Аудан экономикасы тұрақты дамуда

Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Аудандағы өндірілген өнім көлемінің артуы бұл жағдайға нақты дәлел бола алады. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша ауданда 8,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 914,9 млн. теңгені құрады.
Ауданда құрылыс көлемі де артып келеді. Жыл басынан бері ауданда жалпы алаңы 8 208 шаршы метр болатын 2 жеке тұрғын үй мен 2 көпқабатты тұрғын үй кезектегі азаматтар мен көпбалалы отбасыларына берілді. Тұрғын үй құрылысы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 есе артты. Қазіргі уақытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» шеңберінде 2 көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Жаңатас қаласындағы қайта қалпына келтіруді қажет ететін 3 көпқабатты үйді жөндеу жоспарлануда.
Барлығына белгілі, аудан тұрғындарының негізгі кәсібі жер анадан ризығын терумен тікелей байланысты. Сол себепті асыраушы саланы дамыту басты назарға алынған. Жылдың алғашқы 4 айында ауыл шаруашылығы бойынша өндiрiлген өнiм көлемі ағымдағы бағалармен есептегенде 1 929,5 млн. теңгенi құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,4 пайызға орындалды. Жалпы ауыл шаруашылығы бойынша жыл басынан бері ауданда көлемі 21 964 гектар егістік алқап игерілді, ол 2019 жылмен салыстырғанда 836 гектарға артық.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылық техникаларын 6 пайызға жаңарту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге 27 шаруа қожалығы 153,4 млн. теңгеге 9 трактор, 7 қосалқы құрылғы және 23 тіркеме сатып алды.
Шағын кәсіпкерлікке бөлініп отырған көңілдің арқасында жеке ісін бастауға ниеттілердің қатары артып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша 3 093 шағын және орта бизнес нысандары тіркелген, оның ішінде шағын және орта – 145, жеке кәсіпкерлер – 2 153, шаруа қожалықтар – 795. Есепті кезеңде шағын және орта бизнес нысандарының саны 585 бірлікке артқан. 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы мемлекеттік бюджетке 1 536,1 млн. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналды.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 93 азаматқа 354,6 млн. теңгенің шағын несиелерін беру жоспарланып, бүгінгі күнге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы мал шаруашылығына 21 азамат жолдама алды.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру бағытында кешенді жоспар бойынша 200 адам, қаралған қаржы 106,0 млн. теңге. Жыл басынан бері 41 үміткердің құжаттары қабылданып, соның ішінен 34 азаматқа 18,0 млн. теңге мемлекеттік грант берілді.
Әлем елдерін үрей құшағында ұстап тұрған коронавирустық инфекция, өкінішке орай, біздің елді де айналып өтпеді. Қауіпті індеттің алдын алу барысында ауданда барлық сақтық шаралары жүргізілді. Нәтижесінді, бүгінгі таңға дейін аудан аумағында дерт жұқтырған адам тіркелген жоқ.
Төтенше жағдай біздің бірлігімізге үлкен сын болды. Десе де, бұл жағдай арамызда жомарт жандардың барын анық көрсетті. Мәселен, «Біз біргеміз» акциясы аясында демеушілер тарапынан әлеуметтік көмекке мұқтаж 724 отбасына 10 млн. 808 мың теңгенің көмегі көрсетілді.
Қауіпті жағдай орын ала қалса жұмысқа тартылған медицина саласы қызметкерлерінің үйлеріне қайтпай жұмыс істеуін ұйымдастыру мақсатында, Жаңатас қаласында 20 орындық қонақ үймен меморандум жасалды. Сала қызметкерлерін 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында Жаңатас қаласы әкімдігі мен ЖК «Назира» арасында арнайы келісім де болды.
Аудандағы жұмыссыздықты түп тамырымен жою мақсатындағы жұмыстар да жоспарлы түрде жүргізілуде. Мысалға, бір ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында барлығы 24 нысанды іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде, 980 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Төтенше жағдай ахуалында ауданда азық-түлік қоры жеткілікті. Таусылған тауарларды әкелу шаралары кәсіпкерлер тарапынан тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта дүкендердің қоймасында 88 тонна ұн, 43 тонна қант, 16 тонна күріш, 9 тонна картоп және өзге де азық-түлік түрлері бар.
Бағаның өсуіне жол бермеудің бір құралы ретінде, Тараз қаласындағы тұрақтандыру қоры арқылы төмендетілген бағада ауданға 30 тонна құмшекер жеткізілді.
Өткен айда шалғайдағы Досбол, Тоғызкент және Қамқалы ауылдық округтерінде 2 мәрте азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Тұрғындар сұранысына сәйкес, сұйытылған газ тасымалдайтын арнайы автоцестерна Түркістан, Қамқалы, Досбол, Тоғызкент ауылдық округтерін қамтыды.
2020 жылғы 28 мамырдағы аудан әкімінің №244-Ө өкімімен объектілердің (төтенше жағдайдан кейінгі) қызметін қайта бастауға дайындығын бағалауды жүргізу үшін 2 мониторингілеу тобы құрылып, күнделікті зерделеу жүргізуде.

Қанатбек МӘДІБЕК,
Сарысу ауданының әкімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *