Монғол досым, Қазақ үшін басыңды неге қатерге тіктің?!

Болған оқиғаларды еш өңдемей/өңдей алмаймын да әдебиеттен алыспын/ бояусыз жіктегенімді қабыл алыңыз.Сіздер менен үнемі Монголдар туралы сұрайсыздар. Мен көрген Монголдар осындай…
1992-жылдың жазы. Улаан-баатар қаласындамыз. Монгол елінің экономикасы тұралап,екбетінен жатқан кез. Ішіп-жемді адам саны бойынша арнайы картамен береді дегені болмаса, қарын тоқ, уайым жоқ, жайма шуақ уақыт. Ол кезде қазақтар тұрақтанған Баян-Өлгий аймағында қойдың терісі де, бүтін еті де бес жүз сом болды. Неге десеңіз, дәл осы тұста Монголия қазақтарының алды-артына қарамай, қайтсем атамекенге жетем, қайтсем тез көшем деп жанталасып жатқан уақыты болатын. Осы көштің басталғанына да екі жыл толып қалған. Қазақтардың бәрі жапатармағай Қазақ еліне көшкенде көшетіндердің мал-мүлкін сатып алатын адам табылмай, соның кесірінен елдің жылдар бойы жиғанының құны болмай, барлығы арзандап қалды.
Осы кезде әкем мені Түнхэлге келіп кетсін, ақылдасатын шаруа бар деп сәлем айтып, арнайы шақырыпты. Түнхэл — Монголияның астанасы Улаанбаатардан жүз елу шақырым, Баян-Өлгийден 1500 шақырым алыста орналасқан ауыл. Ол кісі жайшылықта маңайын мазаламайтын адам болған соң, көпке созбай құстай ұшып жеттім. Әкем — біздің туыстардың ғана басы емес, сол ауылдың барлық қазақтары құрмет тұтатын діндар қария еді. Мен барған соң:
— Менің баурым Мәуледен, үлкен ағаң Өнерхан бастағандар маған келіп ақыл сұрап, Қазақ еліне көшейік пе, жоқ па? Көшсек, қашан көшеміз деп жатыр. Олар тек менің аузыма қарап отыр, сіз қалай айтсаңыз солай шешеміз деседі. Мен жуықта осы көші-қон мәселесін ақылдасып Қайролға сөйлестім, — деді. Қайрол — әкемнің өкіл бауыры, нейрохирург, мықты дәрігер, Монгол мемлекетінің еңбек батыры, мемлекет сыйлығының иегері, халық дәргері деген атақтарынан ат үркетіндей кісі еді. Қайрол аға айтыпды:
— Орайы келіп тұрғанда барлықтарыңыздың Қазақстанға көшкендеріңіз дұрыс. Тек Бураханды осында қалдырыңыздар. Оған обал болады. Өз мамандығын игеріп, ойлаған арманына жетуге жалғыз аттам ғана кем тұр, — депді. Соған бола өзіңмен ақылдасайын деп әдейі шақырдым. Оның үстіне сен кенже ұлымсың, қарашаңырақтың иесісің ғой, бұл турасында не ойлайсың? Туыстардан бұрын саған билік беріп отырмын, сен не десең, солай шешім қабылдаймын, — деді. Қаймана қазақтың атамекенге тартқан ұлы көшінен қалмай, елмен бірге Қазақстанға көшу мәселесі онсыз да көкейімде жүрген. Бұл — тек менің емес, Монголиядағы бар қазақтың жүрегі жарылып қуанған, көңілін күпті еткен үлкен мәселе еді…
Өткен жылы Қазақ елі тәуелсіздік алады дегенді естіп, қайын ағам Көбеш екеуіміз бір ай ешқайда бармай, жақсы хабарды тағатсыздана күтіп, жұмысқа да шықпай үйде жаттық. Ол кезде таңғы жеті мен кешкі жетіде Германиядан «Азаттық» радиосы хабар тарататын. Радио толқындары Гермениядан Монголияға өте әлсіз жететіндіктен, хабардың дыбысы тым нашар. Сондықтан сырттан еш дыбыс естілмейтін бөлмеде көрпенің астына кіріп, радионы құлаққа тақап қойып, жастанып жатсаң да, оның кейбір сөзі естіліп, кейбірі естілмей қалады. Сөйтіп жүргенде ақыры күткен күніміз де жетіп, Қазақ елінің тәуелсіздік алғаны туралы хабарды радиодан ең алдымен мен естідім. Айғайлап атып тұрып, айналамдағылардың бәріне хабарладым. Барлығымыз құшақтаса құттықтасып, қуаныштан жылап, мәре-сәре болдық. А, Құдай, ақсарбас, ақсарбас деп айғайласып жүргенде қайын ағамнан сүйінші сұрауды да ұмытпай, соғымға соятын бір биелі де болдым.
Айтса адам нанғысыз жағдайлар көп қой. Бірақ атамекеннен сыртта жүрген қазақтың елге деген сағынышы ерекше. Тіпті, Қазақ еліне қатысты қуанышты жаңалықтарды былай қойғанда, жай ғана бір әннің өзі онсыз да жүрегі алып ұшып, сағынышқа толып тұрған қазақтың көңілін нілдей бұзып, көз жасын көл ететін. Мәселен, ол кезде Москвадан Мақпалдың концертін жазған касетаны алып келіп, Монголияның қазақтарына тыңдатқанда, жиылған қазақтар әр ән сайын жылап, шерменде шер көкірек қазақтың бар сағынышы, арманы қопарылып кететін еді. Бұл — ата жұрттан қатынас пен туыстықтың тамыры үзілгендіктен бауыры беріш болған ағайынға, өз ұлтына деген сағыныштан, қазақ даласына деген ынтызарлықтан еді…
Бірақ мен үшін әкемнің бұл әрекеті әнтек асығыстау сезілді… Десе де, ата-баба аманатына қиянат жасап, қара басым үшін туыстарымның бағын байлап, көшуіне тосқауыл қоя алмаймын ғой… Сонымен не керек, бәрін айт та, бірін айт, Қазақстанға дереу көшкеніміз дұрыс екен деп шештік те, Түнхэлден әке-шешем, туыстарым жиырма жыл мекендеген, табиғатына көз тоймас ауылдан темір жол арқылы Қазақ еліне аттанып, арман болған атамекенге көшетін болып келістік. Әке-шешем, туғандарым мені артынан көшіп келеді деп ойлап, өздері кете беретін болды. Ондағы ойым, туыстарым ештеңеге қарамай тез көшсе, мен бір неше жыл Монголиядан көшпей қала тұрып, оқыған мамандығым бойынша жұмысымның кем-кетігін толтырмақпын. Оның үстіне жасап жатқан ғылыми жұмысым да мемлекет тарапынан бекітіліп, қажетті қаражатына дейін бөлініп қойған еді. Осы жолы Түнхэлден Улаан-баатар қаласына келе сала денсаулық министрі Бямба деген кісіге жолықтым,бұрын да таныс едік. Сөзді көп созбай, былай бастадым:
— Министр мырза, Монголдың ақсақ балаларын емдеуге менің керегім бар ма, жоқ па? Егер керегің жоқ десеңіз, барлық қазақтар Қазақстанға көшіп жатыр, онда мен де кете берейін. Керексің десеңіз, онда ақсақ балаларды емдеу мәселесін түбегейлі шешуге, барлық ойымды айтуға келіп тұрмын, — дедім. Министр Бямбаның түрі бұзылып:
— Бурахан, осы сен неге үнемі осылай өркөкіректеніп, мақтанып, асып-тасып сөйлеп жүресің? Сенің алдыңда мен — министр отырмын, адамдармен байыппен сөйлеуді неге үйренбейсің? Саған не керек өзі, соны айтшы? — деді. Мақсатым ойымды іске асыру екенін айта келе, барлық талап-тілектерімді де айтып салдым. Министр тыңдап болған соң:
— Жасайтын жұмыстарыңның жоспары жазып алып кел. Сені денсаулық министрінің коллегиялық жиналысына кіргізіп, өзің жұмыс істеген аурухананың бір бөлімін саған алып беремін. Сен Монголияда алғашқы арендалық аурухананы орнатасың. Сосын коллегиялық жиында менен басқа да көп кісілер отырады, құтырмай байыппен сөйлеп, Улаанбаатар қаласы көлемінде кез келген аурухананың бір бөлімшесін босатып берсеңіздер деп өтініш айтып, мәдениет сақтап, сыпайылық көрсетіп,үндемей тұр. Қалғанын жаңа айтқанымдай, өзім жасаймын, бар енді, — деді. Әрине, қуанғанда аяғым жерге тимей, екі өкпемді қолыма ұстап ұшып-қонып үйге жеттім. Барлық арманым орындалатын болды.
Министрге жолыққан соң көп ұзамай, түн ішінде уақсыз уақта қашаның есігін біреу қатты қағып ұрды. Түн ғой тастай қараңғы, есікті ашсам екі жыл жолықпаған мұғалімім Дэмид тұр. Ол — ортопедия ғылымының докторы, дисертациясын Москвада қорғаған мықты дәрігер, Мединституттың ортопедия кафедрасының бастығы, әрі біздің клиникалық аурухананың консултанты. Онымен қоймай, министрліктің осы мамандық бойынша негізгі кеңесшісі. Ортопедия-травматология мамандығы бойынша Монголияда бұл кісіден биік лауазымды ешкім жоқ. Дэмид мұғалім — мен үшін, ең әуелі аяғыма теріс диагноз қойып, тәжірибе ретінде операция жасап, мені ақсақ болдырған, сонымен қатар қолымды аузыма жеткізіп, маман етіп тәрбиелеген, әкемнен кейінгі ардақты адам. Мұғалімім сәл аздап ішіп, қызып алыпты. Кіріп келген жерден:
— Сен Қазақстанға көшкелі жатырсың ба? — деп сұрады.
— Жоқ көшпеймін, — дедім.
— Қазақтардың бәрі көшіп жатыр деп естідім, сол үшін саған келдім.
— Мен көшпеймін, бірақ әке-шешем, туыстарым, бәрі көшкелі жатыр.
— Қазақстанға көшпейтін болсаң, онда сөйлесейік, — деп әңгімесін бастады.
— Сен мені, мұғаліміңді кешір, бұрын саған аздап іштарлық жасаппын, оны мойындаймын, енді олай жасамаймын. Сен бүгіннен бастап, біздің мамандықта менен оздың. Сенсіз жұмыс жасай алмаймын. Сен екі жыл менен бөлек жұмыс жасадың, байысаң байып, байымасаң құрып болатындай уақытың болды. Енді менімен бірге бол, көп болса үш-төрт ақ жыл істеймін, орныма сені қоймағанда кімді қоямын? Сенің монголдың барлық ақсақ баласын емдегенде тапқан ақшаң саған жете ме, жетпей ме? – деп төтесінен бір-ақ тартты. Мен негізінде мұғалімді өте қатты құрметтеймін,әуелі қорқамын, алдынан кесе көлденең өтіп көрген жоқпын. Сол себепті ағымнан жарылып, құрметімді білдіріп, министрмен кезігіп, сөйлескенім туралы бәрін айтып едім, Қазақстанға көшпейтініме анық сенгендей болды. Ардақ екеуімізді дедектетіп үйден ертіп шығып, үйіне апарып қонақ қылды. Үйіне кірген жерден әйелін шақырып:
— Әлгі қазақ шәкіртің Қазақстанға көшкелі жатыр дегенің қайда? Өзің сұра? — деп, менің көшпеймін деген ауыз екі дәлелімді әйеліне естіртіп: — енді дастарханыңды жай, — деді. Түні бойы Монголияда ортопедия саласын қалай өркендетуді ақылдасып, таң атқанша талай әңгіме айтып, ұзақ отырдық. Сонымен не керек, ақыры мамандығымыз бойынша ары қарайғы жасайтын жұмыстың барлық жоспарын мұғалім өзі дайындайтын болды, министрге бірге баратын болдық. Ол кезде мен Улаан-баатар қаласындағы бір қиыр — Цагаан даваа деген, қаланың шетіндегі қазақтар көбірек шоғырланған ауданда өмір сүретін едім. Мұғалім келіп кеткенен кейін, екі-үш күн өткенде ойда жоқта, түн ортасында біздің қашаның қақпасын тағы біреулер қатты ұрып қаға бастады. Қатты ұйқыда жатсам керек, шошып ояндым. Қақпаны ұрып жатқанына қарағанда, ішке кірмекші болып ұрып жатқан адамға ұқсамайды. Кәдімгідей, қақпаны сындырардай болып өте қатты ұрады. Шошып оянғандықтан жүрегім дүрсілдеп аузыма тығылып болмаған соң өзімді біраз тыныштандырып артын күттім. Шыдамы таусылды ма, шыға қоймадың дегендей есікті одан бетер төпеледі. Есімді жиып, есікті барып ашсам, қарсы алдымда әкем тұр.
— Біз көшіп келдік, қабылдайсың ба? — дейді әкем. Жасы жетпістен асқан кезі. Әкем мен шешем Түнхэлде Есенкелді деген үлкен немересі мен немере келінімен бірге тұратын. Түнхэлдегі барлық туыстар Қазақстанға көшуге, буынып-түйініп дайын отырған кез. Әкем болса машинаға жүгін артып алыпты. Кабинада шешем де отыр. Түсінсем бұйырмасын. Әлгі, әкемнің барлық туысымен бірге, Қазақстанға поездбен көшкелі жатқаны қайда?!… Қалайша суыт жетіп келді?… Таңданысымда шек жоқ, миым жетпейді. Ұқпаймын… Аяқ астынан бұл қалай? Неге бұлай кенет көшіп келді? Дарбазаны ашып, машинаны кіргізіп, жүкті түсірдік. Шайға жайғасып отырғаннан кейін әкем не болғанын айта бастады:
— Әлгі Өнерхан өзінің баласын Есенкелдіні келінімен қоса алып алды. Кеше кешке Өнерханды шақырып ұлыңды алып алдың, енді Қазақстанға көшсек біз кемпіріміз екеуіміз қайтеміз? Ол жақта бізге үй бар ма? Десем, білмеймін дейді. Онда мен саған неменеге ерем?!. Ата салтымыз бойынша ерте бастан кенже ұлымды тауып алайын деп шешіп, түнделетіп Шамерханды шақырып, машинасына үйді артып, міне, жетіп келдік, — дейді. Негізі Шамерхан да әкемнің баласы, оның тарихы былай: «Шәмәтан ағамның алты айлық кезінде әке-шешесінің айрылысып жатқанын әкем естіп, бауыры Мәуледеннің (Мәледен, кіші ағам, ол кезде үйінде болмаған. Бес жылға әскерге тартылып кеткен кезі екен) үйіне ақ қар, көк мұзда атпен қырық-елу шақырым жерге барса, расымен келіні төркініне көшкелі буынып-түйініп дайын отырыпты. Әкем егер ажырасатын болсаңдар баланы маған бер десе, келіні құптай сөйлеп, балам жетім болмай, өз туысының ортасында, бөтеннен қағажу көрмей өскенін менде қалар едім деп, қимай-қимай, жылай-жылай, баланы әкемнің қойнына салып беріпті. Шәмәтән ағаммен жасты Өнерхан ағам екеуі шешемнің екі емшегін еміп, телі қозыдай тең өскен деседі…

(жалғасы бар)

Бурахан Сағидан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *