Монғол досым, Қазақ үшін басыңды неге қатерге тіктің?!

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Монголияда көлік жүретін жол көбіне табиғи, қырық тарау болады. Кейбір машиналар қарсы келе жатқанымен, таяп келгенде бір екі шақырымның ар жағынан алыстан өте шығады. Бірақ олардың өздерінің жазылмаған өз заңдары бар екен. Алдынан жол тосқан жолаушының қол бұлғап жүгіріп жүргенін көргенде, кез келген шофер міндетті түрде тоқтайды. Тағы бір қасиеттері, бір-бірінен ештеңесін аямай көмектеседі. Иен далада елден алыс жүргендіктен болар, бір-біріне деген қайрымдылықтары ерекше. Көмекші жігіт жүгіріп барып шелегіне толтырып май құйып алып келеді. Ешқашан бос келмейді. Кейбіреулері құйып беретін майы болмаса, май алатын талон беріп кетеді. Жағдай күннен күнге қиындай бастады. Анда-санда қарсы алдымыздан шығатын машиналардың бәрінен солярканың, моторға майдың талондарын жинап немесе ыдысына құйдырып алып келіп, көптің көмегімен күн көруге көштік. Тасбақаша тырбыңдап жүріп бір кішкене, әдемі бұлақтың қасына келіп тоқтадық. Шай-тамақ істеп ішіп, жақсылап тынықтық. Көп аялдамай қайта қозғалып кететін болғандықтан машинаны от алдырып қойды.
Бурмаазаяа терең ойға батқандай маған қарап, бір тың әнгіме бастады.
— Бурахан, бір керегіңе жарап, сені бір риза болдырсам деп үнемі ойлап жүремін. Сен осы жолы жасаған жақсылығымды және мені ұмытпассың деп ойлаймын. Қайда жүрсен де аман жүр. Енді менің атымды еш уақытта ұмытпа, менің атым — Бурмаазаяа. Байқауымша, екеуміздің сенің соғымыңды алуға төрт жүз километр жерге Хэнтийге менің машинаммен барып келгенімізді, тағы көп жерлерде бірге жүргенімізді ұмытып қалыпсың. Соған қарағанда атымды ұмытып қалғаның да рас сияқты. Саған айтайын деп отырғаным, ана үлкен, көк тауды көріп тұрсың ба? Осы таудан ары қарай асамыз. Бұл таудың аты — Хөх хөтөл деп аталады. Бұл асу — өте қанды асу. Қайтқанда ғой жеңілдеу, ал қазір мынадай жағдайда одан асып кету өте қиын. Өзің білесің, бұл машина өшіп қалса от алмайды. От алмаса, тормоз да ұстамайды. Сондықтан машина қайқайып кетіп бара жатқанда қандай бір мәселе болса әуелі жанғада қауіпті. Өрден шығып, асуды асқанша кабинада мен ғана отырамын. Ал сен ұлыңды ертіп мына жыраменен өрлеп асудың үстіне жаяу шығып, күтіп тұр. Сендер асудың үстіне шыққаннан кейін ғана біз қозғаламыз. Әйтпесе, машина қауіпті жағдайда құласа, жырада кетіп бара жатқан сендерді мерт қылады. Ал менің көмекшім мына қазандай тасты құшақтап машинаның артынан еріп отырады. Егерде машинаның күші жетпей артқа қарай шегінсе, ол доңғалақтың астына тасты лақтыра тіреп, тоқтатуға тырысады. Егер машинаның астына тас дұрыс түспей сол қалпы еңкейіске қарай артымен жүйткитін болса, мен кабинаны ашып секіруге тырысамын. Мүмкін секіре алмай, машинамен бірге кетіп қалсам да мен үшін өкінбе. Тағы бір айтарым, егерде машина ана жерден құласа мына ұйымдықтың дүниесі мен сенің үйіңнің бұйымдарынан алуға жарайтын бір нәрсе қалмайды. Бұл сайдың ішіменен өрлеген кезде бұл қанды асудың қандай екеніне көзің жетеді. Егерде осы асудан асып бара жатқанда машина құлап, тоңазытқышың мен телевизорың етекке қарай домаласа, еш уақытта өкінбе. Жігітсің ғой, жаның аман болса талай дүние табасың. Сондықтан ұлың екеуің аман-есен асудың үстіне шығып алыңдар. Егер машина төмен қарай домаласа, қайта айланып, кері оралып әуре болма. Бізге қарамай, екеуің ары қарай кете бер. Машинамен бірге мен кетіп қалсам да әуре болып келмей-ақ қой. Бәрібір сенің пайдаң болмайды, қолыңнан да ештеңе келмейді ол кезде… Бірақ мен де аман шығуға тырысам ғой. Оны енді уақыт көрсетеді. Ал достым, қайда жүрсең аман бол! Мені, менің атымды ешуақытта ұмытпа! — деп мені құшақтап, бізді шығарып салды. Қауіп –қатерді естіп жүрек шайылса да, амалсыз алға жүруге тура келеді. Ұлымды ертіп жолға түстім.
Екеуіміз жаяу, асуға қарай жыраның ішімен өрлеп келеміз. Жыраның үстінде сол жағымызда, таудың қақ ортасын жырып салған тіп-тік жол көрінеді. Таудың ортан беліне таман келгенде жыраның ішінде толып жатқан машинаның қаңқалары көзге бірден түседі. Кәдімгі әдейі илеп тастаған сияқты. Біреу, екеу емес, өте көп… Мұны көрген кезде Бурмазаяның ол таудан асып, ешуақытта дөңнің үстіне шыға алмайтынына күмәнсіз сенгендей болдым. Біз дөңнің үстіне шыққанда машина биік таудың ортан белін кесіп салған аса қауіпті жолмен өрлеп келе жатты. Бір қалыпты жылдамдықпен, машинаның дауысы еңірегендей естіліп, тауды күңірентіп барады. Машинаның артында әлгі көмекші жігіт қазандай қара тасты құшақтап алып, тәлтіректеп еріп келеді. Машинаның сол өрден ышқына өрлеп келе жатқандағы дауысы мен бейнесі, тау мен сайдың келбеті, дәл бүгінгідей көзімде де, көңілімде де сақталып қалыпты. Құдай сақтап, аман-есен асудың үстіне шығып келді. Космостан ұшып келгендей аман-сау қауышқанымызға қатты қуандық. Ол да машинадан түсе салып маған қарай жүгіріп келе жатыр.
— Бурахан, сен өте бақытты жан екенсің! — деп қояды арасында. Бурмазаяа жүрегінің кеңдігімен, адамгершілігімен, жан қиярлығымен, адалдығымен менің жан жүрегімді селт еткізді. Расында әр ұлттың өзіндік көп ерекшелігі бар ғой. Монғолдардың темір мен тастан жаратылғандай ештеңеден мойымайтын, қажет десе жанын да аямайтын қасиеттерін қанша көрсемде де, Бурмазаяның осы айтқан сөздері мен істеген ісімен жасаған жақсылығына, жанкештілігіне қанша таңданып, қалай ойлап, қалай жауап іздесем де жауап таба алмадым. Мұндай қасиетті бірдеңе деп бағалаудың өзі артық сияқты, тек жүрегіммен сезініп, іштей оған тілекші болып,әлі күнге дейін ойымда сақталды…
Бұрын Чадраабал деген досым болып еді. Кетерде оған да жолыға алмадым. Ол екеуіміз бір бөлімде дәргери жұмыс істедік. Менен бірнеше жас үлкен еді. Оны көргенде басында көргім келмейтін. Себебі, мұрыны үнемі пысылдап тұрады. Мұрыны кішкене ме? Ауа толық шықпайды ма, әйтеу мұрыны пысылдап тұрады. Түр келбеті де нашар құсап, қарағым келмейтін. Бірақ бір жерде жұмыс істеп, қарсы қарап отырған соң сыртқа бірге шығып, сағат сайын темекі тартамыз. Кеңесіп тұрған кездерде бір кұні ол маған:
— Бурахан, сен менің ең жақын досымсың, мен де сенің досыңмын солай емес пе? — деп сұрай береді. Енді біреу сен менің ең жақын досымсың деп шын жүрегінен айтып, мен де сенің досыңмын деп тұрғанда, қалайша жоқ, досым емессің деп айтасың?!
— Иә, сен де менің жақын досымсың ғой, — деп қоямын. Ұзын ырғасы 5-6 ай бірге жұмыс істегенде, әлгі Чадраабал менің жүрегімде дүниедегі ең ғажап, ең сұлу жігіт болып қалыптасты. Таң атқанша екеуіміз екі қапшық темекіні тартып, ұзақ кеңесетін едік. Бір-бірімізге бауыр басып, үйір болғанымыз сонша, шынымен қимас достарға айналдық.Бірде ол маған Бурақан сен білесің бе? Мен сені әйелімнен де жақсы көрем;- дейді.Осы күнде біреу естісе талып қалатын шығар.Үнемі бірге жүріп кеңесіп,темекі тартып ақ,- солай қимас дос болдық.
Бірде мен Москваға оқуға кеткелі вокзалда тұрсам Чадраабал келіп:
— Бурахан, мен саған бірдеңе тапсырсам орындайсың ба? — дейді.
-Қолымнан келсе орындаймын.
— Жоқ, сен маған уәде бер.
— Жарайды уәде береін, — деп едім.
— Онда сен үйіңе бір айна, бір өңді телевизор ала келші. Сен құсаған үйінің жиһазына көңіл бөлмейтін ақымақты бұл дүниеде көрмеппін, — деді. Айтатын да жөні бар. Себебі, содан 1-2 ай бұрын ғана басқа үй сатып алып, көшетін кезде Чадраабал бір шопыр досын алып келіп біздің үйді көшіріскен. Содан кейін мені қатты сөгіп:
— Күндіз-түні ауруханада жүресің, адам осылай өмір сүруге бола ма? Үйіңнің ішіндегі мүлкіңді көріп, досымнан қатты ұялдым, былай өмір сүруге болмайды ғой, саған көмектесемін, — деген еді.
— Cаған тапсыратын тағы бір нәрсе бар, — деді тағы да.
— Тағы немене, не болды? — десем, қасына Ардақты шақырып алды да:
— мына Ардаққа айтшы, сен сыртта жүргенде айлығыңның бәрін қарызға мен алып тұрайын, — деді. Таң қалсам да ойланып тұратын уақыт жоқ, поездге мінгелі тұрмын.
— Келістім, досым, — дедім де кете бердім. Москвадан келгенде Чадрабал айтқандай, түрлі түсті бір телевизор, үш жағынан тік тұратын айна алып келдім. Үйге келсем Чадраабалда диван, төсек сияқты небір жиһаздар сатып алып, үйімді адам танымастай өзгертіп қойыпты. Өз үйіме кіріп келгенде өзім таң қалдым. Монғолдардың, жақсылық жасағандарының бәрін жазамын десем, оған қалған өмірім жетпес…
Күнделікті кешке машинаны еңкейіс жерге қоямыз. Алыстан машина көрінсе дереу тоқтай қалып, көмекшіні жібереміз. Шелегін ала салып далақтап жүгіріп барып талон ба, май ма, әйтеуір бірдеңе сұрап алып келеді, құр келмейді. Осылайша біраз жерді артқа тастадық. Арасында доңғалақтарымызды жамаймыз. Кей күні 3 дөңгелек, кей күні 4 дөңгелек, тіпті дөңгелек жамамайтын күн болмайды. Жүре-жүре Хөвсгөлге де келдік. Баяғыда қытайлар Улаанбаатар мен Бэйжин арасына есекпен кіре тартады екен. Монголдар жолығып, мына есек аяңмен қашан үйіңе жетесің десе, Бейжин тұр , мен жүріп барамын дейді екен. Сол сияқты бізде кейде 25, кейде 50 шақырым жүріп келеміз. Алғашқы күндері ғана 100 шақырым жер жүрген шығармыз. Сөйтіп жүріп Хөвсгөл аймағына да жетіп, әупірімдеп жүріп жүкті артып алдық. Тағы да біреулерді тауып, біраз солярка да сұрап алды.
Ұйымдығынан Баян-Өлгийге жететін солярканың талонын толығымен алған екен. Бірақ машинаның жағдайына байланысты жанар майды көп жеп жатқаннан кейін, осы жерден ұшақтың соляркасы дегеннен тағы 300-400 л құйғызып алдық. Сонымен қайтадан Баян-Өлгийге қарай жолға шықтық. Бас-аяғы 1500-дей шақырым жерге 15-16 күн жүріппіз. Бір күнде ең ұзақ жүрген жолымыз 200 шақырым екен. Осылай өгіз аяңдатып отырып Увс мен Ховда аймағының ортасында бір асудың үстіне аялдадық.Монголдар әр бір асудың үстіне келгенде қайткенде тоқтайды оваға тас тыстайды. Бұрынғы әдетімізбен баламыз екеуіміз дұғамызды оқып, олар әлгі өздері оба деп айтатын үйген тасқа тас қосып, 3 рет айналып біраз жүрдік. Кетуге ыңғайланғанда Бурмаазаяа машинадан секіріп түсті де, машинадан түсіңдер деп айқайлады.

(жалғасы бар)

Бурахан Сағидан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *