Монғол досым, Қазақ үшін басыңды неге қатерге тіктің?!

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Біз де шошып кетіп, машинадан секіріп-секіріп кеттік.
-Не болды? — деп едім.
— Бурахан, сен не деген бақытты адамсың?! Машинамыздың рамы ортасынан қақ бөлініп кетіпті. Мына асуға 10 м жетпей тұрғанда үзілсе, бәріміз қырылып қалатын едік. Жаңа орнымыздан қозғалып 10 м жүргеннен кейін,еңкейісте үзілсе де, бәріміз құрып едік. Мынандай үлкен машинада рамасы ортасынан бұлай қақ бөлінген кезде, артындағы үлкен кебежесі алдындағы кабинаны үстінен таптап өте шығады. Мынаны қарашы, дәл асудың үстінде тоқтап тұрғанда қақ бөлінген. Енді мұны дәнекерлеу керек, — деді. Артындағы сүйретпесін домкратпен көтеріп тіреп қоятын темірі болады екен. Сол біл темірмен тіреп, машина сәл алға жүргенде артқы жағындағы екі дөңгелегі рамасының жартысымен бірге салқ етіп түсті де қалды. Оны тартып орнына салып, сым темір және арқанмен мықтап байлап;
— Екеуің осында жата тұрыңдар. Біз қашан келетінімізді анық айта алмаймыз. Жақын жердегі ауылдарға барып келейік, — деді де көмекшісі екеуі кетіп қалды.
Кері баққанда, сол күні Монголияның ұлттық тойының ең алғашқы күні . Шілде айының он бірі. Жоқ дегенде үш күн демалыс. Алып жүрген азығымыз да бітіп кетіпті. Енді қайттік деп тарыға бастағанда, кенет жүктің ішіндегі кебежеде шешемнің салған сүр еті бар екені есіме сап ете түсті. Жүктің біразын түсіріп, қопарып жүріп етті тауып алдық. Етті асайық десек су жоқ. Иен дала. Қарнымыз да ашып, әбден қалжырап отырғанда кешке жақын мотоциклге мінгескен екі моңғол келіп 10 л су тастап кетті.
— Бұл суды сендерге осы машинаның шоферы беріп жіберді. Құдай жеткізсе ертең келіп қалатын шығар. Ауылда дәнекер жасайтын ұста іздеп жүр, — деп хабарын айтып кетті. Сол жолмен біз кеткенге дейін жаңағы мотоцикл мінген екі жігіттен басқа жан баласы жүрген жоқ, Машинада қаталап кісілер жатыр. Соларға су жеткізіп беріңдер деп Бурмаазаяа жалынып жіберген екен. Соныменен ептеп-септеп жүріп етімізді асып, жүрек жалғап алдық та, ұлым екеуіміз жүктердің арасын тағы ақтарып жүріп әкемнің мылтығын тауып алдық. Сонымен жарықта тастарды қатарлап қойып біраз нысана аттық. Тамақ мол, су бар. Кішкене күрке де жасап алдық. Аздап шаршаған болмаса, қатты қиналмадық. Екі күннен кейін Бурмаазаяалар да келіп, машинаны жөндеп алдық та бұрынғы әдіспен жүре-жүре, Құдайдың қуатымен, Баян-Өлгийге де жақындадық. Жол ұзақ, қиын болғандықтан біраз шаршадық. Өлгейге шақырым қалғанда тағы бір таудан асады екен. Дәл сол жерге келгенде қайтадан май таусылып, мотордың қызыл жарығы жанып қалды. Он бес күн жол жүргенде машинаның да біраз қыр-сырын түсініп қалдым. Сол кезде Бурмазаяа:
— Ойлағаныма жеттім. Он ақ шақырым қалды. Шаршадық. Енді ары-бері жүгірер жоқ! Шағылған жеріне дейін жүре берейік, — дейді. Жетер жерге жетіп алғаннан кейін барлық ауыртпалық маған түспей ме?! Мотор быт-шыт болса, қайтіп үйіне қайта алмаса оларға қиын ғой.
— Тоқта, мен барып май алып келейін, — деп ұлымыз екеуіміз машинадан түсіп 10 л өрт сөндіргіштің қабын алып жаяу Өлгийге тартық. Әлгі ыдыс кемі 5 кг бар ғой деймін, зілдей шойын темір, онымен қоймай қара шойын темір қақпағы бар. Сонымен не керек, кенеземіз кеуіп, шаршап-шалдығып, жаяулатып Баян-Өлгийге де жеттік. Көшеде келе жатсақ кездейсоқ мотоциклмен бір балдызым алдымнан шыға келді. Біз де қуанып кеттік, бізді көріп оның да екі көзі атыздай болып, шошығаннан құлап түсе жаздады.
— Ойбай-ау, аға, мына түріңіз, жүрісіңіз не? Ауырып қалғансыз ба? — деп бәйек болды. Мотоцикіліне мінгестіре салып үйіне алып келді. Содан кейін болған-біткеннің бәрін баяндап, жағдайымды айттым. Олар да Қазақстанға көшкелі үйінің жүгін буып-түйіп тастапты.
— Ол жігіттерге майды біз жеткіземіз. Сіз үйде шай ішіп, демалып жата тұрыңыз, — деп кетіп қалды.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, дем алып жатсам ұйықтап кетіппін. Біреу оятады. Қарасам, әйелім — Ардақ келіп тұр. Ол бізден 2-3 күн бұрын ұшақпен келген еді. Мені көріп басымды құшақтап жылай бастады. Аң-таңмын. Сөйтсем жаңағы бауыры отыз шақырым жерде тұратын Сагсай аулындағы Ардаққа шапқылаған қалпы барып:
— Өлгийге тез бармасаңыз болатын емес. Жездемнің түрі өте жаман, ауырып қалған ба, әйтеу бірдеңе болған сияқты. Мен шошып сұрамадым. Өзіңіз барып жағдайын сұрап, мән-жайын біліңіз, — деп алып келіпті.Мен он бес күнде онбес кг салмақ тастаппын. Сөйтіп аласарыпан болып, балдызым май тауып, оны Бурмазаяаға жеткізем деп жүргенде, өзі ебін тауып, елде жұртта жоқ ұзын машинасымен гүрілдетіп қаланың ішінде алдынан шығыпты. Бәріміз тұратын үйімізге барып, сол жерде бірнеше күн тынығып, әбден жол жеп шаршаған Бурмаазаяаны күтуге кірістік. Бурмазаяаны жеті күн күтіп, машинасының кем-кетігін шамамыз келгенше жасап, керек-жарағының бәрін қамдап, алмаймын десе де азын-аулақ ақшасын, жолда жейтін тамағын жетерлік қылып салып бердік. Енді кетеді десек, бұл кетпейді. Күнде қаланың ішіне барады да, біреулермен телефонмен сөйлесіп қайтып келеді. Содан сұрадым:
-Бурмазаяа, сен неге ауылыңа қайтпай жүрсің? Барлық нәрсе дайын болды ғой, — десем:
— Мен солярканың талонын ұйымдығымнан алдыруым керек, әйтпегенде қайтуға жанар майым жоқ, — дейді.
— Жанар майды өзің құйып барсаң, ұйымдығың барған соң ақшаңды бере ме? — десем,
— Иә, береді, — деді.
— Онда сен қысылма. Баян-Өлгийден Улаанбаатарға дейін жететін жанар майды мен берейін. Жолыңнан қалма.
— Ой, керегі жоқ! Бәрібір бір-екі-үш күнде келеді. Оған әуре болма, сәл кішкене күте тұрайық. Өзің алыс жерге,танымайтын адамдар ортасына кетіп бара жатырсың. Ал мен елде қаламын. Бір теңгең болса да қалтаңда қалсын, ештеңеге әуре болма, — деп біраз әңгімелестік. Оның айтқанына қарамай, солярканы түгел сатып алып бөшкелерге құйып, машинасына артып бердік. Енді қоштасып, кететін болған кезде ол жол бойында айтқан сөзін қайта айтты.
— Достым, Бурахан, бір керегіңе жарап, сені аман-есен алып келгеніме өзіме де, Құдайға да дән ризамын. Енді сенен жалғыз өтінішім, өмір бақи мені ұмытпа. Менің атым Бурмаазаяа! Мені ұмытпай, үнемі есіңе алып жүрсең болды. Бар қалауым осы сенен! Қайда жүрсең де, аман жүр! — деп машинасының үстіне қарғып шықты да, әлгі машинасына артып, байлап тастаған престелген ешкі түбіттерін шешіп жатыр.
— Бурмазаяа, таңып жөндеп қойған жүкті неге шешіп жатырсың? — десем:
— Саған мына түбіттердің екі бумасын тастап кетейін. Осы жерден сатып, ақшасын керегіңе жарат. Сен ел-жеріңнен алысқа, танымайтын елге кетіп барасың. Қазір саған көмектесетін басқа ешқандай мүмкіншілігім жоқ болып тұр, — деді.
— Бурмазаяа, есің дұрыс па? Андағы екі бума престеген ешкінің түбіті бір машинаның бағасы тұрмай ма? Ауылыңа барғаннан кейін оны қалай төлемекшісің? – дедім.
— Оны қайтесің? Ол мәселені өзім шешемін. Сен тек осыны алып қалсаң болады. Саған алыс жолға кетіп бара жатқанда басқа беретін түгім жоқ болғандықтан, бетімнен отым шығып ұялып, не істерімді білмей, кете алмай жүрмін, — дейді.
— Әй, Бурмаазаяа мен сені өте қайырымды, жақсы жігіт па десем, сен нағыз жынды екенсің ғой, тез түс андағыдан, — деп, жан-жағынан қаумалап жүріп әрең түсіріп, жүгін жөндеп беріп жолға салдық. Қимай-қимай қоштастық.
Сол жолы Бурмазаяа үйіне жете алмай, машинасы жол ортада қайта бұзылыпты. Улаанбаатарға 400 шақырым қалған кезде машинасын жүгімен тастап үйіне барыпты. Қайта айналып келіп машинасын жөндеп, Улаанбаатарға барып болғанша арада бір айдан астам уақыт өтіп, жүгі далада қалғандықтан үстінен жаңбыр өтіп, шіріп кетіпті. Енді барып өткізейн десе, түбіт жарамсыз болып қалған.
— Барлық түбітті төлейсің, не түрмеге кетесің, — деп жүкті қабылдайтын жердің бастықтары оған ұрсып тұрса, жүкке нағыз жауапты қазақ жігіт қастарында тұрыпты. Түбітті қабыл алатын мемлекеттік ұйымдықтың бастығы Бурмаазаяға:
— Ит өлген жер сонау Баян-Өлгийге не үшін шағылған машинамен барып жүрсің? Неге жақын жердің рейстерін жасамайсың? Құрыдың ғой енді, — деп жерен алып-жерге салыпты.
— Бурахан дәрігер — досым еді, соның үйін көшіріп, Баян-Өлгийге жеткізу үшін барған едім, — деп шынын айтыпты. Қасында тұрған қазақ жігіт мені таниды екен.
— Бурахан дәрігер Баян-Өлгиге көшіп келді деп еді. Сен апарған екенсің ғой, — деп сол жере екеуі таныса кетіпті.
— Бурахан дәрігер үшін саған мен көмек болайын, ол кісіні мен жақсы танушы едім, — деп Бурмазаяның барлық жүгін төлетпей, ретін тауып өткізіп беріпті. Осыдан 2-3 ай өткенде бір жерде кездейсоқ жаңағы жігітпен танысып, сөзден сөз шыққанда:
— Аға мен сіздің сол досыңызға қолдан келгенше бір көмек жасадым, — солай да, солай деп болған оқиғаның бәрін жіпке тізгендей етіп айтып берді. Содан кейін қанша уақыт өтсе де Бурмаазаяға жолықпадым. Бірақ еш уақытта ұмытпадым. Ең жақын адамдарымның қатарында оның есімін өмір бойы ерекше құрметпен есімде сақтап келемін. «Бір күнгі досқа мың күн сәлем» дейтін қазақпыз ғой, жақсылығын аямаған, қиындығы көп ұзақ жолда адал жолдас болған Бурмаазаяны қалай ұмытайын?!
Осыдан 2 жыл бұрын мектепте менімен бір партада отырған, осы күнде Голландия мемлекетінде тұратын Туя деген келіншек мені іздеп Алматыға келді. Біз оны Бішкектен күтіп алып, Ыстық көлге демалдырып, сосын келісім бойынша, Монголияның Увс аймағына дейін жеткізіп бердім. Бір ай бірге жүріп, өткен-кеткен өмірдің бәрін әңгіме қылғанда Бурмаазаяа туралы да жыр қылып айтып бердім. Көңілі толқып, оны таба алмай жүрсең, тауып берейін деген еді. Ескі дос Туяамен де қоштасар сәтте келді. Бізді қимай, көзіне жас алып:
— Бурахан, мен саған Бурмазаяа досыңды тауып берейін, — деді. Сол сөзінде тұрып, Голландияға бара сала, Бурмазаяаны іздеп Монголиядағы барлық достарын аяғынан тік тұрғызыпты. Ақыры тауыпты. Жақсы жаңалықты жеткізгенде қуанышымда шек болмады.
Қазір бұрынғыдай емес, техниканың қарыштап дамыған кезі ғой. Бурмаазаяа екеуміз интернет арқылы «кездестік». Бір-бірімізді камера арқылы көріп көзімізге жас алып, көңілімізбен құшақтастық.
— Бурмазаяа, ешуақытта сенің атыңды ұмытпайтын, мен үшін үлкен ерлік жасадың. Келер жылы әйеліңді ертіп Қазақстанға кел, қалай көшкеніміз туралы еске алайық. Досыңның қандай жерде өмір сүріп жүргенін көр, — деп арнайы шақырдым. Арасында бір неше рет хабарластық та. Бір неше айдан кейін Бурмазаяаның Европада тұратын қызынан хат келді. Хатта амандық-саулық сұраса келіп, болған жайды баяндай келе:
— Енді асыл досыңызды іздеп қиналмаңыз… — депті.
Қош бол, қайран достым — Бурмазаяа. О дүниеде жақсы адамдар бір-бірімен кезігеді дейді ғой. Бақұл бол, асыл достым! Жүрегімдегі мәңгі сақталып қалар жарқын бейнеңді еш ұмытпаймын. Сен — адал досым — Бурмаазаяамсың! Сенің атыңды Қазақ даласында 27 жыл 11ай жаттап келемін… Бір сәтте есімнен шығарған емеспін…

Бурахан Сағидан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *