Сарысуда лимон өсіруде

Былтырғы жылы қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында аудан тұрғындары өз шаруашылығын дөңгелетуде.Осы жобаға қатысып, несие алып, өз кәсібін бастаған Саудакент ауылының тұрғыны Бақытжан Сарымолдаев.

Қасиетті Сарысу жеріне де тропикалық жеміс лимон өсіруге болатынын дәлелдеуге кіріскендердің бірі саудакенттік кәсіпкер Бақытжан Сарымолдаев. Оның арманы ауданымызда тұңғыш рет лимон жылыжайын жайқалтып, өнімдерімен тұтынушыларын тәнті ету. Бақытжан аға лимон түрлерін іздестіріп, соңғы таңдауы Өзбекстанда өсірілетін «Мир» атты сұрыпқа тірелді. Лимонның дәл осы сұрпына жергілікті климаттық ерекшелік пен топырақтың құрамы қолайлы көрінеді.
Қазір ол үй маңындағы алқапқа 60 түп лимонның осы түрін егуді жоспарлап отыр.
Бақытжан ағаның айтуынша: – Бұл субтропикалық ағаштың қысқы күтіміне ерекше мән берілуі керек. Қатал қыстан жақсы шығу үшін лимон бағы құрастырмалы жылыжай жабдықтарымен қапталуы қажет.
Өткен жылы пилоттық жоба аясында алты миллион екі жүз мың теңге несие алдым. «Мир» атты лимон бір түбін 9 мың теңгелігін алып жатырмын. Сәтін салса, келер көктемде алғаш рет гүлдейді. Мамандардың айтуынша әрбір ағаш 20-30 дана лимон беруі тиіс. Лимон ағашы мықты болып өсуі үшін онда көп жемісті қалдырмау керек. Келесі жылдан бастап әрбір ағаштан – 15 келі, төрт
жылдан кейін 150 келіге дейін өнім алынбақ. Жылыжай күн сәулесімен қоса, пешпен жылытылады. Тамшылатып суару жүйесін де енгізіп жатырмын. Соның арқасында аз жерден көп өнім алуға мүмкіндік бар. «Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын.
Сәуір айында толығымен құрылыс жұмыстары біту жоспарланған болатын.
Бүгінгі күнде сыртқы құрылыс жұмыстарын ауылдың азаматтары жасап жатыр. Карантин біткеннен кейін ішкі жұмыстарына арнайы мамандарды шақыртамын. Мамыр айында жылыжайға қияр егемін.
Одан кейін барып күз айында 60 түп лимон көшетін отырғызамын. Рас, қазір бұл жемісті сарысулықтар базардан нарықтық бағамен сатып алуға мәжбүр. Құны тым қымбат болғанымен, сұраныс жоғары.
Өйткені, адам денсаулығы үшін аса пайдалы лимонды күнделікті өмірімізде, ас мәзірінде жиі пайдаланамыз. Бізде сатылатын лимонның барлығы сырттан әкелінеді, тиісінше бағасы да қымбат. Менің есептеуімше, біз өсіретін лимон екі жылда салады. Сондықтан, жергілікті лимондар таяу арада импорттық өніммен бәсекелесе алатынына сенімдімін.
Лимон қандай ауруға шалдықсаңыз да көмектесетін жеміс түрі. Өйткені, оның құрамында дәрумендер, пайдалы элементтер көптеп кездеседі. Тамағымыз, ішіміз, тіпті бауырымыз ауырса да лимонды пайдаланамыз.
Жүрек-қан тамырлары жүйесінің, артериялық қысымның төмендеуі сияқты сырқаттарға да лимоннан шипа табасыз. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой, — дейді.
Кәсіпкердің үйінің ауласындағы жылыжайдың ұзындығы -40, ені – 10 метрді құрайды.

С. РЫСБЕКҰЛЫ,
Сарысу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *