 адам. Олар мәдениет саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, дін саласы маманы және жастар.
Шара барысында көпшілікке әлеуметтік тәрбиелік тағлымы мол бейнероликтер көрсетіліп, ғибратты әңгімелер айтылды. Атап айтқанда, «Руханият және тарихтану орталығының» директоры Сауран Қалиев ұлттық болмысымыз туралы, ұлтаралық сабақтастық туралы әңгімелесе, Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Исмаиыл Хаджимуратов салт-дәстүрлердің жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы кеңінен ой өрбітті. Мұның ішінде ұлттың ұлтқа деген жанашырлығы, сыйластық әдебі, ұлттық ойындардың мән-мазмұны туралы да айтылды. Мұндай мәселелерде ата-ананың беретін тәрбиесі ерекше екендігі анық.
Ғибратқа толы әңгіменің жібін бұдан ары қарай Һибатулла Тарази атындағы медресенің ұстазы Нәркес Боханов «Дін — тәрбиенің рухани тірегі» тақырыбында жалғады. Көпшілікке дініміздің өзі бала тәрбиесінде адамдар перзенттерін отансүйгіштікке, батырлыққа баулу керектігі туралы мәлім етілгендігі айтылды.
Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Бақытжан Құтжан жас буынның өкілі ретінде бүгінгі бейбіт әрі зайырлы мемлекетіміздің жастары қандай болуы керектігі жайында баяндама жасады. Бұл тұрғыда жастардың білімді, жасампаз әрі бастамашыл болуға деген беталысы және бүгінгі таңда жас мамандарды қолдауға арналаған тың бағдарламалардың бар екендігі, сондай-ақ кәсіппен айналысқысы келетін жандарға да «Бастау» секілді түрлі бағдарламалардың бар екендігін тілге тиек етті. Сөз соңында Ұлы ақын Абай Құнанбаевтің өлеңіндегі бес асыл істі атап өткен ол, көпшілікті елді құрметтеуге, мемлекетімізге қалытқысыз қызмет етуге шақырды.
Жоба бағдарламасына сәйкес Облыстық кино орталығының әзірлеген қамқорлық, салт-дәстүр, адми болмысты қастерлеу сипатындағы тағлымы мол қысқаметражды фильм көрсетілді. Отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бейнероликпен қорытындыланған іс-шарадан көрермен ерекше әсер алды. Ата-ананың шексіз мейірімі суреттелген туынды көптің көзіне жас келтіріп, жиналған көпшілік ұйымдастырушылар мен керуен құрамындағы қонақтарға алғысын арнады. Шара соңында Жамбыл облыстық филармониясының әртістері әннен шашу шашты.Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаевтың айтуынша Жамбыл облысындағы мәдениет саласының бүгінгі күнгі жасап жатқан жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. «Ұлттық болмысқа тән барлық құндылықтар жойылып кетпес үшін оларды қастерлеп, ұлықтау басты міндетіміз» — дейді ол осы тақырыпта.
Керуен құрамында зиялы қауым өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесі, діни басқарма имамдары, мәдениет мамандары және жастар бар. Бұл топ сапар барысында әр аудан орталықтарында тәрбиелік мағынасы бар түрлі тақырыптарда кездесулер өткізеді. Жалпы айтатын болсақ, керуен Жамбыл өңіріне қарасты барлық аймақтарды аралайды. Барған жерде ұлттық құндылықтарды сақтау, қазыналы қариялардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ету, жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, үлкенді сыйлауға, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында кездесулер өткізіп, әлеуметтік бейнероликтер көрсетіп, әуезді әндер ұсынады.
– Жамбыл жерінде талай тарланбоз таланттар дүниеге келгенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ақын да, батыр да, сан саланың тізгінін ұршықша иіріп жүрген өз ісінің майталман мамандары да бар. Қазақта «Ат аунаған жерінде түк қалар» деген аталы сөз бар. Қазыналы қарттардан қаймағы бұзылмаған салиқалы әңгіме естіп, олардың батасын алаған, өнерлінің өнерін тамашалаған жастарымыздың да өрісі кеңейеді деп ойлаймын. Дәл осы дүниелерде «Ғибратты керуен» жобасының берері көп, – дейді Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғ.Садырбаев.
Ғибратты Керуеннің Сортөбеден кейінгі бағыты Масаншы ауылы болды. Бұл жерде де спикерлер жастар тәрбиесі, бейбітшілік пен иман тұрғысында тұшымды ойларын ортаға салып, әңгіме өрбітті. Әсіресе Масаншыға келгенге шейін Облыстық ардагерлер кеңесі мүшелері Өтеген батыр ауылында болып, жастарды әскерге шақыру, Отан алдындағы борыш және ұлтаралық қатынастық турасында ауқымды тақырыпта ауыл ақсақалдарымен әңгімелескен.
Облыстық ардагерлер кеңесінің Төрағасы Е.Солтыбаев Масаншыдағы басқосуда да бабалар салаған сара жол қонақжайлыққа құрметпен тіл қатуды, ауызбіршілікте болуды, сонымен қатар, ел қорғайтын әскер қатарына жас жігіттердің баруы қажеттігін қадап айтты. Бұдан кейін Билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов бүгінгі тәрбие мен сал-дәстүр, той дағдысы жайында баяндама жасады.
«Ғибратты керуен» келесі кезекте Жуалы ауданына келді. Жуалы аудандық кітапханасындағы коворкинг залында өткен басқосуды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып берді. Бұдан кейін Облыстық ардагерлер кеңесінің Төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымыз жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Ақпарат кеңістігі кеңінен қанат жайған бұл тұста ақсақалдар алқасы да жаңашыл ойлаудан, жас буынмен пікірлесуден қалыс қалмауымыз керек дейді ол. Билер кеңесінің Төрағасы Оңласын Есіркепов салт-дәстүріміздің жастарға беретін тәрбиесі төңірегінде салиқалы әңгіме өрбітті. Жиынға жиналған ақсақалдар мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелері сөз алып, пікірлерін білдірді.
Дәл осы уақытта орталық саябақта аудандық «Қызғалдақ» халықтық ән-би ансамбліне ҚР мәдениет саласының үздігі, күйші Ержан Рысметов шеберлік сағатын өткізсе, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова «Жуалы», «Мыңбұлақ» халықтық театрларының ұжымына актер шеберлігі мен сахна мәдениетінен сала бойынша сабақ берді. Ал ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көпшілікке Ұлы Абайдың әжесі Зере ананның бейнесі арқылы жақсы таныс Нұрсипат Салықова саябақты саялап отырған бүлдіршін балаларға халық ауыз әдебиетін еске салып, ертегі айтып берді.
Сонымен қатар, кітапхананың келесі бөлмесінде Жамбыл облысы адалдық алаңы жобалық офисінің басшысы Назима Жұманова «Жамбыл — адалдық алаңы» жобалық кеңесінің азаматтарды қабылдауын өткізді.
Аталмыш жоба аясындағы керуен құрамы апта соңында Жамбыл ауданына табан тіреді.
«Ғибратты керуен» аудан орталығы Аса мен Гродеково ауылында өтті. Зиялы қауым өкілдері екі жақта да келелі басқосу жасап, мәдениет саласының майталмандары мастер класс өткізді. Атап айтқанда, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театырының актері Абзал Дәулетбақов Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының бейнесінде поэзия оқыса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Мұхтар Рахманқұлов «Аса сазы» халықтық ән-би ансамбліне шеберлік сағатын өткізді. Бұл жерде де театрдың ардагер актрисасы Нұрсипат Салықова саябақтағы бүлдіршіндерге халық ауыз әдебиетін еске салып, ертегі айтып берді. Ал Облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Жанат Тұрлығұлова аудандық мәдениет үйінің жай-күйін жіті назарға алып, танысып шықты.
Аудандық кітапхананың коворкинг залында жазушы, драматург Е.Әлімжан, «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ж.Жұбатханов, жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Б.Құтжан және Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері тәрбие мен білім һәм дін тұрғысында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, басқосудың соңында көрермен назарына әлеуметтік бейнеролик көрсетілді. Бағдарлама облыстық филармония әртістерінің ән шашуымен аяқталды. Шараны «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев жүргізді.
Гродекова ауылдық мәдениет үйінде де жоғарыда аталған әр түрлі тақырып аясында спикерлер баяндама жасады. Олардың арасында Билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов, Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Т.Жұмабек т.б зиялы қауым өкілдері мен имамдар бар. Бұл жердегі келелі кеңесте «Руханият және тарихтану» орталығы директорының орынбасары, ақын Ахметжан Өзбеков модератор болды.
Алдағы уақытта ғибратқа толы керуен өзге де аудандарды аралайды. Келесі меже Мойынқұм және Шу аудандары. Бір мақсат пен бір мүдденің аясында алыс жолға шыққан азаматтарға сәттілік серік болсын деп тілейміз. Керуен көшіндегі мамандар мен зиялы қауым өкілдерінің мұқым жұрт ғибрат аларлық мардымды әңгімелері таусылмасын.

Елдар Боранбек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *