Әкімдер сенімді «серіктерімен» қош айтысады

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың шатақ мінезін жамбылдық шенділер жон терісімен сезінуде. Алғашқыда момындай көрінген оны аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың есепті жиынында базбіреулер мақтап, көкке көтерген болатын. Мұндай мадаққа Ержан Жұматұлы байсалды қарап, ілтипат көрсеткен. Алайда негізгі міндеті межеленіп, салаларды саралап алғаннан кейін Жылқыбаев қол астындағы қызметкерлерін ұршыққа иіруде.

Ең алдымен Ержан Жұматұлы Меркі аудандық ауруханада шыққан шудан кейін тексеру тобын бастап барып, бір күнде бас дәрігерден бастап, есепшіге дейін қызметінен босатып жіберді. Осылайша ол жаза басқандардың ешкім басынан сыйпамайтынын анық аңғартты. Енді жуырда облыс әкімдігінде өткен жиында Жылқыбаев тағы өзіне қарасты сала мамандарын қырып салды.
Басқосуда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың есепті кезеңде атқарған жұмысы тыңдалып, күн тәртібіне кадр тапшылығы көтерілді. Басқарма басшысының айтуынша қазіргі таңда өңірде 350 дәрігер жетіспейді екен. Ал мамандардың елді мекендерге бармауы жергілікті биліктің қолдауының аздығынан көрінеді.
Оған дәлел, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында жергілікті бюджет есебінен бірде-бір маманға әлеуметтік көмек жасалмаған. Тек Жамбыл ауданы ғана өздеріне қызметке келген жас дәрігерлердің баспана мәселелесін шешіп берген. Мұндай ақпарды естіген Ержан Жұматұлы аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларынан жеке-жеке жауап алды. Шенділер әккі әдетіне салып, әртүрлі сылтауды алға тартқанымен облыс әкімінің орынбасары «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ғана иек артпай, сұраныстағы мамандарға әлеуметтік қолдау тетіктерін табуды шегелеп тұрып тапсырды.
Келесі кезекте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова сөз алып, Байзақ, Жамбыл, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту кенжелеп тұрғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Байзақ пен Т.Рысқұлов аудандарындағы мектептер кеңестік кезеңдегі кескіннен көз ашпай, заманауи жабдықтау көрмей отыр екен. Бұл мәселеде де Ержан Жылқыбаев әр сөзіне зіл салып, олқылықтың орнын толтыруды жүктеді. Сондай-ақ қала мен аудандардағы мектеп дәретханасы мәселесін де тиянақты шешуді тапсырды.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы қаржыландырылып, Тараз қаласы мен Байзақ пен Қордай аудандарында құрылысы жүріп жатқан спорт алаңдарынан жауапты орынбасарлар мүлде хабарсыз екені Жылқыбаевтың ашуын тудырды. Облыс әкімінің орынбасары аталған нысандарды ерекше назарға алуды мамандарға міндеттеді.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ескі де, жаңа басшысы Жорабек Баубеков болса, Байзақ, Сарысу және Шу аудандарында аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету сылбыр жүріп жатқанын баяндады. Бұған да жіті көңіл аударған Жылқыбаев аудан әкімдерінің орынбасарларынан түсініктеме алып, ал 42500 теңгеге табысынан айырылмай өтінім бергендердің мәселесі майшаммен қаралатындығын ескертті. Оның сөзіне сүйенсек, аталған әлеуметтік төлемді алуға медицина саласының мамандары көп өтініш берген көрінеді.
Басқосуда коронавирус індетінің алдын алу бағытындағы жұмыстар да талқыланды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, аудан әкімдерінің дені атқарып жатқан жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға құлық танытпайды екен. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің рейтингі енді ақпараттық саясаттағы әлеуетіне қарай бағаланатын жеткізді. Сондай-ақ жуырда Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары арасында ротациялық жүйе енгізілетіндігін құлағдар етті.
Осылайша сынның астында қалған қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары мақұлмен құтылғандай болды. Алайда ротациялық жүйені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қолдап отырғандықтан, іске асатыны даусыз болып тұр. Ендеше орынбасарларға жылы орнын босатып, жүктерін түйе берсе болатындай. Ал қала мен аудан әкімдеріне сенімді «серіктерінен» айырылатындықтары жандарына батып тұрған шығар…

С. Жапарұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *