Шаруаларды қандай мәселе толғандырады?

– Біз кәсіпорын басшылығымен кездестік. Қызылша өсірушілер алдындағы берешекті кесте бойынша өтеу бойынша келісім жүргіздік.
Егер зауыт басшылығы өз уәдесін орындамаса, қатаң шаралар қолданатын боламыз. Агрономдар қайта тәтті түбір егу жұмыстарын жүргізу үшін, берешек қаражатының бір бөлігі келесі айда қайтарылады деп жоспарлануда, – деді Сапарбаев.
Меркі қант зауытының бақылау кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбеков фермерлер алдындағы қарыздарды толығымен өтелетінін жеткізді.
– Қазақстанда қант бағасының күрт төмендеуіне байланысты бізде де күрделі қаржылық жағдай қалыптасып, облыс диқандары алдында қарыз болып қалдық. Облыс әкімімен кездесуде берешекті кезең-кезеңімен өтеу жөнінде шешім қабылданды. Қарыздың бірінші жартысы келесі айда өтелетін болады, қалғаны сәуір айының алғашқы екі аптасында төленеді, – деді ол.
Оның айтуынша, аграршылар алдындағы жалпы қарыз 918 миллион теңгені құрайды.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өзекті мәселелерін жедел шешілуіне ықпал еткені үшін өңір басшысына алғыстарын білдірді.
– Бүгінде біздің ортақ үлкен мәселеміз – қант зауыты тарапынан қарыздардың төленбеуі. Облыс басшысы біздің мәселені шешіп берді. Өңірдің қызылша өсіретін диқандары бұл шешімге ризамыз, алдағы уақытта қант қызылшасы саласын дамытуды, кеңейтуді жалғастыратын боламыз. Биыл мен 300 гектарға қант қызылшасын отырғызуды жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта кәсіпорындар бұл секілді келеңсіздіктерге жол бермейді деп үміттенеміз, – деді «Аспан Агро» ШҚ басшысы Саха Манатов.
Жиын барысында аймақ басшысы өзге де шаруа қожалықтарының мәселелеріне құлақ түрді. Атап айтқанда, кездесуде ҚР Еңбек Ері, «Шаушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев мал шаруашылығын дамытудағы мәселелерді көтерді. Ол алдымен кадр тапшылығын алға тартып, бүгінде қожалықта 120 жұмысшының орны бос тұрғанын жеткізді. Онда қызметкерлерге жақсы жалақы төленіп, тегін тамақпен қамтамасыз етілсе де, мамандар бір жылдан артық тұрақтамауда. Әсіресе, механизаторлардың жиі ауысуы техниканың тез тозуына әкеп соғуда.
Сондай-ақ, саладағы өзекті мәселелердің қатарында ахуалды іс жүзінде дұрыс бағамдай алмайтын ауыл әкімдерінің әлсіз жұмысы, жердің жетіспеушілігі, техника құнының қымбаттығы да бар. Айталық, бір комбайнның құны 85 миллион теңге десек, ол шығынды ақтау үшін басқа орындарда да жұмыс істеуге тура келеді. Сонымен қатар, өнімді өткізудегі қиындықтар да өз алдына бөлек мәселе. Бүгінгі таңда қайта өндеушілер шаруаларға 500 миллион теңгеге жуық қарыз.
С.Дөненбаев шаруалар тек ауыл шаруашылығына шоғырлануы үшін дайын кеңселер жүйесін қайта құруды ұсынды.
Басқосуда «Түрікпен» агрофирмасының басшысы Бауыржан Әбілдаев Шу ауданының билігіне қатысты шағымын білдірді. Онда 2018 жылғы қазандағы конкурс бойынша жеңіп алған жерге мемлекеттік акті берілмеген болып шыққан. Кейіннен иесі белгілі жерге де конкурс ойнатылғаны анықталған. Енді әкімдік дұрыс емес мәліметтерді ұсынған жер қатынастары басқармасына айыппұл салмақ. Бердібек Сапарбаев заң бойынша шаралар қолданып, кінәлілерді жазалауды тапсырып, инвестордың тиісті жерге қол жеткізуін қамтамасыз ету керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС директоры Әбдібек Пошкаев «Тараз» ӘКК-нен құны 500 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтарды сатып алуға қол ұшын беруді сұрады.
Ал, Меркі ет комбинаты басшысы Берік Егембердиевтің айтуынша, кәсіпорын өнім көлемін бес есеге дейін арттыруға дайын, бірақ ол үшін 40-50 мың басқа арналған бордақылау алаңдары желісін құру қажет екен. Бұл орайдағы мәселе – көлемді алқаптарды иеленіп алып, не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермейтіндерге қатысты болып отыр.
«Қызылша» ЖШС-і голландиялық инвесторлармен бірлесе отырып 500 миллион еуроға ирригациялық желілерін жүргізіп, Шу ауданында қант қызылшасын және картоп фриін өндіретін зауыттар құрылысын бастауға дайын. Ол үшін «Тасөткел» магистральды каналының бойынан 5 мың гектар жер қажетм екен. Сондай-ақ, серіктестік Белбасар ауылында 22 қойма, Шу қаласында вахталық кент салуды жоспарлап отыр.
– Басты мәселе – жердің жетіспеушілігі болып отыр. Біз бұл тұрғыда жерлерді барынша тиімді пайдалану мақсатында толық тексерулер жүргіземіз. Еңбек өнімділігіне, жаңа технологияларды енгізуге, сапалы тұқым мен заманауи техниканы сатып алуға ерекше назар аудару қажет. Тағы бір көңіл бөлетін жайт – шаруалықтардың ұсақталып кетуі. Мен үздік агроқұрылымдар тәжірибесін бөлісу мақсатында арнайы семинарлар өткізу, кеңселер жүйесін құру жөніндегі ұсыныстарды қолдаймын. Колледждер кадрларды тек сіздердің сұраныстарыңыз бойынша дайындауы керек. Басты міндет – импортты төмендету және өңіріміз өзін-өзі азық — түлікпен қамтамасыз етуге барынша қол жеткізу, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *