Мол өнім алудың көзін тапқан

Алтыншы шақырылған Байзақ аудандық мәслихаттың 2020 жылға арналған жұмыс жоспарында ағымдағы жылдың маусым айында «Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту және тұрмыс деңгейін жақсарту үшін үй маңындағы қосалқы шаруашылықтарын дамытуға ықпал ету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың атқарып жатқан жұмыстары туралы» мәселені қарау жоспарланған.

Аталған мәселені зерделеп, сессия қарауына әзірлеу үшін аудандық мәслихат хатшысының өкімімен уақытша комиссия құрылған. Комиссия құрамына ауыл шаруашылығы саласынан тәжірибесі бар депутаттар мен аудандық мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілері енгізілген.
Сессия қарауына енгізілген мәселені зерделеу барысында уақытша комиссия мүшелері Сазтерек ауылдық округінде осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Бүкіл еліміз 175 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған ұлы ойшыл бабамыз Абай атындағы ауылда атқарылып жатқан жұмыстармен танысу барысында ауыл тұрғыны Жүнісов Керімбектің үй маңындағы 0,25 га жеріне тамшылатып суару әдісін қолданып, су үнемдеумен қатар, мол өнім алудың көзін тапқанының куәсі болды. Ал, Сотов Нұрболат өзінің жерімен қоса көршісінің де жерін игеріп, шағын жылыжай ашып отбасы мүшелерін толық жұмыспен қамтып отыр. Ауылдық округ әкімі Жұмабек Шайхиевтің осындай игі істі халық арасында насихаттауының нәтижесінде бұл жұмыс ауыл ішінде қанатын кеңге жайып, тағы 5 отбасы осындай жұмысты бастап кеткен.
Ауылдық округ тұрғындары үй маңындағы жерлеріне көкөніс еккенімен қатар, мал шаруашылығымен де тұрақты айналысуда. Ағымдағы жылы ауылдық округтің 7 азаматы «Еңбек» бағдарламасына сәйкес, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы несие алып, мал өсіріп, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуде.
Уақытша комиссия мүшелері жұмыс барысында Жалғызтөбе, Диқан, Түймекент және Ботамойнақ ауылдық округтерінде осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Исағали БОШҚАЕВ,
уақытша комиссия тобының мүшесі, Байзақ аудандық мәслихат аппаратының басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *