Монғол досым, Қазақ үшін басыңды неге қатерге тіктің?!

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Әкем өте жігерлі адам еді, сыр білдірмейді дегенмен әрине көңілі пәс.
Маған аяқ астынан күрделі мәселе туып, басымның әңкі-тәңкісі шықты. Министр мен мұғалімімнің айтқандарын орындасам, өз мамандығым бойынша Монголияда ең жоғары дәрежелі адам болғалы тұрмын. Ол үшін Монголияда қалып, Қазақстанға көшпеуім керек. Енді мынандай әке-шешем Улаан-баатарға үстімізге көшіп келген жағдайда, оларды қаңғыртпай, Қазақстанға көшуім керек. Қазақстанға Баян-Өлгий аймағы арқылы көшу көп жағынан тиімді. Неге десеңіз, Баян-Өлгийден Қазақстанға қазақтарды көшіріп алуға, арнайы камаз машиналар келіп, ақысыз-пұлсыз қазақтарды көшіріп алып кетіп жатқан кез. Әмбе, Баян-Өлгийде ұршығы шыққан он шақты баланы емдеп беремін деп уәде беріп, келісіп қойған едім. Түнімен ойланып, Монголияда қалам ба, көшем бе деп шеше алмай, ақыры барлық тірліктен бас тартып, әке-шешем үшін, ата-баба аманатын орындауға Қазақ еліне көшу дұрыс деп шешіп, белді бекем байладым. Қазақстанға Баян-Өлгий аймағын басып өтіп, машинамен көшіп баруға әкемді көндірдім.
Таң атысымен Баян-Өлгийге көшетін машина іздеуге шықтым. Бір неше танитын-танымайтын жүк машиналары бар кісілерге хабарласып едім, Баян-Өлгийге дейін үйдің мүлкін жеткізуге өте қымбат ақша сұрады. Сондықтан неғұрлым арзан бағамен келісіп, көшетін жол іздеп қиналғанда, кенеттен Бурмаазаяа деген жүк машина айдайтын жолдас жігіт есіме түсе кетті. Оның ұзын Маз-504 деген жүк машинасы бар еді. Бірақ кері баққанда, сол сәтте әлгі жігіттің атын ұмытып қалыппын. Жұмыс жасайтын орнын білемін. Не де болса соған сөйлесейін деп, ертеңінде таңертең ерте тұрып автобуспен жолға шықтым. Олардың базасы қаланың келесі жақ шетінде еді. Мен жеткенше сағат он болды. Автобаздың есігінің алдында 6-7 жүргізуші тұр екен. Соларға барып амандасып, Бурмазаяаның сырт келбетін айтып, үлкен денелі сары жігіт деп, үйінің адресін де айтып сұрастырдым. Өте жақсы жақын досым еді атын ұмытып қалыппын деп шынымды айттым. Жаңағы жігіттер менің суреттегенім бойынша дереу танып,біреуі:
— Еее, ол онда Бурмаазаяа ғой, — деді. Атын естігенде ойыма дереу түсе қалды да:
— Иә, иә Бурмаазаяа, — деп қуанып, әрі досымның атын ұмытып қалғаныма қатты ұялып та кеттім. «Ұялған тек тұрмас» деген ғой, егер Бурмазаяа келіп қалса, мынау атыңды білмей тұрды деп айтпаңыздаршы, ұят болады ғой деп жалындым.
-Бурмазаяаң әне, келе жатыр ғой, — деді. Бес он аттам жерде қасында бір неше жігіт бар келе жатыр екен. Келген бетте құшақтасып амандастық. Ол баздың ішіне кіруге кетіп бара жатқанда менің айтқаным біреуінің ішіне сыймады-ау деймін:
— Әй, Бурмаазаяа, бұл сенің досың ба? Сенің атыңды білмейді екен, біз айтып бердік! –деді мысқылдап. Бурмазаяа таңқалып маған қарап:
— Е, сен менің атымды ұмытып қалдың ба? — деді. Мен:
— Е, қойшы сенің атыңды ұмытатындай не болыпты, достарың қалжыңбас екен, — деп әрі қарай өте шықтым.
Оңашалау шыққан соң оған іздеп келген бұйымтай шаруамды айттым.
— Қазақстанға бір жолата кетіп бара жатырмын. Ол үшін алдымен маған Баян-Өлгийге көшіп бару керек. Жүк машиналардың барлығы, жол ақысын қымбат сұрап тұр. Сен арзандау бағаға үйімді көшіріп, Баян-Өлгийге жеткізіп беретін жүк машина тауып бере аласың ба? — деп сұрадым.
— Е, ол дегенің мәселе емес қой, қайдағы арзан, ақысыз-пұлсыз жеткізетін машина тауып беремін, — деді. Моңғолдарда бір мақал бар: «Қолыңды ұстатсаң, қарына шап береді» деген. Сол сияқты қиналып жұмысым еш бітпей қала ма деп ойлап келген едім. Қуанганым сонша қатты көңілденіп кетіп:
— Ей, Бурмаазаяа, өзің көшіріп апарсаң қалай болады? Екі дос, жол бойы кеңесіп, бірге барсақ, — деп едім.
— Ол да болады. Онда мені екі-үш күн күтуің керек. Аздап машинама ремонт жасаймын, — деді. Ертеңінде таңертең қайтадан Бурмаазаяаға келдім,енді басқа еш жұмысым жоқ. Қасында бір көмекшісі бар, бет-ауыздарында алуға келер жер жоқ қап-қарала май, машинасын жасап жатыр екен. Күндіз бойы қасында болдым, бірдеңелеріне көмектестім. Кешке жұмыс істеп жүргендей үйге қайттым. Ертеңінде тағы келдім. Тағы да бірдеңелерді жасап жатты, онсыз да машинадан еш хабарым жоқ. Үшінші күні келгенде:
— Енді сені шаршатпайын, қайта-қайта келе бердің ғой. Бүгін кешке машинаны апарып, үйіңе қоямыз. Машинаның бір-екі жасайтын жері бар, оны жолға шығып алып та жүре-жүре, ақырын-ақырын жасай берсек болады, — деді де, әлгі 12 м ұзын машинасын әкеп үйдің қасына қойып, артқы жағына жүк тиеме, тек алдыңғы жағына қарай тиеп, таң атқанша жүктеріңді артып дайын тұрыңдар,таңертең жолға шығамыз, деп ескертті де кетіп қалды.
Біздің жүкті Баян-Өлгийге жеткізу үшін Улаанбаатардан қосып артатын өкіметтің жүгі табылмапты. Бастықтарына сөйлесіп Хөвсгөл деген аймақтан жүк тиеп, Баян-Өлгийге жеткізетін жолдама алыпты. Таң атқанша жүкті артып, әйеліммен қызым екеуі ұшақпен Баян-Өлгийге кететін болды. Ал әке-шешемді Улаан-баатарда тұратын Жанай ағамның үйіне қалдырдым. Әке шешем, біз барып орныққан соң артымыздан келетін болды. Бесінші класста оқитын ұлым Нұрдәулетті ел- жер көрсін деп өзіммен ертіп алдым. Осылай бір әкенің үш ұлы үш жаққа шашылдық. Бір анадан туып, бір құрсаққа сыйған ұлдар есейіп өскенде бір елге сыймадық. Осы көш маған ерекше ой салды, әке-шеше бақытының негізі балаларының ынтымағында екеніне әбден көзім жетті.
— Улаан-баатардан аттанардан бұрын Бурмаазаядан жол ақыңа қанша ақша аласың? — деп анықтап сұрадым. Бурмаазаяа:
— Ешқандай ақшаңның керегі жоқ, сенің бір керегіңе жарасам болды. Сол үшін де өзіме қатты риза болып жүрмін. Саған бір көмегім тисе, аман-есен барам деген жеріңе жеткізіп салсам болды, маған сол ең үлкен қуаныш, — деді.
— Машинамның жартысына басқа ұйымдықтың жүгін артамын, сенің жүгің сонымен бірге кете береді. Жол қаражатты, айлығымды бәрін жалдаған ұйымдық көтереді. Сен ештеңеге әуре болма, — деді. Осы кезде Бурмаазаяамен алғаш танысқаным есіме түсті.
Мен жаңадан жоғарғы мектепті бітіріп, жұмысқа енді ғана тұрғанда сынық және жарақаттар ауруханасында ең алғашқы емдеген ауруым — осы Бурмаазаяа еді. Ол кезде Бурмаазаяа автобус базасында шопыр екен, алақанына трос кіріп кетіпті. Елемей жүріп оны асқындырып, ісіп, іріңдеп, іріңі тамыр мен сіңірге шауып, жоғары шынтағына өрлеп кеткен. Біраз қыйналып, ауру сезімі өзін қатты шаршатып, көп тозақтан өтті. Мен ол кезде арманы енді орындалған, сол жұмысқа әрең қолым жеткен, күш жігерім қайнаған, ой-хой жиырма бестегі жас жігітпін. Жанымды аямай, күніне бірнеше рет жараларын тазалап, орап қасынан шықпай, ерекше ілтипатпен, шамам келгенше емдедім. Бурмаазаяның ойында мен туралы қандай түсінік бар екенін білмеймін. Бірақ маған деген ризашылығының шексіз болғанын артынан талай жолығып, қолынан келген жақсылығын еш аямай, өтініштерімді сөзге келмей орындап жүрген кездерінен білетінмін. Сондықтан сөзімді жерге тастамайтынына сеніп, іздеп барып едім.
Таңертең Бурмазаяа келіп машинасын от алдырайын десе, дым жоқ, от алмайды. Менің машина тұрмақ, жалпы техникадан хабарым жоқ. Не болғанын білмеймін. Маған айтқаны бұл машинаны сүйреп от алдыру керек деді. Ал енді ана ұзын машинаны сүйреп от алдыратын машина іздеп кеттік. Бір кезде көшеде кетіп бара жатқан Зил-130 машинасын тоқтатып, жалынып-жалпайып алып келдік. Бурмааның машинасын көрген жерден ол шопыр басын шайқап, ыршып кетті, мынаны менің машинам сүйремек түгілі орнынанда қозғалта да алмайды деп бас тартты. Біз жата жабысып, күш бермей тағы жалындық.
— Сенбесеңдер өздерің көріңдер, — деп машинаға тросты тағып сүйремекші болып еді, доңғалақтары орнында айланып тұрып алды. Ол айтты :
— Көрдіңдер ғой, айтса түсінбейсіңдер, – деді де кетіп қалды. Енді не істейміз деп тарығып кеттік. Бурмазаяа:
— Бұндай машинаны дәл өзі құсаған машина ғана сүйрей алады. Мен өзім іздеймін, — деп ол кетіп қалды. Оған не болды, қайда кетті, енді одан хабар жоқ біз қалдық…
Түстен кейін 4-5 сағат кезінде Бурмазаяа дәу машина алып келіпті. Сүйреген бетте машинасы дереу дар етіп, от алып кетті. Қуанышымызда шек жоқ, жолға шықтық. Хөвөсгөл деген аймаққа қарай жол тартып келеміз. Жолда Булган деген аймақты басып жүреді екен. Бірінші күні қаладан шамасы жүз шақырымдай жүргенде екі-үш рет доңғалақтары жарылды. Жарылған қабат доңғалақтарды шешіп алып, машинаға артып тоқтамай жүре беріп, сол күні далаға қондық. Үйімізбен көшіп бара жатқан соң көрпе-жастық, жабынтақ жетеді. Машина өзі от алмайтындықтан оны қоятын еңкіш жер іздеп, қараңғы болып кеткендіктен жердің ыңғайы білінбей біраз қаңғырып жүрдік. Егер еңкейіс жерге қоймасақ, енді иен далада сүйрейтін көлік қайдан табамыз?!
Таңертең от алдыру үшін итерейік десек, дәу, ауыр машинаның доңғалақтары бес-алты см-ге топыраққа батып қалыпты, біз оны еш уақытта итеріп, еңкейіске домалатып қозғалта алмайды екенбіз. Егер еңкейіске машинаны домалатып жіберсе, еңкейістен тежегіші ұстамайды. Сонымен доңғалақттардың астының топырағын қазып тазалап, өлдік-талдық дегенде төртеуіміз әрең итеріп, орнынан зорға қозғадық. Шопыр өзі де кабинасын ашып қойып алдыңғы доңғалақтан итеріп, машина қозғала бастағанда секіріп мініп алды. Еңкейіске зымыраған машина от алып болғанша салдыр-гүлдір, шарқ-шұрқ етіп шапқылап кетіп бара жатады. Біз артынан қуып, жүгіріп отырамыз. Машина от алғанмен, ауа жиналғанша тормоз ұстамайтындықтан дереу тоқтамайды. Сондықтан біраз жерге дейін машинаның артынан қууымызға тура келеді. Машинаның шаңы бұрқырап, әрең дегенде бір жерге барып зорға тоқтайды. Жүгіріп келіп жапатармағай отыра қаламыз. Машинаның тежегіші ұстамай еңкіш-дөңкіш жерлерден құлдилап шапқылағанда, үстіндегі шаңын сүрткенге қимайтын сол кездегі ЗИЛ тоңазытқыш, орыстың түрлі түсті телевизоры не болды екен деп ойлағанда, қу дүние-ай деші, маңдайыңнан суық теріңді сыздата қояды . Сөйтіп арада үш-төрт күн өткен де алдына артқан жүкді,машина аямай сілкіп әр жерге тең таратып жиып берді.
Шешем жолға шығарда үнемі дәретпен жүріп, осы дұғаны жол бойы айтып жүріңдер деп қауіп-қатерден сақтайтын дұға жазғызып, жаттатқан еді. Оны бұлжытпай орындап келеміз. Екі монгол дөң, асу кезіккен сайын асу үстіндегі монголдар үйген тасқа /обаға/ тоқтап, жерден басқа тас қосып обаның үстіне тастап, күннің айланысымен үш айланып сиынады. Оны да бірге жасап келеміз. Доңғалақтар жүрген сайын жарыла берді. Үлкен өзеннің жанына келген кезде машинаны тоқтатты да:
— Бұл жерде доңғалақтарымызды жақсылап жамап, жөндеп алмасақ болмайды. Кешеден бері сегіз доңғалақ жарылды, — деді. Осы кезде ойласам, сол доңғалақтарының бәрі ештеңеге жарамайтын, әбден тозығы жеткен, әрең амалдап жүрген доңғалақтар екен ғой. Әлгі жерде бәріміз бір-бір доңғалақтан жамап, көмектесіп, ептеп-септеп жөндеп, салып алдық. Машинаны тағы еңкейіске қойғанбыз. Машина түнімен тұрмаса, бір-екі сағат тұрған жерінен итеріп, оңай домалатып жіберуге болады. Таңертеңгідей емес, машинаны доңғалағынан итеріп жүріп, артынан қуып барып машинаға отырғанды үйреніп алдық. Бұлғын аймағана бағыттап келе жатырмыз. Тағы доңғалақтар жарыла бастады. Күндіз жамаған сегіз доңғалағымыздың үш-төртеуі қайта жарылып қалды. Бурмазаяа:
— Енді жүк аз доңғалақ жамамаймын, — деді. — Не де болса айланбай жүре берейік. Қос доңғалақтарды бір-біріне салып әрбірінде жалғыз доңғалақ қалғанға дейін жүре беремін. Сосын доңғалақ қалмаса, бәрін отырып бірақ жамаймыз, — деп тоқтамастан жүріп отырып Бұлғын аймағына Бурмазаяның танысының үйіне келдік. Сол үйге қонып, жуынып-шайнып, жақсы дем алып алдық. Таңертең тұрып машинаны от алдырайық десек Бурмазаяа келіп:
— Достым, сен не деген бақытты адамсың?! Жолың болғыш жан екенсің! — деді. Түсінбедім де:
— Не туралы айтып тұрсың? — дедім. — Мен ештеңе түсініп тұрғамын жоқ десем, ол:
— Рульдің бекітіп тұратын чайка дей ме, бір механизмі тоқтаған жерімізде шығып кетіпті. Егер еңісте немесе қатты келе жатқанда ол шығып кетсе, мынандай үлкен машина өте қауіпті. Машинаға кіріп доңғалағын бұрайын десем, рулі мүлде істемей қалыпты. Не деген бақыттымыз?! Сенде өте бақытты жігіт екенсің! – деп қарап тұр. Машинаның бұзылған жерін жөндеп, әріқарай ақырындап, алға жылжи бердік. Мен енді сәл қорқайын дедім. Бірақ амал жоқ, жетер жер алыс. Басқа машина жоқ. Сөйтіп Хөвсгөл аймағы қайдасың деп тартып кеттік.
Жайшылықта мән беріп ескере бермейтін амандығымыздың өзі ауыз толтырып айтар шын бақыт екенін осындай қиындықтарды бастан өткерген соң бағалай бастайды екенсің …
Бурмаазаяаның көмекшісі орта жастағы денесі шымыр, тайпақтау келген жігіт. Елпектігі бала сияқты, өте тіл алғыш, қозғалысы ширақ. Өзі де шофер сияқты техника жұмысының ыңғайының бәрін біледі. Оның сыртында Бурмазаядан бұрын жүгіріп жүріп бәрін тастай қылып жасайды. Осылайша талай қиындықты артқа тастап жол сапарымыз қайта жалғасты. Булган аймағынан шыққаннан кейін қайтадан шыт жаңа бір мәселе басталды. Екеу ара күбірлеп сөйлесіп кетті.
— Қызыл жарық жанып қалды, — дейді. Оның не екенін түсінбедім де:
— Қызыл жарық жаңғандарың не? – деп қайыра сұрадым.
— Мотордың майы азайғанда жанатын жарық, — деп олар да қысқа қайырды. Оның мән-жайын сұрасам, тіптен үлкен қауіпті жағдай екен. Олар енді жол тосқан қайыршыға ұқсап алыстан келе жатқан машина көрінсе тоқтай қалады да, көмекші жігіт бір шелекті басынан айландыра бұлғап, келе жатқан машинаның жолын тосып жүгіреді.

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *