Мал баққанға бітеді

Дәл қазіргі уақыт мал бағып, шаруаның жайын күйттеген ағайын үшін өте жауапты кезең. Қатал қыстан төрт түлікті шығынсыз аман алып шығу міндеті шаруалардың алдында тұр. Біз осы ретте Жуалы ауданы Қызыларық ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі – «Әлинұр» шаруа қожалығына барып, қызу тіршілікке куә болып қайтқан едік.

Аталған шаруа қожалық 2015 жылы құрылған. Иелігіндегі 1000 гектарға жуық жер жайылым, шабындық, егістік алқабы болып саналады. Бүгінде егістік жерге арпа, көпжылдық шөп, оның ішінде жоңышқа егіледі. Тиісінше, одан алынатын өнім көлемі де жыл сайын арттырылып отырады.
«Әлинұр» шаруа қожалығы негізінен, сүт және ет бағытында өнімді жұмыс жасап жатыр. Сауын сиырдың басы 20-ға жуық болса, Шопан ата төлінің ұзын саны 500-ге жетеді. Сауылған сүт тиісінше, күнделікті аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на өткерілсе, жылқы, сиыр және қой еті аудандағы сауда орындарында қолжетімді бағамен сатылуда. Сонымен қатар, «Меркі-ет комбинаты» ЖШС-на бордақы малдардың еті тұрақты өткізіліп отырады.
Шаруашылық барлық қажетті техникалармен жабдықталған. МТЗ маркалы тракторы, жүк машинасы және өзге де қосымша агрегаттар бар. Шөп жинау, мал төлдету, қой қырқыны сияқты науқандық жұмыстардың уақтысында қосымша жұмысшылар көмекке келеді. Осы орайда шаруашылықтың үш адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтып отырғанын айта кеткен жөн сияқты.
– Осында келіп, жұмыс істеп жатқаныма екі жылдан асып барады. Менің міндетім – күнделікті сиыр сауу. 20 басқа дейін сауынды сиырларды сауған кезім болды. Қазір 11 бұзаулы сиырды сауып жатырмын. Қалғандары кезегімен бұзаулап жатыр. Сүтті күнделікті зауытқа алып кетеді. Шаруашылық басшылары барлық қажетті жағдайларды жасап отыр. Азық-түлігіміз, отын-суымыздың бәрі бар. Жалақымды да уақтысында алып тұрамын,- дейді шаруа қожалықтың сауыншысы Бақыткүл Оразбайқызы.
Біз әңгімелеп отырған «Әлинұр» шаруа қожалығының басшысы, ауданға белгілі азамат Әбен Жұмашев Қарасаз ауылының түлегі. Тұрғындарының саны жағынан болсын, кәсіпкерлік пен шаруашылық салалары жағынан болсын даму мен өсу қарқыны бар, сонымен қатар, аудандағы үлкен елдімекен саналатын Қарасаз ауылында қазіргі заманға сай жаңа мешіттің жоқтығы кәсіпкер Әбен Шерелханұлының да қабырғасына қатты бататын. Ол ауыл қарияларының өтінішімен 2018 жылы Қарасаз ауылына Алла үйін салып берген болатын. Қазіргі таңда бұл мешітте ауыл тұрғындары бес уақыт намазын өтеп, сонымен қатар, Жұма намазы, құдайы тамақ, қайырымдылық сияқты игі істер жиі-жиі өткізіліп отырады. Бұл да асыл дінге, руханиятқа жанашырлық танытқан, қайырымдылық жасауға жаны құмар «Атымтай жомарт» азаматтың ғана қолынан келетін игілікті де сауапты іс.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деп қара қылды қақ жарып, әділдігімен аты тарихта қалған Әйтеке би бабамыз айтқандай, кәсіпкер азамат Әбен Шерелханұлы жоқ-жітікке үнемі қарайласып отырады. Оған жылына бірнеше мәрте тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы көмекке мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде қайырымдылық жасап келе жатқаны дәлел. Қайырымдылық – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Отбасындағы балаларының бойына осындай асыл қасиеттерді сіңіріп, халықтық қағидалармен тәрбиелеп келе жатқаны кім-кімді де сүйсінтпей қоймайды.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, ақылдасып-кеңесе отырып атқарған жүйелі жұмыстардың жақсы нәтиже беретіні анық. Осы ретте «Әлинұр» шаруа қожалығының мүшелері аянбай жұмыс жасап, алдағы уақытта асыл тұқымды малдың басын көбейтуді көздеп отырғаны құптарлық жағдай.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *