Кеншілер өндіріс өрісін кеңейтеді

Мамыр айының соңғы сенбiсi химиктер күнi деп аталады. Адам баласының тұрмысын жеңілдетуге зор үлесін қосып келе жатқан саланың экономикамызға да пайдасы зор. Бұл ретте, Жамбыл облысын еліміздің химия саласын алға сүйреп келе жатқан өңір деп мол сеніммен айтуға болады. Оның ішінде, аймақтағы фосфор өндісі посткеңестік мемлекеттерге танымал.

Аталған пайдалы қазбаны өндіруде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бәсі жоғары. Аталған кәсіпорынның негізін қалаған оқиға алғашқы фосфорит кені 1946 жылы 5 желтоқсан күні өндірілген болатын. Фосфорит кені өндіріле бастағанына міне биыл 74 жыл толады. Бұл күн кәсіпорын күні ретінде тарихта қалды.
Жаңа кен көздерінің ашылуына байланысты ел картасында Қаратау мен Жаңатас қалалары пайда болды. Жетпіс төрт жылдың ішінде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені фосфор өндірісі саласын талап деңгейінде жолға қойып, төрт аяғынан тең тұрып, алыс-жақын шетелдерге танылды. Міне, сол уақыттан бері облысымызда химия өнеркәсібі қанат жая бастады.
Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің тұғыры болып қалыптасты. Фосфор өнімдеріне әлемдік рынокта сұраныстың көбейіп отырғаны компанияның келешекте қазіргіден де көлемді жұмыстар атқаруына тура келетінін білдіреді. Компанияның шығарған өнімдерін Орта Азия мемлекеттері түгел дерлік, Шығыс және Батыс Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығындағы мемлекеттер пайдалануда. Фосфор өнімдерін дайындау мыңдаған адамдардың уақытпен санаспай жұмыс атқарғанының арқасында болатынын біздер жақсы білеміз. Кен орындарын аршып, кен өндіру, оны тасымалдау, ұсақтау, түпкі нәтижеде дайын өнім алу қажырлы еңбекті қажет ететін ұзақ жұмыс жүйесі.
74 жылдық тарихы бар «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлкен үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда кешен ұжымында 1500-ден аса адам еңбек етуде. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Кәсіпорын аудан өміріндегі әртүрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға үнемі атсалысып отырады. Елді-мекендерді көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына да өзіндік үлесін қосып, әр түрлі демеушілік, қайырымдылық шаралардан кеншілер ұжымы сырт қалған емес.
Қазақстан Республикасы бойынша экономикалық дамудың әр саласымен еңбек ететін жүздеген кәсіптердің өз кәсіптік мерекесін тойлайтын күндер Президент жарлығымен арнайы бекітіліп қойылған. Сондай кәсіптік мерекелердің бірі – химия саласында еңбек ететін еңбеккерлердің мерекесі жыл сайын мамыр айының соңғы жексенбісінде атап өту белгіленген.
«Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені еңбеккерлері өз төл мерекелерін өндірістегі лайықты табыстарымен қарсы алды.
Атап айтқанда, тау-кен техникаларын тиімді пайдалану мақсатында электрониканың соңғы жаңалықтарының бірі «GPS» спутниктік желілік қондырғысы орнатылды. «GPS» спутниктік желілік қондырғысы ең алдымен автокөліктегі жанармайдың үнемді және тиімді пайдалануын қадағалайды. Сонымен қатар, рейске шыққан автокөліктің белгіленген маршруттық бағыттан ауытқымауын бақылауда ұстайды. Қондырғы қадағалап, бақылап қана қоймайды, қандай да бір ауытқушылықтар орын алған жағдайда спутниктік желі арқылы кешен басқармасында орналасқан диспетчерлік орталыққа жеткізіліп, монитор арқылы көрсетеді және лезде дабыл қағады. Ал, диспетчерлер тиісті қызметтерге хабарлап дер кезінде шара қолданылады. Жұмысты тиімді ұйымдастыруда қондырғы өз нәтижесін беруде. Қазір бұл жүйе толығымен жолға қойылды.
Елбасының «Қазақстанды цифрландыру» саясатына орай, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің Орталық байыту фабрикасы мен Ұсақтау-сұрыптау фабрикасына технологиялық процестерді басқаруды автоматтандыру жүйесін (АСУТП) енгізу қолға алынды. «АСУТП» толық іске қосылғанда өндірілетін фосфор өнімдерінің өзіндік құнының төмендеуіне, өндірістік қауіпсіздік шараларының жақсаруына ықпал етеді.
Қазір осы жұмыстың алғашқы көрінісі десе болатындай «Micromine» бағдарламасын игеру жұмыстары да кеңінен жүргізілуде. «Micromine» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға күнделікті мән беріліп қадағаланып отыр.
«Micromine» бұл геологиялық барлау мен үш өлшемді (3D) модельдеуден бастап тау-кен өндірісін бақылау, деректерді жоспарлау мен басқаруға дейін өндірістік циклді толығымен қамтитын кен алу өнеркәсібі үшін кешенді шешім болып табылады.
Соңғы 2-3 жылдың көлемінде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты нысандарда пайдаланылатын тау-кен өндірісі техникаларын жаңартуда, жаңа технологияларды пайдалануда бірқатар жұмыстар атқарылғанын мерейлі мереке қарсаңында мақтанышпен айта аламын. Атап айтқанда 2018 жылы Б-75131 маркалы 3 дана БелАЗ, 1 дана ЭКГ-10 маркалы экскаватор сатып алынса, былтырғы жылы ауыр жүк таситын 130 тонналық осындай маркалы 6 БелАЗ, 3 экскаватор, 2 бұрғылау қондырғысы, 1 дана Т-20 шой тастарды бұрғылау қондырғысы, 1 дана ТК-3501 маркалы бульдозер, Б-7547 су тасып-шашатын БелАЗ, 1 дана жүк тиегіш техника және электр желілерінің опораларын таситын арнайы техника сатып алынып өндіріске пайдалануда. Жаңа техникалармен толыққан өндірістің жұмысы одан сайын жанданып, қарқын алды.
Әлемдік бәсекенің алдында жүріп, Қазақ елінің химия саласына терін төгіп, ерен еңбегін сіңіріп жүрген барша химиктер қауымына, жеміті еңбек, дендеріне саулық, ұрпақ игілігіне жасап жатқан жұмыстарына табыс тілеймін!

Мұратқали Сәрсенов,
«Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *